Кейкінің бассүйегі қалпына келтіріледі
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы (ОММ) Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінің қолғабысымен Будапешт қаласына Кейкі батырдың бассүйегін жеткізді. Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайында ОММ-ның директоры Нұрсан Әлімбай Кейкі батырдың ДНҚ анализін жасау және оның бет-бейнесін қалпына келтіру үшін Бас директор Золтан Коршошқа бассүйекті табыс етті.
Реконструкциялық жұмыстармен мұражайдың антропологиялық бөлімінің басқарушысы Агнеш Куштар айналысады.
Кездесу шеңберінде Н. Әлімбай Кейкі батырдың бассүйегі 93 жылдан кейін туған еліне қайтарылып, оның бет бейнесін қалпына келтіруі барша Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиға болып саналатындығын атап өтті.
З.Коршош көрсетілген құрмет үшін қазақ тарапына алғысын білдіріп, мажарлық мамандар заманауи технологияларды пайдалана отырып, жұмысты сапалы орындайтындығына сендірді.
Биыл Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайы 214 жылдығын тойлайды. Оның ішінде 10 млн-нан астам экспонат сақталуда. Сонымен бірге, мұражайдың антропологиялық бөлімі 70-ке жуық бет-бейнені қалпына келтіру жұмысын өткізді, оның ішінде Әбілқайыр ханның бет-бейнесі де бар.
Мажарлық антропологтар Кейкі батырдың бет-бейнесін қалпына келтіру жұмыстарын 2016 жылдың желтоқсанына дейін бітіруді жоспарлауда.