Екідіңде кітапханашылар кеңесі өтті
Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Екідің ауылдық кітапханасында «Рухани жаңғыру аясындағы кітапханалар міндеті» тақырыбына аймақтық көшпелі зерделі кеңес өтті. Кеңесте «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын жүзеге асыру жолдары талқыланды.
Жиынға Арқалық қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы О.Өтегенұлы, Мәдениет сарайының директоры А.Жұмабаева, №2 ОӘҒК кітапхана ісі жөніндегі директорының орынбасары Р.Жанғалиева, халыққа қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Н.Абаканова, балалар бөлімінің кітапханашысы С.Алматова және ауыл кітапханашылары мен мәдениет қызметкерлері қатысты. Кеңесте Қазақстанның киелі орындары, мол тарих пен құнды деректерге бай өлкеміздің қадір-қасиеті, кітапхана қорындағы бай мұраны кітап сүйер оқырмандарға насихаттау мәселелері сөз болды.
Кітапхана директоры Құсайын Дәмет «Кітапхана – рухани жаңғыру ошағы» тақырыбында баяндама жасап, көпшілікті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапханаларда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кеңес барысында Торғай аймағы киелі жерлерінің ақпаратты библио-жолсілтеменің тұсаукесері өтті. Іс-шара мазмұнын «Бір кітапта өрілген Екідің тарихы» тақырыбында өткен өлкетану кеші аша түсті. Екідің ауылының кітапханашысы Гүлжан Оспанова құт дарыған қасиетті Екідің өңірінің ел мұраты жолында басын бәйгеге тіккен батырлары мен бірлікке үндеген ақын-абыздары, киелі тарихи ескерткіштері, тамаша тума таланттары жайында әңгімелеп берді. Екідің ауылынан шыққан ақын –жазушылардың туған жерге арнаған өлеңдері оқылды. Тарихи танымдық шара барысында мәдениет сарайының әншілері Елугүл мен Берік әннен шашу шашып, «Ақбота» би ансамблі тамаша би өнерін көрсетті. Зерделі кеңес жұмысы Жаңақала ауыл кітапханашысы Айткүл Есмағанбетова жасаған «Жайнай бер, кенен өлкем, кемел далам!» атты кітап көрмесіне ұласты. Ал кітапханалық библиографиялық өнімдерге арналған «Өлкесі тарих – даласы дастан» тақырыбындағы көрмеде экономика ғылымының докторы Кенжеғали Сағадиевтің 80 жылдығына арналған «Дара тұлға» атты библиографиялық көрсеткіш таныстырылды. Жергілікті қаламгер Жақсылық Жүнісұлының 75 жылдығына арналған «Баспасөз ардагері», сазгер Қалибек Деріпсалдиннің 65 жылдығына арналған «Саз саңлағы» атты жадынамалар да көпшілік қызығушылығын туғызды.
Шара соңында жиынға қатысушылар Екідің І, Екідің ІІ ескерткіштері, Төлек Жәуке батыр кесенесі, Шомби, Маятас кесенелері, Қыз тамы, Қос там, Әбдіғапар ханның кесенесі сияқты тарихи нысандарға саяхат жасады.