Универсиада жалауын көтереді
Тәуелсіз Қазақстанның кезекті жетістіктерінің бірі XXVIII қысқы дүниежүзілік Универсиада ойындары болмақ. Ауқымды жоба Алматы қаласында қаңтар айының 29-нан бастап, ақпанның 8-не дейін жалғасады. Бұл спорттық шараға Қазақстанның барлық облыстары атсалысуы тиіс. Мәселен, ағымдағы айдың 26-сы күні Қостанай қаласында Универсиада алауын табыс ету эстафетасы ұйымдастырылады. Шараның өту барысы жайлы Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Матвиенко облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке баяндады.-Біз Универсиада ойындарына әзірлікті 2016 жылдың қыркүйек айынан бастадық. Спорттық алау эстафетасын қаламызда өткізудің өзі біз үшін мәртебе. Өйткені, бұл халықаралық спорт сайысының біздің елде болуы үлкен мақтаныш. Әлемнің түкпір-түкпірнен келетін таңдаулы студенттердің тартысы басқа да спорттық бәсекелерден кем түспейді. Нақтырақ айтар болсақ, әлемнің 55 елінен 2 мыңнан астам спортшы келеді. Олар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау-шаңғы спорты, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, кёрлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру сияқты спорттың 12 түрінен сынға түседі. Оңтүстік астанамыздағы 8 спорттық нысан сақадай сай тұр. Бұл балғын спортшылар – болашақ ақ олимпиада чемпиондары. Барлығы Алматыдағы Универисададан қанаттанбақ,-деді С.Матвиенко.
Бүкіләлемдік студенттер олимпиадасының алауын жағуға Қостанай қаласы тыңғылықты дайындық үстінде. Эстафета А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің алдынан бастау алып, әл-Фараби, Алтынсарин, Абай және Таран, Баймағанбетов, Гоголь көшелерін басып өтпек. Спорттық көштің жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды. Бұл іс-шараға бас-аяғы 2 мың адам қатысады. Шараның сәтті өтуіне жергілікті бюджеттен 20 млн теңге бөлініп отыр.Алматыдағы Унивсериада ойындарына Қостанай облысынан 10 спортшы аттанды. Оның үшеуі ұлттық құраманың негізгі сапына іліккен. Олар: Анастасия Крестова (шорт-трек), Александр Кленко (конькимен жүгіру) және Виталий Пухкало (шаңғы жарысы). Тағы да бес спортшы Қазақстанның хоккей құрамасына алынып отыр. Руслан Бегімбетов пен Қуандық Сүлейменов оқу-жаттығу жиындарында қаралымда жүр. Алдағы күндері бас жаттықтырушылардың қорытындылары шығарылатын болады.
-Облысымыз солтүстік аймақта болғандықтан, қысқы спорт түрлерінен басқаларына қарағанда озық болғанымыз жөн. Келер жылдары үміткер санын арттыру керек. Ал, эстафетаны жоғары деңгейде өткізу үшін бәріміз бір кісідей атсалысайық. Шара барысында тәртіп сақшылары мен медбикелер барлық учаскелерде кезекшілік етсін,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Кенже ҚОНЫСБАЙ