Торғайда бір ақын бар Қоныс деген… Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл – 60 жаста

Жастығына таланған
Жанұзақ Аязбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі
фото 1psd копияБес жыл  ақбас Алатаудың етегінде, сері Алматының  думан-базарында жастық шағымыз өтті.  "Көкалаттан"  ноқта көрмеген асау тайдай тасына, тасырлата келген  бұл Қонысбайдың, (біз үшін Қоныстың),  қыры да, сыры да көп жампоз.  Жұрт Қоқаңды айтыстың "әй-әй" ақыны, ақтангері ретінде біледі.  Біз болсақ, Университетте он сегіз жасынан бастап  Қоныс-гитарист, Қоныс-сатирик,  Қоныс-композитор, Қоныс-әнші,  Қоныс-сері деп қырық қырынан  танылып үлгергенінен білеміз.  Сол  кезде-ақ өз тұрғыластарынан оза тайпалма жорғалық танытқан. 
Қоныс бізбен құрдас,  біздің "молодойлардың" группасында оқыса да, үлкендермен "стариктермен" дос-жолдас болды. Журналистика факультетінде  "Ләйлім шырақ" ансамблін құрды. Құрамында марқұм жерлесі Марат Нұрқалиев бар болатын.  "Бала махаббатын" жаз-ған Қоныс. Керемет ән. Авторы Қоныс  болғанымен күнде қатар жүргенде мойындай қоймайсың. Курстастарымыз Қуандық,  Ұлықбек, Дидахмет, Нұртілеу, Мылтықбай, марқұмдар: Сейітқұл, Төрекелді тағы басқаларының сол кезде-ақ бойдағы бұла дарыны бұлқынып, шығуға ұмтылған шағы, әсіресе Ұлықбек тұңғышы "Жұлдыз жарығын" шығарғанда қызыға да,  сүйсіне де, қызғана да қарадық.  Бәрі еске түскенде, сол бір жаны әппақ,  көңілі дария  аңқылдаған жалын жандарды  сағынасың.
Кейін Қоныс  айтыс ақтаңгері, арғымағы болды. Тағдырына таланған деген бір сөз жиі айтылып жүр ғой.  Қоныс жастығына таланған тарлан. Ол студенттік өмірдегі ортаның барлық ду-думанының ен ортасында жүрді. Ол сондай-ақ әдебиет майданына да тайсалмай кірген. Сатиралық өлеңдері, әзіл-ысқақтары, әңгімелер жазды. Жастық шақтың қызығын армансыз көрген оғылан.
Маған  әдебиетші ретінде Қоныс құрдасымның көбіне көркем әңгімелері ұнайды. Туындылары жылы юмор, қазақ ауылының қарапайым адамдарының мінез-құлқы, аңғал да аңқылдақ болмыс-бітімі,  жеңіл, жинақы жазылғандықтан  тез оқылады. Айталық,  "Мираш" шағын әңгі-месінде   ("Жұлдыз" №6 2008) "Аяққа құрым  етігін қисайта киіп, таңертең тоғыз-ға  бес минут қалғанда пошта үйін бетке алады. Орта жолда кездескен он адамның екеуіне ғана сәлемдесіп, басын шал-қытқан күйі сызданып жүреді" дейді де автор:"Мен оның табанының астындағы ой шұқырларға қалай сүрініп кетпейтініне таң қалатынмын", "Пошта есігіндегі ескі құлыпқа күнде жаңа көріп тұрғандай   ежірейе  қарайды" – деген сөйлемдерімен бірге сол ауылда жүргендей күй кешесің.
"Еденді осы ауылдағы ең шайпау келін-шек – Емсек жуады". Осы жанама кейіпкердің ремарка жасағанда бір ауыз сөзімен-ақ қандай екенін жайып салады. " Емсектің қолы жұмыс істеп жатқанымен аузы сөзден бір босамайды". Әйел баласының соттың оқуын оқып жатқанын айтып қорқытып, Мирашқа сес көрсете сөйлейтін сәтінен ақ  кез-келген қазақ аулынан кездесетін кәдімгі сүйреңдеген салпыауыз әйелдің  бейнесі көз алдыңа келеді.  Ал Мираштың қалай  хаттарды алып оқитын диалогы, әсіресе, әңгіменің аяқталар тұсындағы  бие сауып отырған Әйім кемпірдің дәл қасына  самолеттен тастаған пошта бір бума газет, жас байталдың одан үркіп, шелекті теуіп, қорадан қарғитыны, тентек кемпірдің атып шығып самолет пен Мирашты  талап тастауға ұмтылғанда  оншақты хаттың біреуі Әйім кемпірдің баласынан болып  " Әйім әжеміз бет аузы бір уыс болып, тақыр жерге жүрелеп отыра қалып, бір жапырақ қағазды ежелеп оқи бастады. Сөйтіп төніп келген долы дауыл ойда жоқ жерде оп-оңай ақ басыла қалды. Осындай аспанға қарап алақанын жайып жүрген кезде Мираштың биік беделіне сәл де болса нұқсан келгендей болады. Бірақ жер құрғап жағдай жөнделіп, самолет қона бастағанда  ол ханға сәлем бермес кербез қалпына қайта түседі", – деп аяқталады шағын әңгіме. Дәл осы тақылеттес тағы бір кейіпкері   "Тәліп".  Автор-дың әңгімесі де осылай аталады.  Ол киномеханик. Жиырма тиыннан билет сатады.  Бір сом берсең қалғанын "сдашын" бермейді. Жиырма бес теңге де солай. Кез келген үйдің қабырғасы әктелген болса ол экран бола салады. Жұрт отыратын жерді сызып қоюы, кино табақтарын ауыстырып алатыны, үнді киносын қоятыны бәрі-бәрі біздің ұрпақтың көз көрген ауыл көріністері бәрі де рас, шын. Қоныс сезімтал, аңғарымпаз. Сөзбен оймақтай етіп сурет сала қояды. Міне, Қонысбай осындай жазушы.
СУРЕТТЕ: ҚазМУ-де оқып жүргенде. (Сол жақтан бірінші Қонысбай ӘБІЛ, ортада – мақала авторы Жанұзақ Аязбеков).
 
Қазақстанның халық ақыны  Қонысбай Әбілдің  шығармашылық кеші Арқалық қаласында тамыздың  26  күні,  Жанкелдин ауданы, Торғайда  27 тамызда болады.
 
 
Авторға алғыс
"Топ жардым туын жықпай туған елдің" кітабы туралы
"Бұл кітапты орталық аурухананың 2-терапия бөлімінің №27 палатасында профессор Шамғон Қажығалиевпен бірге жатып, 4 шілде күні түнгі сағат 22.50-де оқып бітірдім. Талай рет күліп, көңілдендім. Талай рет сүйсініп, риза болдым. Бірнеше рет көзімнен бұрқ-бұрқ жас шықты. Ақыры жылап отырып бітірдім. (Әр беттегі леп белгісі (!) қойыл-ған тұстар көзімнен жас шыққан беттер).
Кітап өте тағылымды дүние екен.  Әлеуметтік тақырыпқа жазылған өлеңдерден (ІІІ, ІV бөлімдер) Абай әуені еседі. Әр өлең сезім шыншылдығымен сүйсінтеді. ІІ бөлімдегі сықақтар, пародиялар рақаттана күлдіреді. Ал, V бөлімдегі ақын айтыстары адал адамгершілікті, биік парасатты, асыл азаматтықты танытады. Қуантады, сүйсіндіреді.
Бұл – халыққа рухани қазына боларлық бітімі бөлек өзгеше кітап. Әр үйдің төрінде тұрарлық асыл қазына. Ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін ұлағатты ұстаз."
(Ағалық құрметпен,
Әзілхан Нұршайықов,
5.07.2007 ж.)
 
* * *
"Қазір Қонысбайдың бір басында сәтімен тоғысқан нешеме қасиет бар: табиғи ақындық, талант, композиторлық қабілет, домбырашылық – әншілік және эрудиция. Ең алдымен профессионал ақындықты төкпе ақындықпен тығыз қабыстырған азаматқа көп жылғы журналистік жүйріктігі келіп қол ұшын ұсынады. Бұл үшеуіне білікті эрудиция қосылғанда тапқырлыққа, айтыстыққа, ұшқырлыққа қанат бітірсе, музыканттық мықтылық айтыскерлікті әуенмен әрлендіріп, асқақтады. Ешкінің асығындай шапаты шымыр иірілетін шалттық бір көргеннің де көзіне түседі-ақ!"
      (Мұзафар Әлімбаев).
 
* * *
"Сол топ жарған майталман ақындардың арасында сахнада өзін ұстауымен, келбет-көркімен ерекше дара көрінетін бір жайсаң жігіт болды. Ол Қонысбай Әбілев болатын. Қонысбайды сахнада көрген ел "Біржан салдар дәл осындай болған шығар" деп сүйсіне таңырқайтын.
Қонысбай осылайша ел құрметіне, салалы пікір, салиқалы талғамымен сөз түсінер үлкен мен кішінің көңілін жаулап алды. Біздің жазба ақындарды айтам, пәлен кітап шығарсақ та, бүкіл халыққа танымал бола алмай жүргенімізде айтыскерлердің ел-жұрттың ықыласына бірден бөленгеніне қызғанышпен қараған кездеріміз де болды".
     (Фариза Оңғарсынова).
 
* * *
"Ақын болып жаратылмағаныма өкіндім. Шын өкіндім. Мінезі ауыр дейтіннің өзімін. Жұртпен тіл табысып кетуім қиын. Ал, Қонысбай болса тайсалуды білмейді, ақ алмастай жарқ-жұрқ етіп қалың топқа кіріп кетеді, енді бір қарасаң – көпшілікті аузына қаратып алған, қазақтың қарабайыр сөздерін қыздай бұралтып, түріктің нәзік мәнеріне салып тұрғаны! Қараман қаласының сыртындағы көне қамалдың аясына жиналған ондаған мың халықтың алдына шыққан екі шайыр Мұрат Шабанұлы мен Шефер Ташлыұлы кәдімгі қазақ ақындарындай айтысып отырып, Қонысбайдың суырып салма шеберлігіне тәнті  болғанын тамсана айтты. Бұндайды күтпеген едік, Ер-ағаң (Еркеғали Рахмадиев) екеуіміз бір-бірімізге қоқырая қарап мәз болыстық."
                             (Әкім Тарази).
 
Тарландар

 

Торғайда бір ақын бар Қоныс деген,

Шеберден айналайын оны істеген.
                             (Ғафу Қайырбеков).
Алатаудай асқағым
Қонысбай Әбілге
Алатаудай асқағым,
Аңсап жүрмін мен сені;
Көкшетаудай көріктім,
Көксеп жүрмін мен сені.
 
Жүз найзаның ұшында
Жалғыз жаның шырылдап,
Құлағымның тұсында
Құлан даусың құлындап;
 
Таусылғандай амалың,
Шақырасың сен мені;
Көрешегі ағаның –
Інінің де көргені.
 
Сөзге тіккен жамбыны
Жатып атқан мергенім;
Өлең десе –  даңғылым,
Әнге салса – зергерім;
 
Талай қазақ табынар –
Әнің – шекер, жырың – бал;
Сені мендей сағынар
Алты алашта кімің бар?…
 Ерік Асқаров.
 
*  *  *
Жасынан ерте қағып жыр қанатын,
Жебейтін пірі болған Нұрхан ақын.
Ғафаң мен Сырағаңның сері інісі,
Әні мен өлеңінен нұр таматын
(Ұлықбек Есдәулет)
 
*  *  *
Сенің пірің – Нұрқандай дүлдүл ақын,
Менің пірім – Қонысбай бұлбұл ақын.
Өсем деген төбені шың қылатын,
Жанам деген жұлдызды күн қылатын –
Сұңғыла ақын!
(Айбек Қалиев)
 
Қонысбай Әбіл, Қазақстанның халық ақыны
 
ЖАДЫМДАҒЫ  ЖАЗБАЛАР
Қазақтың Қайнекейі
Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың басшылығымен Торғай топырағында өмірге келген, фольклорлық топтың алғаш-қы қарлығашы – атақты "Шертер" ансамблінің шаңырағын көтерушілердің бірі, әнші Отаркүл Мұқатова Алматыда эстрадалық студияда оқып жүрген. Бір күні:
– Қайнекей Жармағамбетов ағамен таныстырайын ба? – деп, ойламаған жерден ұсыныс жасады. Мен табан астында абдырап қалдым.
– Ой, ондай атақты кісіге беталды бар-ған ыңғайсыз болар, – дедім жүрексінгенімді жасырмай.
– Ой, ол кісі біздің ағамыз, өзің көресің ғой, өте қарапайым кісі, – деген соң қуана-қуана келістім.
Қайнекей ағамыз шындығында да жастығымызға қарамай құрақ ұша қарсы алды. Атақты ақынның өте қарапайым тұратынына таң қалсам да бай кітапханасын көргенде есім шығып кетті. Ол кезде Қайнекей ағаның мектеп оқулығына енген "Мұғалима" балладасын бүкіл оқушылар жатқа білетін. Жұрт сыртынан "тірі энци-клопедия" деуші еді, шындық екен. Қай тақырыпқа сөйлесе де тек сол саланы зерттеп жүрген адамдай бүге-шігесіне дейін тәнтіштеп береді екен. Сол бір кеш менің жадымда мәңгі сақталып қалды, өзім бір отырыстың барысында соншалықты рухани байып қайттым.
Асқанды да көргенбіз,
Тасқанды да көргенбіз.
Асып-тасып ақыры,
Сасқанды да көргенбіз. 
 
Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз.
Өсіп-бөсіп ақыры,
Өшкенді де көргенбіз.  
 
Болғанды да көргенбіз,
Толғанды да көргенбіз.
Болып-толып ақыры,
Солғанды да көргенбіз.
Қазақ поэзиясы алыптарының біріне айналған Қайнекей Жармағанбетовтың осы бір жыр жолдарын атқа мінген әрбір азамат Аяз бидің шапанындай қылып босағаға іліп қойса ғой, шіркін!
Бірақ баяғыда бір әжеміз айтқандай:
– Оны білетін бала қайда…
 
Қадыр ақынға хат
Менің Байдос Өмірбеков деген жездем бар. Қатардағы қарапайым адам, мамандығы – жүргізуші. Бір ерекшелігі поэзия десе ішкен асын жерге қояды. Ақындардың бірін жібермей оқиды, өзі ұнатқан өлеңдерді жатқа айтады. Тіпті Расул Ғамзатовтың Сағи Жиенбаевтың аударуындағы қазақ тіліндегі өлеңдер жинағын да соның қолынан көрдім.
Табынатын ақыны – Қадыр Мырза Әлі. Мектепте оқып жүргенде Қадыр ағасына арнайы хат жазыпты, қысқаша мазмұны мынандай:
"Қадыр аға, мен Сіздің сонау Торғай еліндегі бір тілекші ініңізбін. Керемет өлеңдеріңізді оқығанда мен кейде Сізді адам емес шығар деп қаламын. Сіз де біз құсап тамақ ішесіз бе, ойнап, күлесіз бе? Жырларыңыздағы керемет ойларды қайдан таба бересіз?
Қыранды самғады дейміз,
Бәлкім, ол өзін сынағаны шығар.
Бұлбұлды сайрады дейміз,
Бәлкім, ол жылағаны шығар?..– дейсіз.
Бұндай ойдың екі аяқты қарапайым пенденің басына келуі мүмкін бе?
Уақытыңызды алғаныма кешірім өтінемін, менің айтайын дегенім басқа.
Қадыр аға, менің мекенжайым мынандай:
Торғай облысы,
Аманкелді ауданы,
"Крупская" совхозы,
Өмірбекұлы Байдос.
Егер ажал көзіңізге көрініп келсе, осы адрес бойынша жіберіңіз, Сіздің орныңыз-ға мені алсын. Аман болыңыз, аға!"
Қадыр ағаға осы хат туралы айтқанымда қатты толқыды. "Апырай, мен ол хатты ал-ған жоқпын ғой, алсам есімде қалар еді, мен оны жауапсыз қалдырмас едім" – деді қайта-қайта. Осы жайлы Байдосқа айтамын ғой деп жүргенде араға біраз уақыт түсіп кетті.
Кешкілік үйде отыр едім телефон шыр ете қалды. Тұтқасын көтерсем, Байдостың даусы:
– Тез теледидарды қосшы!
Жанталасып қосып қалсам, Қадыр ағаның қайтқаны туралы қаралы хабар айтып жатыр екен.
– Көрдің бе? – деп сұрады Байдос, өзі жылап тұр, – Қадыр аға менің хатымды алмаған ғой, иә, алмаған ғой…
"Туғаныңда тек қана әке-шешең қуанып,
Өлгеніңде бүкіл ел қара салса, жарадың…"
(Қадыр Мырза Әлі).
 
Жүрекжарды лебіздер
"Бүгінде жас Нұрхан атанған Қонысбай Әбіл кешегі Нұржан, Нұрхан, Омарлардың, Жамбыл мен Кенен аталарының өнерін лайықты жалғастырып келе жатқан ізбасарлар, бетбұрыс кезеңде қалыптасып отырған ақындық мектептің, әсіресе жастар мектебінің алдыңғы сапында келе жатыр, жаңалықтың хабаршысы болып отырған айтыс өнерінің белді де беделді өкілдерінің бірі".
(Ақылбек Шаяхметов).
 
Еліңе жүр еркелеп
Балдан тәтті тіршіліктің мөлшерін,
"Көкалат пен Шәкір тамның
арасымен" өлшедің.
Қарабайыр екен Қоқа өлшемің?!
Өнердің өр өлкесіне,
Бозбала шақтан, бозала таңнан,
еніп кеттің ертелеп,
Күтпесеңде күреңітіп күз келді,
Жолыққандай миналаған далаға,
Аңтарылма!
Алдыңа сап сапердейін біздерді,
Жетпіске апар "желкелеп".
Әніңді айтып, әзіліңді боратып,
Еліңе жүр еркелеп,
Жүзді еңсерген Жамбыл
атаң секілді,
Жалынан ұстап,
Жырыңды жүр "төпелеп"!
Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ,
сыныптасы.
 
Мұқағали мен "Махамбет"
 
Мұп-мұздай боп тұратұғын аққұла,
Шөл қандырар сырасы, әлде, жақты ма.
Бір тоймақ боп лапшасына дұнғанның,
Алшаң басып кіріп келдік "шахтыға".
 
Төбесіне шығатындай ұшпақтың,
Төрде тұрған бос орынды нұсқаппын.
Жол бастаушы Ұлықбекпен екеуміз,
Жанымызда жігіті бар истфактың.
 
Сол жігітім бұрыш жаққа қарап қап:
– Мүмкін емес! – деді көзі алақтап.
Бұрылып ем, Мұқаң отыр таудай боп,
Саусақтармен шашын артқа тарақтап.
 
– Мұқағали секілді ұлы дарынды,
Сыйлау үшін шашар ем бар малымды.
Садағаң боп кетейінші, ағатай,
Таныстыр! – деп жатты-дағы жалынды.
 
Жиналғандай қазақтың бар қаймағы,
Мұқаң бізді қарсы алды жайдары.
Поэзия ғана әңгіме арқауы,
Айтылған жоқ қайдағы мен жайдағы.
 
Истфак тағы буфет жақты бетке алды,
Оралған соң сөз айтуға оқталды.
Масайды ма, "Есімімді тегіннен,
Махамбет деп қоймаған ғой" – деп қалды.
 
Ғайып болып жарқын мінез жаңағы,
Түйілгендей болды ақынның қабағы.
– Махамбеттің бір өлеңін жатқа оқы! –
Деп жанарын өңменіне қадады.
 
Есін жиып алғандай боп сол сәтте-ақ,
Жігіт састы, маңдайдан тер моншақтап.
Біз отырмыз іздеп жердің жарығын,
Табар болсақ, қалатындай жан сақтап.
 
–Арысым-ай, бір адамдай текті еді,
Ұрпағы осы, кімге айтады өкпені.
Көрінгенге қор болдың-ау, Махамбет! –
Деді де ақын есік жаққа беттеді…
 
…Ақындар көп жырмен жүрек тербейтін,
Өзі өлсе де, сөзі мәңгі өлмейтін.
Амал қанша, мәңгүрттер де аз емес,
Аттарына заттары сай келмейтін.
 
Биік қойып қара бастың пайдасын,
Пысықтар жүр асырумен айласын.
Мұқағали жырын жатқа оқитын,
Мұқағали есімділер қайдасың!!!
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓