Өрт өршіп тұр
Шіліңгір шілде өрт оқиғасынан ес жидырар емес. 1 тәуліктің өзінде, яғн13-маусымда-ақ өңірде 9 келеңсіз жайт тіркелген.

Денисов ауданының Алчанов ауылында 2 мая пішен отқа оранды. 85 тонна мал азығы күлге айналып, есіл еңбек ешке кетті. Осыған ұқсас оқиға Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылында да болды. Набережный көшесіндегі меншікті албарда 3 тонна пішен және 3 тонна қамыс өртеніп кетті. Абырой болғанда, аумағындағы нысандарға ауыз салмай тұрып алау ауыздықталған.
Тілсіз жау орман алқаптарына да қауіп төндіре жаздады. Алтынсарин ауданына қарасты «Арақарағай орман шаруашылығы мекемесінің» Красный кардон маңындағы алқапта өрт тұтанған. Себепкер – электр бағанасының құлауы. Жергілікті өрт сөндіру жасағының жеке құрамынан 13 техника мен 25 адам жұмылдырылып, өрт дер кезінде тұмшаланды.
Тұрғындарды әбігерге салған тағы бір жайт Қостанай қаласының Текстильшілер көшесінде тіркелді. Көшедегі 23-үйдің жертөлесінде бейсауат тасталған қоқыс тұтанған. Қоз жалынға ұласып, бірінші қабаттағы пәтерлерге шапқан. 18 адам ғимараттан тысқа шығарылып, 10 және 14 жасар 2 қыз бала құтқарылды.
Жандос Жүсіпбек