Өнерге әркімнің-ақ бар таласы
Кең далада ауыздан-ауызға тарап, көпшіліктің жүрегінен орын алған халық әндерін жыл сайын жаңғырту қажет. Міне, осы орайда Рудный қаласындағы "Орбита" демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Әсел Тасмағанбетова "Әсем әнім" атты қалалық V қазақ халық әндерінің фестивалін ұйымдастырды. Байқауға жас та, кәрі де қатысты деуге болады.
Байқаудың негізгі мақсаты – халық әндерін кеңінен насихаттау, дамыту. Онымен қоса та- лантты жандарды сараптау. "Өнерлі өрге жүзер" демекші, алдыңғы іріктеу кезеңінен отыз шақты үміткерден сүрінбей өткен он тоғызы өнерсүйер қауымның көңілінен шығуға тырысты. "Әриайдай", "Қамажай", "Жеті арал", "Назқоңыр" сияқты әндер кеңінен шырқалды.
Байқау да мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Жасөспі-рімдер арасында бірінші орынды №19 орта мектептің 9 жасар оқушысы Әсет Қуанышов, ересектер арасында Қашар ауылының 45 жасар азаматы Махаббат Серкебаев иеленді. Екінші орынды жасөспірімдер арасында №7 орта мектебінің 15 жасар оқушысы Мейірімхан Назарханов пен ересектер арасында дуэт орындаған №15 мектебінің ұстаздары Гүлсая Тәжина мен Жазира Бейсенғалиева еншіледі. Ал, үшінші орын жасөспірімдер арасында №7 мектебінің 9 жасар оқушысы Үнзира Қуандықоваға және ересектер арасында №21 гимназияның мұғалімі Нұргүл Аушахманова мен музыкалық колледждің студенті Рысжан Жүзбайға бұйырды. Ал, қалған өнерпаздар "Алғыс хатты" қанағат тұтты.
– Халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен өнерінің дамуына жол ашып отыратын "Орбита" қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бұл өскелең жас ұрпақ үшін таптырмайтын тәрбие көзі. Әсіресе, қазақтың халық әндерін насихаттау ұлттық болмысымызды аша түседі. Жыл сайын жалғасын тауып жатса игі, – дейді әділқазы мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Жақсылық Кәкенов.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Рудный қаласы.