Рудныйда қылмыс азайды
Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында жергілікті полиция өкілдері әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алып, нәтижесінде қылмыс деңгейін 7,7 пайызға төмендетті. Әсіресе қоғамдық орындарда болатын қылмыстар мен жұрттың мүлкін ұрлау статистикасы екі есеге қысқарған.
– Біз мұндай нәтижеге қала көшелері мен полициялардың учаскелік пункттерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз еткендіктен жетіп отырмыз. Мәселен биылдың өзінде 9 учаскеге ақпаратты бірден Ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығына таратып отыратын бейнекамералар орнатылды. Көңіл көтеру орындары мен дүкендердің маңында тәртіп пен бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері 29 бейнебақылау камераларының арқасында 8 қылмыс пен 3162 құқықбұзушылық әшкереленді, – дейді Рудный қалалық ІІБ басшысы Әлім Бажықбаев.
Кеншілер қаласында жарты жылда 7428 әкімшілік құқықбұзушылық ісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға кем.
Камералар санының артуымен шаһардағы жол-көлік оқиғалары азая бастады. Биыл Рудныйда 23 жол апаты тіркеліп, өкінішке орай 3 адам қаза тапты. Көп жағдайда оқиғаға мас жүргізушілер себеп болып отыр.
Әлім Маратұлының айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті полиция қызметі автопатрульдер санын арттырған. Бүгінде қала аумағының жолдарындағы тәртіпті 12 автопатруль көлігі бақылауда.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ