Айтайық жарапазан елімізге! (БЕЙНЕ)
«Ораза айы келді, ей, жарандар,
Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.
Өлеңі жарапазан айып емес,
Мүмінге осылайша болған хабар», – деп кезінде бабаларымыз қасиетті Рамазанда айтқан жарапазанымыз біздің өңірде ұмытылғалы қашан. «Жа-Рамазан» араб тілінен «Рамазан келді» деген мағынаны білдіреді. Қазақ сахарасына Ислам діні орныққаннан кейін қалыптасқан жыр жанры. Оразаның келгенін сүйіншілей хабарлайтын үрдісіміз. Негізінен, жарапазанды ауызашар мен таң сәресі аралығында үлкен-кіші демей айтатын болған. А.Байтұрсынұлының: «…ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдiң тұсында тұрып жарапазан өлеңiн айтады», – деп жазуы да осыған дәлел. Жарапазан айта келгендердің етек-жеңіне көбіне құрт, ірімшік, жағдайы келгендер орамал, әшекей салып беретін болған.

Осы дәстүрді Қостанай жұртшылығы арасында жаңғыртуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкілдігі қолға алып отыр. Өткен демалыс күндері облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет өнерде жүрген азаматтармен бірге Қостанайдың орталығы мен Складской көтерме сауда базарын, орталық әмбебап дүкені мен «МАРТ» сауда орталығын аралап қайтты.
https://www.youtube.com/watch?v=KfRz8dU-xD0&feature=youtu.be (бейнежазбаны көру үшін сілтеменің үстінен басыңыз)



Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ