Қайта жаңғырған қастерлі орда
«…Қарабалуан атанып он екіде,
Танылған алты алаштың баласына.
Ту ұстап, тұлпар мініп жастайынан,
Айналған аймағының дарасына.
Қол бастап Аңырақай, Бұлантыда,
Қалмақты қойдай қуған тау асыра.
Тархан Жәнібек бабаммен тізе қосып,
Араласқан елдің бар шарасына.
Қос батыр жағалатып ел қондырды,
Обаған мен Тосынның арасына.
Би болып әділдікпен ел басқарды,
Қарамай ешбір істің қарасына.
Батыр баба қайтқанда ер Жәнібек,
Жерлеген Түркістанның қаласына.
Түркістанға жай адамды жерлемейді,
Осыдан-ақ жете бер бағасына.
Ұрпақтары мінеки мешіт салды,
Бабасының қорғап кеткен даласына».
Бұл – айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевтің «Алдиярұлы Жанұзақ «Қарабалуан» мешітінің ашылу салтанатында арнаған жыр шумақтары.
Бүгін ұлтымыздың біртуар тұлғаларының шоғыры өткен, қарағай-қайыңы аралас, табиғаты көркем қасиетті Алтынсарин елінде мұсылман қауымы үшін ерекше мерекелі күн! Пайғамбарымыз дүниеге келген қасиетті Мәуліт айында, ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында аудан орталығында тамаша ғибадат үйі есігін айқара ашты.
«Алдиярұлы Жанұзақ «Қарабалуан» мешіті 1998 жылы сол кездегі шаруа қожалықтарының жетекшілері, жеке кәсіпкерлер мен халықтан түскен қаражатқа салынған. Жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жете бастаған ғибадат үйіне 2019 жылы тамыз айында Жамановтар әулетінің ұйытқы болуымен жаңарту жұмыстары басталды. Бұрынғы намаз оқу залына қосымша құрылыс нысандары, атап айтқанда, дәрет алатын орын, асүй бөлмесі, имамның кабинеті, 250 орындық асхана салынды. Еденіне дейін тұтас жылу тартылған. Мешіт сырты жаңадан дуалмен қоршалды. Қызыл кірпіштен өрілген Алла үйінің күмбезі де алтындалып жасалып, алыстан көз тартып тұр. Ал «Алдиярұлы Жанұзақ «Қарабалуан» мешіті» жазуы күндіз күн сәулесіндей менмұндалап тұрса, түнде жарығын жаққан кезде ерекше көзге түседі.
Орта жүздің арғын ішіндегі Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлының азаттық үшін күресін, ел басқарған әділ билігін, қол бастаған батырлығын білмейтін қазақ жоқ десе болады. Бірақ ақтабан шұбырынды кезіндегі көптеген батырлар туралы деректер сақталмай, орыстың боданы болғаннан кейін олардың ерлігін жазып таратуға тыйым салынды. Ақтабан шұбырынды, алқақол сұлама заманында әрі батыр әрі би Қарабалуан бабамыз бастаған ел Торғайдың Тосынынан Обаған бойына дейін орналасып, солтүстіктен келген жаудан елді қорғау үшін ерекше күшін жұмсады.
А.Байтұрсынұлы өзінің «Бата» деген өлеңінде:
«Қарабалуан, Жәнібек,
Қаздауысты Қазыбек,
Тұлға болып артына
Жетім қалған халқына
Бір тиянақ қазық еді», – деуі тегін болмаса керек.
Салтанатты шараның әлқиссасы облыстық Аймағанбет қажы мешітінің имамы Әли қаридың Құран аяттарын оқуымен басталды. Ақсақалдар атынан Әбдікәрім қажы Мағзұмұлы құттықтау сөз сөйлесе, таспаны ел ағалары Темірбай Мұқатияұлы мен Бақберген Өтеулин кесті.
Мешіт ішіне кірген жамағат сәлем намазын оқып, бата-дұға қылды. Соңынан жаңа асханада көпшілікке арнайы дастархан жайылды. Облысымыздың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, «Алдияр» бірлестігінің төрағасы Мұрат Оразжанұлы және Жамановтар әулеті құттықтау лебіздерін жеткізіп, мешіт құрылысына атсалысқан азаматтарға арнайы сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, биылғы жылы ауданда қатарынан екі ғибадат үйінің ашылуы мұсылман қауымы үшін зор мақтаныш. Көктемде Щербаков ауылында «Тойғанша Ана» мешіті жамағатқа есігін ашқан болатын.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.