Ақпарат айдынындағы ақ желкен

      “Қостанай таңы” газетінің Қостанай ауданындағы күндері

Қалың оқырман қауымға алдын-ала хабарлағанымыздай, “Қостанай таңы” газетінің облыстағы күндері басталды. Қасиетті жұма күні  газетіміздің Бас редакторы Жанұзақ Аязбекұлы бастаған бір топ журналистер алғашқы сапарларын киелі топырақ, “түгін тартса, майы шығатын” құйқалы өңірлердің бірі – Қостанай ауданынан бастады. Аудан орталығындағы Нұржан Наушабаев есімін иеленген мектептің мәжіліс залына газеттің байырғы оқырмандары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті билік өкілдері жиналды. Облыстық газет редакциясын Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Аманкелді Досжанов және Н.Наушабаев мектебінің директоры Жанқұтты Сартов шын ниет,адал көңілдерімен күтіп алды.

IMG_5915

Аманкелді ДОСЖАНОВ,

Қостанай аудандық мәслихатының хатшысы:

Игілікті істің бастамасы

– Ертеректе Торғай облысы кезінде менің және баршамыздың сүйікті басылымымыз – “Торғай таңы” газеті болатын-ды. Ал, облыс жабылып, Қостанайға қарағаннан кейін ондағы тілшілер қауымы әрісі Астанаға, берісі Қостанайға қоныс аударып, шығармашылық жолын жалғастыруда. Соның бірі, міне, ортамызда отырған қаламы жүйрік қаламгер інім – Әлібек Ыбырай. Ол бұған дейін қазіргі редакторы Жанұзақ Аязбекұлы ағасымен бірге Қостанай облыстық телеарнасында ұзақ жылдары бірге қызмет етті.  Енді қос таланттың тағдыры киелі шаңырақ – “Қостанай таңында” тағы да түйісті. Бұл күні басылым бедері біршама тың бастамалармен өзгеріп, таралымы көбейіп, қалың бұқара сүйсіне оқуда. Ауданымызда арнайы газет клубы ашылып, жанашыр-тілшілер мен жас талапты тілшілердің қатарын толтырып отырсыздар. Тамаша бастама біздің ауданнан басталғанына біздер ризамыз. Бұған дейінгі көрсеткен жанашырлығымызды одан әрі де жалғастырамыз. Өнер адамы ретінде қашан да серігіме айналған басылымым үшін терімді төгуге әбден даярмын. Игілікті істеріңізге тек қана сәттілік тілейміз!

IMG_5856Бауыржан КӨПЖАСАРОВ,

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

Билік пен халық арасындағы көпір

– Қостанай ауданы әкімі Ахметбек Ахметжановтың және халықтың атынан сіздерге шығармашылық табыс тілейміз! Облыстағы мемлекеттік тілде жарияланатын тарихы терең бірден-бір басылым – “Қостанай таңы” газетінің еліміздегі беделді әрі мәні мен мазмұны кең газет екені баршаға мәлім. Алғашқы рет осы бастаманы біздің ауданнан бастап, оқырмандармен кездесулер өткізіп жатқандарыңыз игілікті дүние. Қазір газеттің бет-бедері заман талабына сай өзгеріп, жарияланған материалдарыңыздан тың дүниелердің лебі сезіледі. Үнемі іздену үстінде екендігі бірден менмұндалап байқалады. Халық пен билік арасындағы көпір болып, елдің тыныс-тіршілігін үнемі назарда ұстайтын БАҚ ішіндегі газеттің де алар орны ерекше емес пе?! Сондықтан да сіздерге шығармашылық табыс тілей отырып, ізденімпаздық жолындағы істеріңіз сәтті болсын демекпіз!

G1Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

облыстық “Қостанай таңы” газетінің Бас редакторы:

“Халықтың тілегін тыңдауға келдік”

Бүгінгі кездесуге ерекше   толғаныспен келген жағдайымыз бар… Мен осыдан отыз жеті жыл бұрын Қостанай облысына арнайы жолдамамен келгенімде осы Затоболда қазақ мектебі тұрмақ, қаракөздердің өздері некен-саяқ болатын. Қостанайда да сондай көрініс еді. Енді қарап отырсақ,шүкір, Нұржан Наушабаев атындағы мектептің өзінде 800-ден астам оқушы білім алады екен. Бұл үлкен жетістік.

…Біздің ұлтымыз үшін мәңгілік құндылық-ол тіл.Тіл жоғалса, ұлт та болмайды.Сол тілдің жойылмауына септігі тиетін құралдың бірі-газет. Сіздер мен біздер техногендік ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қазір дүниежүзін технология билеген заман. Бірақ, әлемдік социологтар мен зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, газет, жалпы тасқа басылған дүние ешқашан жоғалмайтын көрінеді. Адамзат дәл осындай техникалық дәрежеге бұдан бұрын жеткен деген ақпараттар бар. Дүниежүзін топан су басып, адамзат баласы  өмірге қайта келген уақытта қалғаны тек тасқа басылған дүниелер ғана екен. Өздеріңіз білесіздер,ықылым замандағы Күлтегін, Орхон-Енисей жазулары түркі тектес халықтардың төл тарихы іспетті.

Біздің газетіміз облыста он бір мың тиражбен тарайды. (Қостанай ауданының өзінде 427 оқырман). 50-ден астам қызметкерлеріміз бар.

Осындай халықпен жүздесулер көптен бері үзіліп қалған екен. Міне, осы дәстүрді біз қайта қолға алып отырмыз. Газет-халықтыкі! Ал халықтың көкейінде не бар? Қандай мұң-мұқтажы, талап-тілектері бар, соны тыңдауға келдік.

IMG_5876Сәлім МЕҢДІБАЙ,

“Қостанай таңы” газеті Бас редакторының орынбасары:

“Пірім менің – Би-аға!”

“Қостанай таңы” газетінің 92 жылдық тарихы бар. Оның негізін қазақтың маңдайына біткен ұлдары – Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин қалаған.

Сіздер білесіздер, Мұхаң-қазақтың алғашқы кәсіби журналисі,қазан төңкерісіне дейін “Айқап” атты журнал шығарып, халқын прогреске бастаған, сол тұстағы қоғамдық-саяси үрдіске кеңінен араласқан қайраткер тұлға, ал Би-ағаң қазақ әдебиеті мен журналистикасының теңдесі жоқ қайталанбас тұлғасы, классигі.

Мен бүгіндер кезінде сол Бейімбет Майлин “Ауыл” газетінде атқарған шаруаны хал-қадірімше жалғастырып келе жатқан жанмын. Өмір бойы сол Би-ағаң аруағы қолдап келеді десем де болады. Қалайша дейсіз ғой… Айтайын.

1965 жылы Алматыға оқу іздеп, жол тарттым. Қостанай-Алматы пойызының жалпы вагонында отырған қаршадай ғана қазақ қызының қолынан  Бейімбеттің “Азамат Азаматович” романын көріп, оқуға сұрап алып едім. КазГу-ге келіп, қабылдау емтиханын тапсырғанда билеттегі алғашқы сұрақ та сол Би-ағаңның “Азамат Азаматович” романы еді.

– Оқыдың ба, бала, – деді ұстаздар.

– Оқыдым,ағай…

– Онда айта қойшы, Азамат Азаматовичтің шын аты кім?

– Күркілдек Қожалақов

– Міне, білетін баланыкі осы, “бес” айналайын, бара бер, – деді ұстаздарым.

Егер сол кітап менің қолыма кездейсоқ түспесе, салым суға кетіп, ауылға қайтарым сөзсіз еді.

Сөйтіп оқуға түсіп, журналистік диплом алып, бүкіл тағдырымды осы Би-ағаңның “Ауылы”, бүгінгі “Қостанай таңымен” байланыстырдым.

KurmanovМырзағали ҚҰРМАНОВ,

“Қостанай таңы” газетінің жанашыры, Затобол кентінің тұрғыны:

“Газеттің өркендеуіне үлес қоса беремін”

– Мен газеттің 1956 жылдан бергі оқырманымын. Ол кезде басылым “Большевиктік жол” деп аталатын. “Коммунизм жолын” да оқыдым, кейінгі “Коммунизм таңы”, “Қостанай таңын” да жаздырып алдым. Сол жылдан бері облыстан шығатын жалғыз қазақ тілді газеттен іргемді аулақ салғаным жоқ. Газеттің құлдыраған кезін де білемін. Шырқау биікке көтерілгенін де көрдік. Алайда, газеттің тарихында дәл осындай шараны мен бірінші рет көріп отырмын. Мұндай кездесулер Қостанай топырағында бұрын-соңды өтпеген. Сондықтан, мен бұған аса қуаныштымын!  Әрқашанда газеттің өркендеуіне өзімше атсалысуға мен әркез дайынмын.

IMG_5962Гүлсайра ХАФИЗОВА,

“Қостанай таңы” газетінің жанашыры, Затобол кентінің тұрғыны:

Ділі бір, түбі бір халықтың басылымы

–  Ділі бір, қаны бір, түбі бір түркі халқының ұрпағымыз! Ұлтым татар болса да, бұл газетті сонау башқұрт-татар жеріндегі туыстарым қатты қадірлеп, құрметтейді. Себебі, бұл газетте кезінде біздің аға-апаларымыз, іні-қарындастарымыз жайында материалдар жарияланды. Олардың болмысы, ғұмыры баяндалды. Аталмыш газеттің жанашыры деп маған құрмет көрсеткендеріңізге дән ризамын. Қал-қадерімше ана тіліндегі өңіріміздің маңдайалды басылымына жанашырлық танытуға әзірмін!

IMG_5933Сейілжан ПАНИЯЗ,

Затобол кентінің тұрғыны:

“Кемшіліктерге  назар салайық”

– Халықпен кездесуге уақыт тауып келген “Қостанай таңының” ұжымына мен өзімнің үлкен ал-ғыс сезімімді білдіремін! Осы өңірдегі жаңалық атаулыны қалың елге таратып, жұрттың талап-тілектеріне құлақ асып жүрген ықылас-ниеттеріңізге Алланың нұры жаусын! Ал енді айтайын дегенім, кейде газет оқып отырғанда түсінбейтін сөздерім көп. Сондай да әттеген-ай деймін. Тілшілеріңіз барынша қарапайым тілмен, ұғынықты етіп жазса деген ой менікі. Сосын билік басындағылардың суреттерін көп басасыздар. Көптеген журналистеріңіз мақала жаз-ғанда, ылғи сипай қамшылайды. Сыни материалдар жоққа тән. Алдағы уақытта осыны ескерсеңіздер екен? Тағы бір айтайын дегенім мынау: қазіргі жастар арасында қылмыс деген өршіп тұр. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында Сіздер боп,біздер боп талқыға салсақ, қоғамдағы жиіркенішті жағдайлар, бәлкім, орын алмас па еді…

IMG_6016Жадыра НҰРСЕЙІТОВА,

Н.Наушабаев атындағы орта мектептің мұғалімі:

“Мектеп өмірі газет беттерінен көрінсе екен!”

– “Қостанай таңы” газетінің ауданымыздағы күндері өтіп, оқырмандармен жүздесіп жатқаны біздер үшін керемет жаңалық. Газет оқырмандары көкейде жүрген ойларын айтып, пікір алмасып, арқа-жарқа болып қалды. Қазір басылымда жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында “Айналайын” беттері, “Жастар kz” қосымшалары жаңаша түрленіп, әсемденіп келеді. Жұрт қызыға оқитын болды. Шығармашылық топқа біздегі бір тілек – алдағы уақытта ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты, мұғалімдердің әдістемелік мақалалары шығып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп өмірі газет беттерінен көрінсе екен!

Әлібек ЫБЫРАЙ

Нұрболат  МЕШІТБАЕВ

Айбек ЖҮЗБАЙ

Бағдат АХМЕТБЕКОВ (суреттер)

Манапбек Қадыров Н.Наушабаевтың "Көкенайын" орындады

Манапбек Қадыров Н.Наушабаевтың “Көкенайын” орындады

Қымбат Досжанова ән шырқауда

Қымбат Досжанова ән шырқауда

Қыдырбек Қиысқан Қазтуғанның жырын орындауда

Қыдырбек Қиысқан Қазтуғанның жырын орындауда

"Іңкәр" тобының әншілері

“Іңкәр” тобының әншілері

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓