Әйелін күрекпен ұрып өлтірді
Науырзым аудандық соты 76 жастағы Мұрат Қалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдейді.
21 маусым күні шамамен сағат 14.00 кезінде Науырзым ауданына қарасты Буревестник ауылында араққа сылқия тойған Қалиев бірге тұратын әйелмен ұрысысып, арты жанжалға ұласқан. Қалиев сүйір күрекпен зәбірленушінің қолына және ішіне ауыр соққылар жасаған.
-Әйел үй кіреберісіне құлап түседі. Ал қылмыскер оның қорғансыз халін пайдаланып, аяғынан сүйреген қалпы аулаға алып шығып, дәрменсіз дімкәсті далада қалдырған. 53 жастағы жапа шегуші Қостанай облыстық ауруханасына жеткізілді. Өкінішке қарай, азаматша ауыр дене жарақаты салдарынан жан тапсырды,-делінеді баспасөз қызметі хабарламасында.
Сот Қалиевті 8 жылға бас еркіндігінен айырды. Ол жазасын жалпы режимдегі түзету мекемесінде өтейтін болады.