Әріптесіміз – әлемдік компания
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аймаққа инвестиция тарту мәселелері жөнінде маңызды жиын өткізді. Қытай халық республикасының НКС Corporation Limited компаниясының жетекшілеріне облыстың инвестициялық тартымдылығы және инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.



– Бұл Қазақстандағы біз инвестиция салғалы отырған алғашқы өңір. Қостанайға таңдау жасаудың себебі – Ресей Федерациясымен іргелес, кедендік одақтың мүмкіндіктері есепке алынып отыр, ТМД нарығына шығуға да қолайлы, – дейді НКС Corporation Limited компаниясының вице-президенті Ли Джин. – Жоспарымыз бойынша, зауыттың жылдық сауда көлемі 400 млн доллардай болады деп күтіледі.

Инвесторлар нақты шешімге келіп, облыс басшылығымен әріптес ретінде қол алысуға екі ай мерзім белгілегендерін айтып өтті. Ал әзірге меймандарға Қостанай облысы жайында жан-жақты ақпарат берілді. Географиялық, әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз және Индустриялық аймақтың жұмысы, таяу келешекке құрылған ауқымды жоспарлар таныстырылды.



Аймақ басшысы қытайлық компания жетекшілеріне өзара әріптестік орнатуға қашанда дайын екендігін жеткізді. Ал меймандар, бәрі жоспардағыдай болса, келер жылы-ақ зауытты іске қосуға ықылас танытып отыр. Тек зауыт құрылысын қай тарап міндетіне алатынын компания өз ішінде кеңеспек, бұл жұмыстар бірлескен түрде жүзеге асуы да әбден мүмкін.
Айта кетейік, қытайлық компания басшылығын облыс әкімінің орынбасары М.И. Мырзалиев бастаған делегация 16-21 шілдеде Пекин қаласына жасаған іссапары барысында Қостанайға шақырған болатын.

Анықтама үшін: Әйгілі НКС компаниясы 1997 жылы құрылған. Әуел баста компьютер мониторларын өндірумен айналысты. Озық технологияны қолдану арқылы Қытай нарығындағы дисплей өндіретін жетекші компанияға айналды. 2003 жылдан бастап, 1-ден 60 дюймге дейінгі сұйық кристалды дисплейлер, мониторлар, теледидарлар өндірісінің толық спектрін орнатты.
2006 жылы НКС саудасының жалпы көлемі 500 млн АҚШ долларына дейін өсіп, экспорты 40% ұлғайды. 2007 жылы НКС Шэнчженде жаңа индустриялық парк құрылысын бастады және Ресей мен Үндістанда филиалдарын құрды. Компания бүкіл әлем бойынша көптеген клиентпен ұзақ мерзімді және стратегиялық қатынас орнатты.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев