А.Мұхамбетов: “Насихат жұмыстары сылбыр”
Облыс әкімдігінде өңір басшысы А.Мұхамбетовтың қатысуымен өткен аппарат жиынында Елбасының бірінші әлеуметтік бастамасы – “7-20-25” бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы талқыланды. Жиынға Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданының әкімдері және ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалы мен екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты.
Бүгінге дейін елімізде қаншама отбасы “Қолжетімді баспана”, “Нұрлы жер” бағдарламалары бойынша баспанаға қол жеткізді. Енді міне, ағымдағы жылдың 31 мамырында “7-20-25” жаңа ипотекалық бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның арқасында алдағы төрт жыл ішінде, яғни 2018-2021 жылдар аралығында біздің облыста 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыс бойынша жылына үш жарым мыңнан астам пәтер тапсырылып, жиырма мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылатын болады. ҚР Ұлттық Банкінің Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ж.Қажрахимовтың айтуынша, жаңа бағдарлама арқылы пәтер алушы 20 пайыз алғашқы жарнаны құйып, 25 жылға дейін несие рәсімдей алады. Еліміздің төрт өңірінде тұрғын үй сатып алу бағасының ең жоғары шегі 25 млн теңге болса, қалған өңірлер үшін 15 млн теңгеден асырылмауы керек. Бүгінде “Баспана” ұйымы екінші деңгейлі 7 банкпен келісім-шартқа отырған. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, Халық банкі, Цесна банк және РБК банкі. Алдағы уақытта Сбербанк пен Форте банктер бе осы бағдарламамен жұмыс істейтін болады. Қостанайда алғаш рет бір адам бағдарлама қатысушысы атанып үлгерді. Бүгінде бағдарлама қатысушысы Центркредит банкі арқылы ипотека рәсімдеуде. Ағымдағы жылдың 23 шілдесіне дейінгі көрсеткішке сүйенсек, облыста 25 өтініш қаралып, оның 15-і мақұлданған, 5 адамға ипотекалық несие берілген. Мәселен, Центркредитбанкіне 22 өтініш, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” небәрі 3 өтініш түскен. Сондай-ақ, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” бағдарлама туралы білу үшін 1100 адам жүгінген, ал 230 адам қалған банктердің үлесінде. Осы орайда, Жомарт Қажрахимов атқарушы органдармен, Ұлттық Банк, серіктес банктермен және құрылыс компанияларының қатысуымен аймақтық медиа-жоспарды қабылдау қажеттігін ұсынды. Бұл ұсынысты облыс әкімі А.Мұхамбетов те қолдады. Әрі әкім тұрғындарды жаңа бағдарлама бойынша ақпараттандыру жұмыстарының сылбыр жүргізіліп жатқандығын сынға алды.
-Аталмыш бағдарламаның тиімділігі туралы халыққа кеңінен насихатталуы қажет. Ал, бұл бағыттағы жұмыстар сылбыр жүргізілуде. Ауқымды бағдарлама бойынша Ұлттық банктің өзінде 4-ақ адам жұмыс істеуде, оның өзінде біреуі директордың орынбасары, бұл өте аз, сондықтан бағдарламамен жұмыс жасайтын мамандар санын көбейту керек. Ал Центркредит банкінде 9 адам айналысады екен, бұл жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға барлық мекемелер де атсалысуы тиіс. Әсіресе, білім, денсаулық басқарламалары дәрігерлер мен ұстаздарға бағдарламаның тиімділігін түсіндіріп, олардың бағдарламаға қатысуын жұмылдыру керек. Сол себепті, қанша мұғалімнің, қанша қызметкердің осы бағдарлама бойынша баспана алғандығы туралы әр мекемеден есеп алынып отыратын болады. Ал, медиа-жоспар бойынша ұсынысты мен де қолдаймын. Сондықтан, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысына медиа-жоспарпен толық танысып шығуды тапсырамын. Бұл бағдарлама бәріміз үшін басты орында болуы тиіс. Әр атқарушы орган басшылары өз салалары бойынша баяндама жасағанда, соның отыз пайызында осы бағдарламаға көңіл аудару қажет. Бағдарлама бойынша үй алғандарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, насихаттау қажет. Бағдарламаның шыныменде жұмыс істеп жатқандығын жұрт көріп, сезінуі керек, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Сонымен қатар, әкім әсіресе “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” басшысына бағдарламаны насихаттауда жұмысты күшейтуді қадап тапсырды. Мәселен, бүгінде аталған банктің 47мың салымшы болса, соның 10 мыңнан астамында 500 мың теңгенің үстінде салымы бар көрінеді. Өңір басшысы сол он мың салымшының әрқайсымен сөйлесіп, олардың кірістерін есептеп, төрт жыл ішінде қаншасының пәтер алуға мүмкіндігі бар, соның бәрін анықтап, осы салымшыларды бағдарламаға тарту керектігін ескертті.
-Сенбі күні мен Заречный ауылындағы Северный шағын ауданында салынып жатқан үйлерді араладым. Бүгінде онда 135 пәтер дайын тұр. Бір және екі бөлмелі үйлер, бағасы да қолжетімді, әрі кетсе 7-8 млн теңге болады. Мен құрылысшылардан “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” мамандары келді ме, клиеттентерді әкеліп, осы үйлерді көрсетті ме?” деп сұрағанымда, “жоқ” деп жауап берді. Міне, осыдан-ақ сіздердің қалай жұмыс жасап жатқандарыңызды көруге болады. Шақыру керек бәрін, осындай қолжетімді пәтерлердің бар екендігін көрсету қажет. Тұрғындарға айына алатын жалақысы 110-120 мың теңге болса, төлейтіні 26-36 мың теңге екендігін, бұрынғы бағдарламамен салыстырғанда, қазір ай сайынғы төлемнің азайып, мерзімнің ұзартылғанын да айтып түсіндірулеріңіз керек. БАҚ арқылы жиі-жиі насихаттаңыздар. Әрине, ешқандай насихат болмаса 135 пәтер тоғыз ай бойы бос тұрады, ал осындай жұмыстарды жиі жүргізсеңіздер, 1 айдың ішенде-ақ толтыруға болады. Әрі бұл шағын ауданда қазір жол салынып жатыр. Облыс орталығынан ескі үй алғанша, осындай жаңа шағын аудандардан жаңа пәтерге қолжеткізген тиімді емес пе? Тағы да қайталап айтамын, тұрғындарға жаңа бағдарламаның тиімділігі туралы ақпараттық-насихат жұмыстарын көбірек жүргізу қажет. Бұл мәселеге екі аптадан кейін тағы да ораламыз, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев