Бетперде туралы бірер сөз

Қоғамда маскаға қатысты пікірталас қызып тұр. Әркім әртүрлі пайымға сүйенеді. Қалай дегенмен, заң, талап бәріне бірдей. Оны орындау керек. Бес жасқа дейінгі балалар, жаттығу жасаушылар және аллергиясы немесе басқа да тыныс аурулары бар азаматтарға көшеде бетперде тақпауға рұқсат етілген. Бірақ, мамандар оларға көп адам жүретін жерлерге бармауға кеңес беріп отыр. Көпшілікті мазалаған сұрақтарға тиесілі министрлік жауап беріпті. Назар салайық.
маска
Сұрақ: Балалар неше жастан бастап бетперде киюі керек? Жапониялық және басқа шетелдік педиатрлар балаларға маска киюге болмайды деп санайды, өйткені, бұл жеткіншектердің тыныс алуына кері әсер етеді.
Жауап: АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Франция, Польша, Германия, Испания және Сингапур елдерінің халықаралық тәжірибесі зерттелді. Мысалы, АҚШ-тың әр штатында маска тақпауға рұқсат етілген жас әртүрлі. Массачусетс, Иллинойс, Вермонт, Род-Айленд, Пенсильвания, Колумбия округі, Нью-Йорк штатында 2 жастан, Делавэр штатында 11 жастан міндеттелген. Германияда 6 жасқа дейінгі балалар бетпердесіз жүре алады. Австралияда – 12 жас, Ұлыбританияда – 3 жасқа дейін.
Осыған байланысты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі масканы міндетті түрде тағу ережесіне «5 жастан асқан балаларға» деп түзету енгізді.
Сұрақ: Көлік ішінде маска тағу керек пе?
Жауап: Қоғамдық болса (автобус, пойыз, ұшақ, кеме немесе такси) – онда міндетті. Егер жеке көлік болса, онда тақпауға рұқсат.
Сұрақ: Ал көлікте басқа адамдар отырса ше? Егер олар бір отбасы болса?
Жауап: Жеке машинада бір отбасы мүшесі отырса берперде тағу міндетті емес. «Ауру қаупін 30% төмендетеді» деген ғылыми негіздеме ескергенілдіктен, маска тағу ұсынылады.
Сұрақ: Ата-аналар мен балалар үйлерінің аулаларында серуендеу кезінде бетперде кию керек пе?
Жауап: Жеке үйдің ауласында міндетті емес. Көп қабатты тұрғын үйдің ауласында – иә, қажет. Бес жасқа дейінгі балалар мен бір отбасы мүшелерін қоспағанда.
Сұрақ: Велосипед айдағанда маскасыз жүруге тыйым салынған ба?
Жауап: Жеке спортпен шұғылдану үшін маска кию қажет емес. Сонымен қатар, ашық ауада адамдар көп жиналатын жерлерде (мысалы, бағдаршамда, жаяу жүргінші өткелінде) велосипедші маска тағуы керек. Әлеуметтік қашықтық мүмкін болмаған кез келген жағдайда азаматтар бетперде тағуы қажет.
Сұрақ: Егер адамда тыныс алу аурулары болса, бірақ, ол жұқпалы болмаса және дәрігерлер маска киюге кеңес бермеуі мүмкін, оларға да айыппұл салына ма?
Жауап: Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, яғни, тыныс алу органдарының ауруларынан зардап шегетін адамдарға көпшілік жиналатын орындарға барудан бас тартуды ұсынамыз, өйткені, бұл адамдар тобы бірінші кезекте КВИ ауруының жоғары қаупіне ие. Маска режимі бұзылған жағдайда бұл адамға айыппұл салынуы мүмкін.
Сұрақ: Министр маскаларды өзіңіз жасай аласыз деді. Мұндай маскалар қорғаныста қаншалықты тиімді?
Жауап: Медициналық маскалармен қатар матадан тігілген беттұмшаларды да тағуға болады. Тек уақытылы өзгертіп, жуып, үтіктеу керек. Үйде жасалған маскалар өте тиімді.
Сұрақ: Полиция кімге айыппұл салу, кімді жазасыз қалдыру керегін қалай анықтайды? Олардың нақты нұсқаулығы бар ма?
Жауап: Тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде анықталған. Жеке тұлғаларға (азаматтарға) қатысты карантиндік шараларды сақтамағаны үшін (әлеуметтік қашықтық, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперделерсіз болу және т.б.) әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін дәлелді базаны жинаумен ішкі істер органдары және мониторингтік топтар құрамындағы жергілікті полиция қызметі айналысады. Кейіннен олар ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін материалдарды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелеріне береді. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың карантиндік іс-шараларды іске асыруы кезінде азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары, бостандықтары, заңды мүдделерінің сақталуын қадағалауды прокуратура органдары қамтамасыз ететін болады.
Сұрақ: Масканы дұрыс тақпаса немесе мұрнын жаппаса, полиция айыппұл сала ма? Бірақ ол адам әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жалғыз тұрса және полиция жақындаған кезде беттұмшасын тақса?
Жауап: Полиция қызметі масканы дұрыс кимеген фактіні анықтаса, бұл әкімшілік іс жүргізуді қозғауға және айыппұл салуға, жауапқа тартуға негіз болады.
Сұрақ: Қазақстандықтар пайдаланылған маскаларды қайда тастауы керек? Қандай ережелер бар?
Жауап: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 5 шілдедегі №ҚРДСМ-78/2020 бұйрығымен жеке қорғану құралдарын пайдалану және кәдеге жарату бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бекітілді («өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына 10-қосымша).
Үйде қолданылған медициналық маскалар (түшкіру және жөтелу кезінде қолданылатын майлықтарды қоса) бөлек пакетке салынып, оны тығыз және герметикалық түрде жауып, содан кейін ғана қоқысқа тастау керек.
Сұрақ: Қазақстандықтар үшін бетперде тағуға қатыста толық ережелер мен түсініктемелер жариялана ма?
Жауап: Иә, маскаларды тағудың барлық қабылданған ережелері ҚР Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінің сайтында, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады, сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында бар. Барлық сұрақтарға Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жауап беріледі.
Сұрақ: Денсаулық сақтау Министрлігінің бұйрығын жасау кезінде ДДСҰ маскалары бойынша ұсыныстары ескерілді ме (мысалы, ұйым жаттығу кезінде бетперде киюді ұсынбайды)?
Жауап: Иә, ескерілген. Жеке және топтық спортпен 5 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бетперде кию міндетті емес.
Сұрақ: Маскаларға қатысты кім жауап ала алады? Қазақстандықтарды тоқтатуға кім құқылы? Қандай тәртіп бар?
Жауап: 5 шілдеден бастап қызметін қайта бастаған әртүрлі меншік нысанындарына, сондай-ақ, тұлғалардың карантин талаптарын сақтауына мониторинг жүргізу мақсатында өңірлерде 779 мониторингтік топ құрылды, олардың құрамына полиция қызметтерінің, әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП, санэпидқызмет органдарының, еріктілердің өкілдері кіреді.
Жеке тұлғаларға (азаматтарға) қатысты карантиндік шараларды сақтамағаны үшін (әлеуметтік қашықтық, адамдар көп жиналатын жерлерде бетпердесіз болу және т.б.) әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін дәлелді базаны жинаумен ішкі істер органдары және мониторингтік топтар құрамындағы жергілікті полиция қызметі айналысады. Кейіннен олар ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін материалдарды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелеріне береді. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың карантиндік іс-шараларды іске асыруы кезінде азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары, бостандықтары, заңды мүдделерінің сақталуын қадағалауды прокуратура органдары қамтамасыз ететін болады. Сіз жоғары органдарға және сот тәртібімен наразылық білдіре аласыз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓