РИИ тағы да көш басында
Рудный индустриялық институтының «Тау-кен ісі» және «Жылу энергетикасы» мамандықтары «Атамекен» ҰКП жасаған түлектердің жұмысқа орналасу рейтингісінде көш бастады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым Министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палаты ұйымдастырған брифингте белгілі болды.
Бағалауға 33 мамандық бойынша Қазақстанның 114 жоғары оқу орны қатысқан. Басты критерийлердің бірі –жұмыспен қамтылған түлектердің пайызы мен орташа жалақы мөлшері. Рейтинг құрастыру кезінде «атамекендіктер» 3000-нан астам түлектен сауалнама алған. Оның қорытындысы бойынша «Тау-кен ісі» мамандығында жастардың жұмысқа орналасу деңгейі 76 пайыз, орташа жалақы мөлшері – 174 879 теңге, ал «Жылу энергетикасында» бұл көрсеткіш, тиісінше, 77 пайыз және 139 222 теңгені құрады. Түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер Жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі арқылы алынып, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың базасымен салыстырып тексерілген.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ