Бейресми жұмыспен қамтылғандардың тірлігі заңдастырылады
Дүйсенбілік аппарат жиналысында жартыжылдық қорытындысы бойынша бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және экономикаға тарту жол картасының іске асырылу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі тақырып туралы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Аида Құсайынова баяндады. Бүгінде облыста заңдастыруды қажет ететін бейресми жұмыспен қамтылған 75,8 мың адам бар. Соның ішінде 30,7 мың адамның шын мәнінде жұмыссыз екені анықталған. Қалған 23,9 мыңы бейресми жұмыспен қамтылғандар. Яғни, олар міндетті зейнетақы жарналары берілмейтін, әртүрлі жұмыс түрлерімен жан бағып жүргендер. Осындай топқа жататын азаматтардың тірлігін заңдастыру жұмыстарын әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы қолға алыпты. Басқарма бұдан бөлек басқа қалаға қоныс аударғандардың, оқуға түскен студенттердің және қайтыс болғандардың тізімін жасақтауды жалғастыруда.
-Студенттерді оқу орындары бойынша анықтап, тіркеу, қайтыс болған азаматтардың анықтамаларын жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру кезінде мемлекеттік кірістер органдарымен, еңбек инспекциясымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет етсек жақсы нәтиже береді. Сол себепті сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Бейресми жұмыспен қамтылған адамдар Рудный, Қостанай, Лисаков қалалары мен Федоров, Сарыкөл аудандарында көбірек кездеседі,-деді Аида Құсайынова.
Қымбат ДОСЖАНОВА