Құрылыс қарқын алуда
Құрылыс саласын жандандыра түсу биыл да жалғасын табады. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық қазынадан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатына 14,8 мрлд.теңге бөлінді. Бұл сома өткен жылғы жоспардың 95%-на тең, яғни осы жылы миллиардқа кем. Дей тұрғанмен мұндай қаржы да аз жұмыстың басын шалмайды. Салаға құйылған қаражаттың биыл 1,3 млрд. теңгесі немесе жылдық мөлшердің 9,4 пайызы игерілді.
Саланың қазіргі ауанына жақсы баға беруге болатындай. Жіктеп айтқанда, Федоров ауданының Пешков селосында, Меңдіқара ауданының Первомай ауылында, Узынкөл ауданының Пресногорьковкой елді мекенінде ағымдағы айда дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы бітпек. Сондай-ақ облыстық онкологиялық диспансердің емханаларының құрылысы қарқынды жүруде. «Рудный Соколовстрой» ЖШС мердігерлігімен іргетасы қаланып жатқан облыс орталығындағы 500 орындық орта мектеп те жаңа оқу жылына дейін тәмамдалмақ. Ал одан сәл ертерек, яғни тамыз айында аяқталуы керек деп жоспарланған Қостанайдағы теннис орталығының құрылысы да ойдағыдай жүру барысында. Сондай-ақ Қостанайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы да таяу келешекте есігін айқара ашпақшы. Бұл нысанға республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге құйылған. Мамыр айында игерілмек қаражат сомасы 479 млн.теңгені құрайды. Екі немесе үш аусымды жұмыс ұйымдарының талап етуінше, қаржы ай сайын 240 млн.теңгеден жаратылып отыруы тиіс. Сонымен қатар нысанға, кокурс өткізу жолымен, қосымша қаржы тарту қажет. Бұл құрылыс жұмыстарының келісім-шарттағы уақытқа сәйкес бітуіне ықпал болмақ.
Алайда жоспарға сәйкеспей, құрылыс жұмыстары басталмаған немесе тұралап қалған нысандар да жоқ емес. Мәселен, Затобол кентінде бой түзеуі тиіс аусымына 250 қабылдау жүргізетін аудандық емхананың құрылысы, әзірге, қағаз жүзінде қалып келеді. Жобалық-сметалық құжатнамасын пысықтау ісі де қолға алынбаған. Бұған Қостанай ауданы әкімінің жер учаскісін бөлуді кешеуілдеткені себепші. Тағы бір түйткілді жағдайлар қолбайлау болып отырған құрылыс нысаны – Қостанай қаласындағы 280 орындық балабақша. Мұнда, керісінше, бөлінген қаражаттың игерілмеу қаупі туындауына байланысты, араға соттың төрелігі кіріскен. «Жарымжан» балабақша тағдыры алдағы уақытта шешіледі.
Жандос Жүсіпбек