Батырлан топ жарды

Лисаков қаласында республикалық ақындар айтысы өтті. Өлең сайысы осымен 2 рет ұйымдастырылып отыр. IMG-20180730-WA0009
«Астана – алтын ордам!», «Лисаков – әсем қалам!» атты II Республикалық ақындар айтысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани Қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Астананың 20 жылдығы мен Лисаков қаласының құрылғанына 47 жыл толуына арналды. Оған елдің әр өңірінен 8 ақын қатысты. Олар: Азамат Мәлжанбай (Астана қ.), Ботагөз Мұхитденқызы (Қарағанды қ.), Айбек Бестенқұлов (Алматы қ.), Мақсат Серік (Петропавл қ.), Салтанат Өтелбаева (Қостанай қ.), Батырлан Сағынтаев (Арқалық қ.), Мамай Ізтілеу (Таран ауданынан) және Тоба Өтепбаев (Алтынсарин ауданынан).IMG-20180730-WA0006
Айтысты қарағандылық Ботагөз Мұхитденқызы мен Алтынсарин ауданынан келген Тоба Өтепбаев бастады. Астана туралы толғанып, тақырыпты жан-жақты жыр етті. Бір-бірін әзілмен қағытып, жарасымды жыр-жарыс құра алды. Екінші болып  сахна төріне шыққан көрші Таран ауданын келген Мамай Ізтілеу мен алматылық Айбек Бестенқұловтың айтысы да әзіл-шыны аралас жауаптасу арқылы өрбіді. Петропавлдық жас ақын Мақсат Серік пен арқалықтық Батырлан Сағынтаев та әдептен аспай, аға мен іні болып сөз жарастырды. Төртінші болып төрге шыққан қостанайлық Салтанат Өтелбаева мен астаналық Азамат Мәлжанбай қыз бен жігіттің айтысын өз биігіне көтерді. Салтанат сөз арасында «Таран, Денисов аудандары мен Лисаковты қазақшаға өзгерте алмай жүр» деген салмақты ойын ортаға салды.IMG-20180730-WA0004
Айтыс арасында қала өнерпаздары әуелетіп ән салып, күмбірлете күй төкті. Сонымен қатар, Қостанайда өткен «Мен қазақпын» жобасының жеңімпазы, Астанада Қостанай абройын қорғауға жол тартқалы отырған ақын, термеші Нұрсұлтан Қасымов жиналған қауымға «Ахметтің Файзоллаға жазған хаты» термесін тарту етті.
Ақтық айналымға екі жұп шықты. Алтынсарин ауданынан келген Тоба Өтепбаев Салтанат Өтелбаевамен, Батырлан Сағынтаев Азамат Мәлжанбаймен сөз сайыстырды.IMG-20180730-WA0002
Айтысқа қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай филиалының директоры Ғұмыр Ахметчин , айтыскер ақын Әлпия Орманшина төрелік жасады.
Сонымен, биылғы республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Арқалықтан келген Батырлан Сағынтаевтың (100 мың теңге) қанжығасында кетті. Батырлан былтыр да бас бәйгені жеңіп алған болатын. Екінші орын астаналық Азмата Мәлжанбайдың еншісінде (70 мың теңге). Үшінші орын қостанайлық ақын Салтанат Өтелбаеваға бұйырды( 50 мың теңге). Қарағандылық Бөтагөз Мұхиденқызына «Келісті келбет» аталымы, Тарандық Мамай Ізтілеуге «Сазды әуен» , алматылық Айбек Бестенқұловқа «Салмақты ой», петропавлдық Мақсат Серікке «Ұтымды жауап» аталымы берілді. 

You may also like...

2 Responses

  1. Жадыра айтты:

    Сәлеметсізбе. Осыдағы фотоларды жеке жеке қайдан алсам болады??? Жібере аласыздарма.

  2. Жадыра айтты:

    87754757335 осы нөм жібере аласыздарма? Сағынтаев Батырланның фотоларын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓