7-20-25: БИЫЛ 600 ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ

Қостанай облысында 600-ден астам көп балалы отбасы үй кезегінде тұр. Олардың 70%-і облыс орталығы мен оған жақын орналасқан Рудный қаласында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда демографияны дамытушылар көшін бастап келе жатқан отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге  республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі баспана кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2%-тік жеңілдікпен беріледі. «Бақытты отбасы» деп аталатын бұл жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қаржының қалған бөлігіне көп балалы отбасыларына арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Мұндай үйдің бірі былтыр Аманкелді ауданында бой көтерген еді. Биыл Федоров ауданында 24 пәтерлік, ал Лисаков қаласында 60 пәтерлік жалдамалы үй салынбақ. Бұл туралы Аймақтық коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында сөз болды.WhatsApp Image 2019-04-16 at 10.56.44
Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсимбиевтің айтуынша,  биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы ауданы 243,2 мың шаршы метр болатын көп қабатты 41 тұрғын үй салынады.
Өңір тұрғындарының «7-20-25» ипотекалық бағдарамасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 3 млрд теңгеге жуық 421 өтінім түсіп, оның 273-і қанағаттандырылған. Қостанай облысы аталған бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 4-ші орында келеді. Былтыр бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте банк», «АТФ Банк», «Цесна банк», «Еуразия банкі», «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылған.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 11 тұрғын үй салынады. Бұл үйлерде жалпы саны 1233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжылдықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несиелік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банктерге өткізу жоспарланған. Нәтижесінде, 2018 жылы өтпей қалған пәтерлерді есепке алғанда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 600 пәтер пайдалануға берілмек.
Мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға о бастан белсене ат салысып келе жатқан жергілікті «БК Строй» құрылыс компаниясы «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары үшін былтыр көп қабатты 2  үй тұрғызған.  Компания директоры Валерий Полешконың  айтуынша, «БК Строй» биыл мамыр айында «Юбилейный» шағын ауданындағы көпқабатты  2  үйді тұрғындар игілігіне тапсырмақ. Бұл үйлерге қоныстану-шылардың 90%-і  «7-20-25» немесе «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізгендер.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓