Азаттық таңын аңсаған…

Алаш қозғалысына 100 жыл
 
Елбасы айтқан рухани жаңғыру өткенімізді саралаудан басталмақ. Өйткені, замана қай уақытта да жүріп өткен жолынан сабақ алып, оның маңыздылығын үнемі ел жадында ұстау қажеттігін, ұлтымыздың біртуар азаматтарын ұмытпай, оларды қастерлеуді айқындап келеді. Сол арқылы санамызды жаңғыртып, ұлт мүддесін биік қоюды ұғындырса керек.Өткен ғасырда қазақ зиялылары бастаған Алаш үкіметінің арман-мақсаты да ұйқыдағы халықты оятып, тәуелсіз ел болу еді. Олар қаймана қазақ қамы үшін өз бастарын қатерге тікті. Қанша күрескенімен, әділдікке қол жеткізе алмады, керісінше жала жабылды, оларға азаттықтың ақ таңын көру жазылмапты.
Биыл сол Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Бұл датаны Таран ауданы өте жоғары деңгейде атап өтті. Осынау елді мекенде Алаш арыстарының бірі, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлин, ғалым Елдос Омарұлы дүниеге келген. Таран ауданы екі күн қатарынан игі шаралар ұйымдастырып, бабалар рухына тағзым етті.m_16E_G0NMYІс-шара барысында "Тəуелсіз Қазақстан жолындағы мəдени-ағартушылық жəне саяси тұрғыдан Алаш партиясы көшбасшыларының халыққа қызметі" деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны аудан әкімі Бақберген Өтеулин ашып беріп, Қостанай жеріне белгілі ғалым Жанділдә Мақанов жүргізіп отырды. Бұл шараға Астана мен Алматыдан, көршілес Ресейден ғалымдар келіп, өз зерттеулерінен тың деректерді айтып, ой бөліскен-ді. Ұтымды бір тұсы жиынға жас ғалымдар шақырылған. Олардың ойы, ғылыми тұжырымдары ерекше. Басқосуға Қостанай облысынан шыққан белгілі қаламгерлер Қайсар Әлім, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов қатысқанын айта кетейік. Сонымен қатар, аудан басшылығы А. Байтұрсынов пен Б. Майлиннің ұрпақтарын шақырып, айрықша құрмет көрсетті.
Конференцияда ақын Ақылбек Шаяхмет сөз алып, осы ауданның тумасы, Алаш партиясының мүшесі Елдос Омарұлы туралы кітабын көпшілікке таныстырды. Бұл туынды жуырда мың данамен жарық көріп, қалың оқырманға жол тартпақ. Тарихи тұлға туралы деректер ұсынатын кітаптың шығуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ, аймақтардан келген жас ғалымдар конференцияға қатысушыларға Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Мұстафа Шоқай жайында баяндама оқыды.
Алыстан ат терлетіп келген «Бейімібет Майлин» қорының директоры Жұмабек Табын мен Томск мемлекеттік университетінің өкілі Марат Абсеметов сөз сөйледі. Мәртебелі меймандар арыстардың өмірінен сыр шертіп, ел мүддесі үшін істеген ерліктерін тізіп шықты.
-Тәуелсіздік төбеден түскен бақ емес, бұл сонау Керей мен Жәнібектен бастап, кешегі Абылай ханның, Аманкелді мен Кейкінің, Ахмет пен Әлиханның, сексен алтының желтоқсанында алаңға ұмтылған жастардың қанымен келген дүние. Алаш зиялылары бұл жолда көп еңбек еткен, көзсіз ерлікке барған азаматтар,-дейді Жұмабек Табын.
Тағы бір атап өтетіні, жер-жерден келген ғалымдар, тарихшылар аудандағы білім ордаларында, мектептерде оқушылармен кездесу өткізген болатын.DSC_0004Сонымен қатар, облыстағы өзге аудан мұражайлары өз жәдігерлерін әкеліп, тақырыпқа сай көрме ұйымдастырған. Мұнда Торғайдағы Міржақып Дулатов музейінің дүниелері ақынның өмірінен сыр шертіп тұр.Конференцияда келелі мәселелер де қаралды. Аға ұрпақ жас ғалымдарға Алаштың басқа да зерттелмей қалған азаматтары жайлы ізденуге кеңес берді. Тарихтың бұрмаланған тұстарын түзеп, бар шындықты жайып салу керек дейді қариялар.
Бұдан соң жергілікті өнерпаздар Мағжан Жұмабаевтың өміріне негізделген «Ақынның тағдыры» атты спектаклін көрсетті. Мұнда Мағжанның бала күнінен бастап, кесапаттың құрбаны болып, қыршын қиылғаны сомдалады. Ауыл жастарының бұл өнері жиылған жұртшылықтың жүрегін дір еткізіп, көрермен көзіне жас ұялатты. Тамаша қойылымды Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары жалғады. Түс ауа бабалар рухына құран бағышталып, ас берілді.IMG_0537
IMG_0681Келесі күні Таран жұртшылығы асыға күткен ақындар айтысы басталды. Соңғы жылдардың бедерінде мұнда ақындар ат басын бұрмаған. Халықтың қазақы қалжыңды, асыл сөзді сағынып қалғаны байқалып-ақ тұр. Сөз додасын көруге ауданға қарасты ауылдардан, іргедегі Рудный, Лисаков қалалары мен Тобыл стансасынан да көрермен келген. Алаш арыстарын жырламаққа Айбек Қалиев, Салтанат Өтелбаева, Марғұлан Оспанов, Байбатыр Ахметбеков, Ғалымгерей Кенжеғозин сынды сөз зергерлері сынға түсті.
Әділ-қазылар мүшесінде ақындар Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов, Әлпия Орманшина, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева болды. Он ақын өзара жұптасып, кім мықтыны анықтады.DSC_0043Арқаланған ақындар Алаш арыстарын барынша аша білді, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Сондай-ақ, ақындар ел ішінде жиі айтылып жүрген аудан атын Бейімбет Майлин деп өзгерту, қоңсылас жатқан Рудныйды Сарыбайға ауыстыру мәселелері, аудан орталығында тұрған Ленин ескерткішінің қашан алынатынын қозғады. Жиналған жұртшылық ақындардың әр сөзін қолдап, қиқулап, қошеметтеп отырды.
Өнер сүйер ағайын Айбек Қалиев пен Салтанат Өтелбаеваның айтысын ерекше ұнатты. Бұл екеуінің арасында нағыз қыз бен жігіт айтысы өрбіді. Қазақы қалжың, жарасымды әзіл жұртты күлкіге қарық қылды. Реті келгенде сөз шеберлері мәселелерден де айналып өтпеді. Шындықты айтып үйренген Айбек ақын түйіні шешілмей тұрған дүниелерді жырмен жеткізе білді.
Нәтижесінде бас жүлдені Айбек Қалиев қанжығасына байлады. 1 орынды жергілікті ақын Мамай Ізтілеу еншілесе, 2 орынды Салтанат Өтелбаева, 3 орынды Марғұлан Оспанов алды. Бейімбет Майлин атындағы арнайы сыйлықты рудныйлық  Ғалымгерей Кенжеғозинға бұйырды. Алматыдан келген қонақ Жұмабек Табын өзі басқаратын қордың атынан Балтасар Тұрысбекұлына сый-сияпатын ұсынды.калиевШара соңында Бейімбет атамыздың Көкшетаудан келген жиен немересі Дәмен Сейтжанова сөз алып, өз ризашылығын жеткізді:
-Мен де Майлин атындағы қордың мүшесімін, өзім Петропавл қаласында тұрамын. Дегенмен, атажұртқа жыл сайын келеміз. Қайда жүрсем де Қостанай менің туған жерім, атамның жері екенін айтудан жалықпаймын. Алаш арыстары жекелеген адамның жақыны, не жерлесі ғана емес, олар бар қазақтың арысы. Сондықтан оларды дәріптеп, жас ұрпаққа үйрету керек. Осындай ауқымды шараны өткізіп отырған аудан әкімі Бақберген Өтеулинге алғысым шексіз,-дейді ол.
Бұл бастама рухани жаңғырудың жарқын үлгісі болды. Қазақ халқының дербес болуын аңсаған Алаш ардақтыларының арманы әр қазақтың жүрегіне, санасына ұяласа игі. Қонақтар енді Бейімбет атамыздың 125 жылдық тойында бас қоспаққа уағдаласып қоштасты.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓