37 жұмысшы уланды
Лисаков қаласының Краснооктябрь боксит кен басқармасының 37 жұмысшысы жергілікті асханадан тамақтанып, жаппай уланды. Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
«Лисаковте орналасқан «Қазақстан Аллюминийі» АҚ филиалының Краснооктябрь боксит кен басқармасында 37 адам уланғаны туралы фактіні растаймыз. 37 адам медициналық мекемелерге шағым түсіріп келген. 26 адам ауруханаға жатқызылды. Жағдайлары ауыр науқастар жоқ, барлығының ахуалы орташа деп бағалануда. Дәл қазір ем алып жатыр. Бұған асханадан ішкен түскі ас себеп болып отыр. Жағдай бақылауға алынды, арнайы қызметтер мәселенің мән-жайын анықтау үшін жұмыс жасауда», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Слободенюк.
Аталмыш фактіні Қостанай облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері растап отыр. Баспасөз қызметінде мәлім еткендей, департамент мамандары Лисаков қаласына жол тартқан. Ведомство кеншілердің неден уланғанын нақтылаған жоқ. Департамент ертең аталмыш мәселе төңірегінде баспасөз мәслихатын өткізуге уәде етті.