Ынтымақ мерекесі
Қазақстан халқы бірлігі күнін қостанайлықтар қала орталығында атап өтті. Әртүрлі этномәдени бірлестіктер концерттік бағдарлама қойып, көрмелер жайды.
Мәдени көпшілік шара таңғы сағат 10.00-де басталды. Орталықта этноқалашықтар құрылды. Әрқайсысы өздерінің ұлттық нақыштарын ұсынған. Әсіресе түрлі-түсті қуыршақтар тұрғындар назарын аудартты. Жиылғандар қазақтың бауырсағы, татар чак-чагы, шешен чепалгашы және өзге де дәмі тіл үйірер тағамдардан ауыз тиді. Сахна төрінде ән-күй әуелеп жатты.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов және этномәдени бірлестіктердің төрағалары қостанайлықтарды осынау маңызды мейраммен құттықтады.
Шара барысында аймақ басшысы бірлестіктерге 3 млн теңгенің сертификатын табыстады. Бұл қаржы құрылғы-жабдықтар алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және өзге де қажеттіліктерге жұмсалмақ.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков