«Жан Шуақ» сыйлығына ие болды
Қостанайлық мүмкіндігі шектеулі жандар Дүйсенғали Оспанов пен Алина Лампартер «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығымен марапатталды.
Салтанатты рәсім 5 желтоқсанда Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен еді. Іс-шара «Шексіз мүмкіндіктер 2014» халықаралық акциясы мен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Елорда төрінде өткен салтанатты рәсімде екі қостанайлықтың мерейі үстем болды. Атап айтқанда, «Үміт-Надежда» ҚБ төрағасы Дүйсенғали Оспанов «азаматтық қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдардың басын біріктіруге қосқан үлесі үшін» аталымымен марапатталды. Ал Алина Лампартер «Қолданбалы өнер» аталымында жеңіске жетті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбек құттықтаған болатын.
-«Жан шуақ» сыйлығымен марапатталғаныма қуаныштымын. Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Облыстағы жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі,-деді «Үміт-Надежда» ҚБ төрағасы Д.Оспанов.
«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы мәдениет, спорт, білім саласында жоғары жетістікке жеткен мүгедектерге және азаматтық қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдардың басын біріктіруге үлес қосқан меценаттарға беріледі. Аталмыш сыйлық 2008 жылдан бері табысталып келеді. Бұл іс-шараны «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» РҚБ жыл сайын ұйымдастырып отырады.
Суретте: марапат иелері: Дүйсенғали Оспанов және Алина Лампартер;
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай