Кие түс көшіп барады
Қазір сан алуан түс жайнап-жарқырап, кемерінен асып-төгіліп, сиқырлана көздің жауын, жүректің дегбірін алып жатыр. Кәдімгі көз алдыңыздағы түрлі түстің салтанаты дәуірлеп дес бермей барады. Байқайсыз ба, адамзат баласы жаратқан ием берген алуан түсті үйлесімді күйі, болмыс-бітісін бұзып, шектен тыс бояулатып, жарқыл-жұрқылға көміп жіберді.. Кімнің қандай түсте киесі барын шатас-тырып алдық. Соның салдарынан адамның жан дүниесі де татым-тұшымы жоқ жаңа бір түйсік-түзілімге айналып бара жатқандай. Ішкі үніміз де салдыр-күлдір, шаңқ-шұңқ. Ал Алла-тағаланың қазақ баласының еншісіне берген тек өзіне тән, төрт құбыласы тең, құдіретті киелі түсі қайда? Яғни – Қоңырымыз қайда?
Қоңыр десе.. Ой-хой, қоңыр жүзді, қоңыр мінезді, қоңыр дауысты алаш баласы; Байқоңыр, Жетіқоңыр, Үшқоңыр, қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр дала, қоңыр бел алаш жері; қоңыр тай, қоңыр қой, сиыр, қоңыр түйе түлігі көзге елестейді. Ал "Назқоңыр", "Телқоңыр", "Әсемқоңыр", "Қоңырқаз", "Ақсаққоңыр", "Мырза қоңыр", "Алпыс екі қоңыр", "Қорқыттың қоңыры", ән-күйлер алпыс екі тамырыңызды балқытып, ғажайып бір рахатқа бөлейді! "Қоңыраулы найза қолға алып, қоңыр сал-қын төске алып" ("Алпамыс батыр") , Бес қаз ұшып келеді. Сансызбай қазды көреді, жалғыз ағам Төлеген, көре алдың ба қоңыр қаз? ("Қыз Жібек"), "Көлде жүрген қоңыр қаз, қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, су қадірін не білсін?" (Асан қайғы); "Кешегі бес бо-лыстың жиынында, жайқалтып Ыбырай салған "Жаймақоңыр" (Үкілі Ыбырай), "Жағалап қара Ертісті Естай ақын, деп салған "Жай қоңыр" деп әннің аты" (Естай), "Көлбетіп қоңыр бұрымды, өреді қайта тарқатып, айнаға қайта бұрылды: көкірек – биік, арқа – тік." (Жұмекен) – деп, қуаныш-қайғы, шаттық-думан, мұң-нала бәрі-бәрі, қазақтың жан-жүйесі тек қоңырлайды, қоңыр бебеулейді, қоңырлай асқақтайды. Осының бәрі келіп кеудені кемерлеп, кернегенде, жүрек атқақтағанда Аллаға қазақ болып жаратқаны үшін шексіз алғыс айтқан.. ата- бабаларымыз..
Қобызға бесті айғырдың ту құйрығын тағып, оны қыл байланған ысқымен ысу арқылы қоңыр дыбысын аңыратып, боздатады.. Қобыздың шанағын нар түйенің қоп-қоңыр терісімен қаптағандықтан "Нарқобыз" атанған.. Ұзатылған қыз төркініне сағыныш- сәлемін өзі тіккен орамалының түр-түсімен аңғартса, оның жиегін тек қоңыр жіппен өре кестелеген. Аңшы қазақ қоңыр аңның киесі атады деп мылтық кеземеген.
Ананың ақ сүті мен әлдиін, домбыра күйдің күмбірін, қоңыр жусан мен самал иістің лебін бойына дарытқан, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртында, шыққан тегін қастерлеп, жеті атасы жадында, жақынды бауыр, алысты жақын тұтқан, ағайынмен ұйысқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, бір шаңырақ, көк тудың астындағы бір қазақ – қоңыр қазақ! Шіркін, осының бәрі түсім болмағай!
Қазір қазақ жанталаста…
Беттегі әжімді жазып, қоңыр жүзін ақ түске жаңғыртуда, қоңыр мінезі тоңқылдақ; күлкісі- шәңкілдек, қоңыр дауысы кү-шеншек шаңқыл. Мына сұмдықты естідім де сенбедім: бірінші рет жасанды түсік жасатқан қазақ қызының қоңыр даусы лезде бұзылып, үнінде қайрауықтың күйін-дей ащы дыбыс пайда болады екен. Ал жылқысында, "үстінен су төгілмес майда қоңырлардың" орнына дүңкілдек "дончоктар" көбейген.
Иллюминатордан қарап отырып қазақтың ұлан-ғайыр қо-ңыр белін ақбоз сортаң түс басқанын көрдім.
Қоңыр түстің киесі қайда көшіп барады?..