Алда талай асу бар
Биылдан бастап әр ауданда “Қостанай таңының” жанашырлар клубы” құрылады. Оған халқымыздың бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріне, діліне, дініне, әдет-ғұрпына, тіліне жаны ашитын ел ішіндегі абыройлы кісілердің бірі, төраға етіп сайланады. Келешекте клубтың құрамына жүздеген мүшелер қабылдануы бек-мүмкін. Ондағы мақсат – газетті халық арасында кеңірек насихаттау, басылымның тиражын арттыру және қазақтың тілі мен салт-дәстүрін әдіптеу. Алғашқы болып осындай клуб Қостанай ауданында құрылды. Оның алғашқы мүшелері-ардақты ақсақал, қадірменді қария Мырзағали Құрмановқа, ұлты басқа болса да ұраны бір азаматша Гүлсайра Ғафизоваға және аудандық мәслихаттың хатшысы, әнші-сазгер Аманкелді Досжановтарға арнайы куәліктер табыс етілді. Клуб жетекшілері биылғы екінші жарты жылдықта “Қостанай таңы” газетін жаздыртуға белсене араласқан үш кісіге облыстық газетті тегін жаздыртып береді. Оны куәләндырған сертификатты газет басшысы аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Көпжасаровқа тапсырды.
Қоғамдағы түрлі құбылыстарды қаламына ілдіріп, мектеп өмірінен сыр тартқан шағын мақала,өлеңдерін өздерінің сүйікті газеттеріне жолдап жүрген жас тілшілерге белгілі журналист-жазушы Сәлім Меңдібай “Қостанай таңының” жас тілшісі” куәліктерін табыс етті. Олардың арасында Н.Наушабаев атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары Гүлдана Марат, Нұргүл Кәкенова және Жансая Сабыржановалар бар.
Оқырмандармен жүздесу кешінде газет тілшілері – Қыдырбек Қиысқан Қазтуған жыраудың термесін төгілтсе, ақын Нұрболат Мешітбаев Нұржан ақынға арнаған өлеңін оқыды. Қымбат Досжанова барша Аналарға ән арнады. Ал, Әлібек Ыбырай жас тілшілерге өз тілегін білдірді.
Үстіміздегі жылы “Қостанай таңы” газетінің жанынан әлеуметтік зерттеу орталығы құрылған болатын. Осы орталықтың жетекшісі Анжелика Ткаченко оның қызметі жайлы кеңірек айтып берді. Сондай-ақ, Бас редактордың орынбасары Жұматай Кәкімжанов басылымның электронды нұсқасы, яғни “Қостанай таңы” газетінің ресми сайты туралы оқырмандарды жан-жақты хабардар етті. Газет сайты қазір қайта жасалып жатыр. Енді таяу күндері ол ғаламтор қызметін тұтынатын бұқара үшін ең қолайлы ақпарат құралына айналмақ.
Танымал әнші, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әншісі Манапбек Қадыров “Қостанай таңының” оқырмандарына небір тамаша әндерді тарту етті.
“Қостанай таңының” жас тілшілері
Шағын көрмеде
Күмбірлейді асқақ күй