Қара малдан да қауіп бар
Арқалық өңірінде бруцеллезбен және жануарлардың басқа да қауіпті ауруларымен күрес күн тәртібінен түскен емес.
Көктемгі профилактикалық шаралар шеңберінде жануарлар мен құстарды иммундау, сондай-ақ туберкулезді анықтауға арналған сынақтар жүргізілді. Қандағы үлгілерді зерттеу кезінде бруцеллезге шалдыққан 302 бас ірі қара және 4 бас ұсақ мал анықталды.
Мал ауруының ең көп тараған аумақтары: Екідің, Жаңақала, Жалғызтал, Фурманов, Ашутасты, Аққошқар, Молодежный ауылдары және Қайыңды ауылдық округі.
Қаланың бас мал дәрігері Қасқырбай Бейсеновтің айтуынша, бруцеллездің таралу себебі – мал жайылымының бақылаусыз қалуы.
Бұл жағдай – ветеринарлық қызмет жұмысын едәуір қиындата түседі. Мал ауруымен күрес міндетті түрде жануарларға арналған зерттеулер жүргізуді және ауруы анықталған жануарларды түбегейлі оқшаулауды талап етеді.
Талаптар орындалмаған жағдайда санитарлық ережелерді ескермейтін мал иелеріне ірі көлемде әкімшілік айыппұлдар салынады. Осы уақыт ішінде мұндай шара 7 мал иесіне қолданылып отыр.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде де ауру малдардың анықталуы жиі ұшырасады. "Сыбаға", "Алтын асық" бағдарламаларына қатысушылардың осы жағдайларды ескеруі қажет. Бағасы арзан деп ауруға күмәнді шыққан малды сатып алудан сақ-танған жөн.
Мал ауруы тек малға ғана емес, адамдарға да зиян келтіретінін есте ұстағанымыз жөн, – дейді кәсіби мамандар.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.