Сұлтан Баймағамбетовтің өшпес ерлігіне 75 жыл

Кешегі Ұлы Отан соғысының басында неміс және фин әскерлерінің біріккен күші Ленинград қаласын басып алуға жанталасып, бар техникасы мен жаяу әскерлерін төкті. Кеңес әскерлеріне көмекке қала хал-қынан жасақтар,  партизан отрядтары құрылып майдан шебіне жөнелтіліп отырды. 1941 жылдың қазан айында қала құрлық бойынша толығымен жау қоршауында қалып қойды. Қалаға сырттан қатынас үзіліп, халық аштық пен суықтан қырылуға айналды. Бірнеше рет күрделі шабуыл операциялары ұйымдастырылып, қоршауды бұзу  әрекеті  айтарлықтай нәтиже бермеді. Немістер қарсы шабуылға шығып, алдыңғы шеп қолдан қолға өтіп отырды.С Баймагамбетов 1943 жылдың қаңтар айындағы Ленинград және Волхов майдандарында ұйымдастырыл-ған "Искра" шабуыл операциясынан кейін блокада сөгіліп, Ладога көлінің оңтүстік іргесімен Киров темір жолының бойында жалпақтығы 8-11 шақырымға дейін дәліз (коридор) пайда болды. "Жеңіс жолы" деп аталған қоридормен жаңадан темір жол төселіп, қаланы  қорғап тұрған біздің   жауынгерлер мен қала халқына елден оқ-дәрі, киім, тамақ жеткізіле бастады. Алайда, Синявинск поселкесінің маңындағы биік шоқыларға шоғырланған фашистер осы Киров темір жолы бойын үлкен жермен қатынасты үзуге тырысып үнемі зеңбіректермен атқылап тұрды. Нева өзенінің оң қанатын  жаудан толығымен тазартып,Киров темір жолы бойында қауіпсіздікті қалпына келтіру және жаудың күшін әлсіретіп, қалаға кезекті шабуылын болдырмау мақсатында Жоғарғы Ставканың шешімімен 1943 жылдың  22  шілде айында шабуыл операциясы басталды. Таңғы сағат 5.00-де бастал-ған авиация мен артиллерия дайындығынан кейін сағат 6.35-те біздің әскерлер жаппай шабуылға шықты.бессмертный подвиг Героя
Пулемет бөлімінің командирі аға сержант Баймағамбетов Сұлтан қызмет еткен 43-ші атқыштар дивизиясы Синявиноның жанындағы биік шоқыларға бекініп алған неміс  армиясының 11-ші дивизиясына қарсы орналасқан еді. Осы шабуыл барысында Сұл-танның қасында болған жолдасы Ханиф Гайнутдиновтың "Твои герои, Ленинград!" (Лениздат 1970 ж.) кітабының авторы А.В.Буровқа жазған хатында сол күні болған шабуыл көрінісі толығымен баяндалады.
 Бұл Мгинск шабуыл оперциясы басталған  1943 жылғы шілденің 22-сі күні еді. Ұрыстың алғашқы күні жасалған Сұлтанның ерлігі  майдан  газеттерінде  жарияланып  жауынгерлерге жігер берді. Сазды жерлермен жоғары өрмелеп шабуылға шығу оңай болмады.Теңіз деңгейінен 50 метрге дейін биіктіктегі шоқыларда бетон құйып, бөренеден қазып орнатылған жау дзоттарынан бораған оқ біздің әскерлерді көп шығынға ұшыратты. Тарихи статистикалық деректер бойынша бір айға созылған осы шайқасқа Ленинград және Волхов майданында біздің жақтан 253330 адам, артиллерия, 550 танк, 1000-ға тарта самолет қатысып, 79937 адам қатардан шыққан. ("Мгинская наступательная операция 22.07-22.08.1943").памятник в Кояндыагаш
Белгілі деректерге сүйенсек, ұрыстарда Сұлтан алты рет жаралы болған, бірақ тапсырманы орындамай, қатардан кетіп көрмеген. Жалын шашып тұрған дзоттың  амбразурасына жақын барғанда, жиырма үш жастағы жігіт не ойлады? Әрине, амбразураны денемен жабудың өлім екенін ол жақсы білді. Сонда да өлімнен бас тартпады, титтей де жасқанбады. Ол Отаны үшін адал жанын қиып, Неваның жағасындағы жеңіске жол ашты. Осы ретте Бауыржан Момышұлының "Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тік тұрып, өлген артық" деген сөзі еріксіз еске түседі. Расында да, қылшылдаған жас жігіт айналасы 2-3 сағаттың ішінде ғасыр жалғай айтып жүретін ерлік жасады. 
Баймағамбетовтың аты өзі қызмет еткен полктың тізбесінде мәңгі сақталған. Күн сайын кешкі тексеруде оның аты аталғанда, кезекші әскер: "Совет Одағының Батыры аға сержант Сұлтан Баймағамбетов Отанын қорғап, қаза тапты!" деп пәрмен береді.
Ұлы Отан соғысына Сұлтанның туған ауылы Қояндыағаштан жетпістен арта азамат алынып, жартысынан көбі елге оралмады.
Аттанды Қояндыдан жетпіс батыр.
Туғызар жауыздарға заман ақыр!
Құртып жауыз фашист-немістерді,
Жеңіспен елге оралып келер ақыр!
Ауыл тұрғыны Әлімбаев Рақымжанның осы өлең жолдары соғыс жылдары Қояндыағаш ауылының ұраны болған еді. 1944 жылы ауыл колхозшылары батырдың атынан танк жасауға 100 мың сом ақша жинап заводқа жіберді. Колхозшылардың атына Сталиннен арнайы алғыс хат келді.
Сұлтанның қаза болған жерінде, қазіргі Ленинград облысы Киров ауданындағы экономика гимназиясына оның есімі берілген. Ескерткіш орнатылды. Кейін Әулиекөлдегі батыр атындағы мектеп-гимназиясынан ол жаққа делегация барып келді.
Расын айту керек, облыс орталығындағы Кеңес Одағы батырларының ескерткіштері қатарында Сұлтанға арналған ескерткіш әзірге болмай тұр. Жеңіс күндері қаламыздың жас жеткіншектері Отаны үшін жүрегін оққа тіккен қас батырымыздың ескерткішіне келіп гүл шоғын қойып жатса, патриоттық сезімі артып, нұр үстіне нұр болмас па?!
 
Айтбек Ақмағамбетов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓