Білім гранты бес мыңға артады
2022 жылы қазақстандық ЖОО-ларда оқуға арналған білім гранттарының саны тағы 5 мыңға артады. Осылайша, гранттардың жалпы саны 61 мыңға дейін жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 5 мыңға, яғни 51 мыңнан 56 мың грантқа дейін көбейтілген. Жаңа гранттар студенттер арасында сұранысқа ие және өзекті мамандықтарға бөлінетін болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейін білім гранттарының саны кезең-кезеңімен тағы да 15 мыңға артады. Сондай-ақ білім беру гранттарын бөлу кезінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген.
«Осылайша, Президенттің қолдауының арқасында бюджет есебінен оқуға мүмкіндік алған қазақстандық мектеп түлектерінің саны артты. Мысалы, өткен жылы бізге 75 мыңнан астам өтінім түсті. Оның ішінде 56 мыңнан астам талапкер грант алды. Биыл гранттар саны 61 мыңға жетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін квоталар санын ұлғайттық. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ отбасыларында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған талапкерлер грант алу үшін әлдеқайда көп мүмкіндіктерге ие болады», – деп хабарлады Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.