Жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілмек

            Қостанай облысы кәсіпкерлері  мен Мемлекеттік қызмет  істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе күрес жүргізу туралы келісімге отырды. Өңірлік бизнестің дамуына оң ықпал ететін құжат Қостанайда өткен инвесторлар съезінде қабылданды. Жиын барысында департамент басшысы Салауат Мүксімов өңірде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар келеңсіз жайттарға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуға бюджеттен бөлінетін миллиондаған қаржыны жыл сайын санаулы фирмалар ғана ұтып ала береді. Сондықтан байқауға қатысушыларды алалаушылықтың алдын алу үшін қосымша құқықтық ұйымдастыру тетіктерін іске қосу қажет.IMG_9893
Жиында сыбайлас жемқорлық дендеген бірқатар салалар аталды. Экономикалық зерттеу институты жүргізген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындысы сыбайлас жемқорлық жайлап алған мемлекеттік органдардың алдыңғы шебінде кеден қызметі тұрғандығын көрсеткен. Одан кейінгі орында санитарлық-эпидемиология қызметі тұр. Ауыл шаруашылығы саласы да бұлардан қалыспайды. Институт мамандары жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің 40%-і бизнестің дамуына сыбайлас жемқорлық  кедергі келтіріп отыр деп есептейді. Өкінішке орай, сауалнамаға жауап берушілердің 15%-і жемқорлық бизнестің дамуына көмектеседі деп санайды екен. «Қоғамды мұндай түсініктен түбегейлі тазарту аса маңызды. Біздің бүгінгі келісімнің басты мақсаты да осы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бизнес өкілдерінің адал жұмысы, ашықтығы мен белсенділігі артқанда ғана нәтижелі болмақ» – деді  Салауат Мүксімов.IMG_9843
            Облыстық кәсіпкерлерді қолдау палатасының басшысы міндетін атқарушы Самат Садуақасов «кәсіпкерлерден жылына 300-ге жуық шағым келіп түсетінін айтты.  шағымдардың көбі құзырлы мекемелер тарапынан жүргізілген заңсыз тексерістер мен айып пұл салуға байланысты екен. Биылдың өзінде «Атамекен» ұлттық палатасы 150 кәсіпкердің құқығын қорғаған. Нәтижесінде былтыр 1,8 млрд теңге, биыл 170 млн теңге қаржы кәсіпкерлердің өз қалтасында қалған.IMG_9863
            Жиын соңында кәсіпкерлер мен Мемлекеттік қызмет  істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы үш тарапты келісімге келді. Аталған келісім бизнесті құқықтық қолдау мен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруды көздейді.IMG_9861
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓