Неке қию ақылы ма?
Қостанай халқы асыға күткен Салтанат сарайы қала күні қарсаңында пайдалануға берілді. Алайда көптің көңілін күпті еткен бір сауал бар. Ол-салтанат сарайында неке қию рәсімі ақылы ма деген сұрау еді. Бұқараны алаңдатқан сұраққа жауап беру үшін "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Арман Әлиев журналистерді жинап, брифинг өткізді.
Шаһарымызға сән берген салтанат сарайы "Жастар" бульварында орналасқан. Нысанның жалпы ауданы 1926,6 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың бой көтеруіне 374 млн 157 мың теңге жұмсалған. Аталмыш жоба "Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі. Корпорацияның төрағасы А.Әлиевтің айтуы бойынша, ғимараттың құрылысына бюджеттің бір теңгесін де пайдаланбаған. Оған жұмсалған қаржы корпорацияның таза табысынан алынды.
Салтанат сарайы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаты Қостанай қалалық әділет басқармасына жалға берілді. Онда дүниеге келген нәрестені, қайтыс болған адамды, неке қиюды, некені бұзуды, әкелікті анықтауды, тағы да басқа рәсімдеу түрлері ақысыз жүзеге асырады. Яғни, Әл-Фараби даңғылында орналасқан бұрынғы Әділет басқармасы (АХАТ) осында ауысты деген сөз. Салтанат сарайының екінші қабаты "Мереке love" жекеменшік ұйымына беріліп отыр. Екінші қабат мерекелік іс-шараларға арналған. Онда некені қию барынша сән-салтанатпен өтеді. Тек ақшасын төлесеңіз болғаны. Себебі екінші қабаттағы көрсетілетін қызметтердің құны 30 мың теңгеден бастап 100 мың теңгеге дейін.
– Біз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бол-ғандықтан аталмыш жобаны қаржыландыруға тиістіміз. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң дайын ғимаратты Әділет министрлігі немесе қалалық әкімдік сатып алады деп ойлаған едік. Бірақ министрлік пен әкімдікте біздің ғимаратты сатып алатындай мүмкіндік болмай отыр. Сондықтан нысанды бизнес өкілдеріне сатуды жөн көрдік. Яғни, жалға беруге келістік. Себебі, бізге инвестицияны қайтару керек, – деді Арман Әлиев.
Қымбат
ДОСЖАНОВА