Төрт аяғы тең жорға Емші, ақын, әнші Жандаулеттің Өмірбегінің ізгілікті істері жайлы естелік

0002Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқтал-ғанына 70 жылға таяп келеді. Сол сұрапыл соғыста жан алып – жан берген асыл азаматтарымыздың саны бүгінде санаулы ғана. Көбісі соғыс даласында кебіні жоқ, көрі жоқ Отан үшін, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жанын пида етіп, елеусіз бір төмпешік болып қалды. Аман қалғандары елге оралды.
Қыпшақтың Сары руынан шыққан Жандаулеттің отбасынан соғысқа Өмірбек, Шайқыстан, Есенғазы, Сәрсек алынған. Осыдан Өмірбек пен Шайқыстан жараланып елге аман оралды да Есенғазы мен Сәрсек майдан даласынан хабарсыз кетті.
Өмірбекті, көрдім талай дәмдес болдым, Шайқыстанмен 4 жыл көрші тұрдым. Шайқыстан көп жылдар Кеңес қызметінде жұмыс атқарған сауатты, аңқылдаған азамат еді.
Өмірбек ағаны алғаш рет 1965 жылдың қысында "Родник" кеңшарында Нұржанова Әзиза мен сарторғайлық ақын Байғабылов Тоқтарбайдың айтысында төрағалық жасап отырғанда көрдім.
Кейін 1974 жылдың қазанында Родник селолық кеңесінің төрағасы Әлшорин Шіменбайдың 60 жасқа толуы әрі зейнетке шығуына байланысты тойды мен (осы жолдардың авторы) басқардым, жинал-ған көпшіліктің ішінен алдымен Қанжығалин Құтжан ақынға, Байқасынов Қабден ақынға және осы Жандәулеттің Өмірбегіне тілек ұсынып, сол жерде үш ақын жақсы айтыс өткізген.
Өмірбек ағаны ол кезде оташы – қиғыш, әнші, ақын ретінде ғана білетінбіз. Тор- ғай-Қостанай аймағында ол кісіні білмейтін адам аз болатын. Әсіресе "қима" болып ауырған жас баланы кірпігі қимылдап жатқан жерден қатарға қосатын. Медицинаның шамасы келмейтін "ділбас" ауруын қиып емдейтін. Талай дыбысы шықпай қалып ауырғанды жазғанын көзіміз көрді. Қолы өте шипалы азамат еді.
Емшілік тақыр жерден пайда болмайды. Өмірбектің әкесі Жандаулет атақты оташы болған. Ол кісінің анасы қиғыш  болған деп анам айтып отыратын. Осы Сары ағайыннан әріде Жаманбай сынықшы, беріде Әмірғазин Құрақбай, Әмірғазин Бақытжан, бүгінде Өмірбектің балалары Бақыт, Өлмес қиғыш болды.
Жандаулетов Өмірбек 1914 жылы Аманкелді ауданы (қазіргі) Алакөл ауылында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан білім алып, кейін жеті жылдық мектепті бітірген.
1938 жылы Бүкілодақтың екпінді құрылыс деп жарияланған Ташкентке жақын жердегі "Шыршықстройға" құрылысқа  барған.
Сол екпінді құрылыста жүріп, жетім балалар үйінде тәрбиеленген ұлты татар Қадиша шешемізге кездесіп, 1939 жылы үйленген. Елге 1940 жылы оралған. Тұңғышы Зейнеш 1941 жылы мамырда дүниеге келген.
1941 жылдың күзінде Өмірбек соғысқа аттанады. Сол жылы көп ұзатпай әйелі Қадишаны жас баласынан айырып, еңбек әскеріне аттандырады.
Жасқа толмаған баласы Зейнешті ағасы Иманқұлдың қолында қалдырады. Иманқұл ағамыз сөзге ұста тауып айтатын өткір тілді кісі еді, 70-ші жылдарда дүниеден озды.
Иманқұл айтты деген сөз көп. Бірде есік алдында отырса, ауыл жастары трактормен шаңдатып ерсілі-қарсылы өте беріпті. Сонда айтқан екен: "Әттеген-ай! Жаяу жүріп, өгіз арбамен құрған колхоз-совхозды мына шіркіндер трактормен шашып құртады-ау" деп. Ып-рас! Ақыры солай болды да.
Иә, Өмекең 1941 жылдың күзінде Ұлы Отан соғысына аттанып, бірнеше мәрте жараланып 1945 жылы елге аман оралған.
Соғыстағы ерлігі үшін үшінші дәрежелі "Даңқ" орденімен, "Отан Соғысы" орденімен, "Берлинді алғаны үшін" медалімен, "Ерлігі үшін" медалімен наградталған.
Соғыстан аман-сау оралған ағамыз отбасымен 1945 жылдың аяғында кездескен. Жұбайы Қадиша апай 1941 жылы еңбек әскеріне алынып, 1945 жылдың аяғына қарай аман-сау елге оралған.
Бейбіт өмірге араласқан азамат өзі туып өскен ортада белсенді жұмыс атқарып алдымен егінші, бригадир, кейін қой фермасына меңгеруші болып қызмет атқарды. Көре алмаған көптің біреуі жазықсыз жала жауып, 8 ай түрмеге қаматады.
 "Өткір пышақ қын түбінде жатпайды" деген. Қарапайым жұмысты яғни ата-бабадан қалған мал бағу кәсібін жете  білетін азамат кедергісі мен кертартпасы көп басшылықтан қой бағуды жөн санайды.
Қыста өзі туған "Алакөл", "Қоғаға" қыстап, жазда қырдағы "Ақпаншиді" жайлады. Жазы-қысы Өмірбектің үйіне Торғай-Қостанайдан әрісі республиканың түпкір-түкпірінен жанына шипа іздеген адамдар ағылып жататын. Осы күні жасы 60-70 тегі адамдардың көбі ол кісі жайлы, емшілігі, ақындығы жайлы хабардар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғында туған қарындасым Мирамкүл де 9 сыныпта оқып жүргенде ділбастан дыбысы шықпай, оқыған сабағын айта алмай мектепке бара алмай жүрді. Біледі деген дәрігерлерге апардық, емі болмады. Ақыры шешем Өмірбекке апарып, екі рет қиғызды, содан толық сауығып кетті.
 Өкінішке қарай, ол кездегі кеңестік жүйе, ол заманның дәрігерлері халық емшілерін әзірейлідей көріп, халықты кері үгіттеп, емшілерді заң орындары қуда- лаумен болды.
Осындай халық емшілері осы аймақта көп болды. Атақты Тастаған қиғыш, Айдархан сынықшы, Зұлхатия сынықшы, Ләзім, Назым сынықшылар халыққа емшілігімен, шипасымен пайдасы тиген емшілер. Әрине, Өмірбек ағамыз бірыңғай емшілікпен айналысса, халыққа тиер пайдасы да зор болар еді. Емшілік жолын жұбайы Қадиша апай, балалары Бақыт пен Өлмес ұстады.
 Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Кеңес Одағының кемеліне келіп дәуірлеп тұрған кезінде қарапайым еңбек адамына аса құрмет көрсетіліп еңбегіне қарай сый құрмет көрсетілді. Сол кезеңдерде аға шопандар Өмірбек, Маусымбай Ленин орденімен, Спан Мақанов, Шибұтов Жақсылық, Есет Бейсенов Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталды.
Жандаулетов Өмірбек Ленин орденімен қоса Лениннің 100 жылдық мерекелік медалімен наградталады. Бірнеше мәрте республикалық халық шаруашылығы көрмесіне қатынасып, көрменің арнаулы төсбелгілерімен марапатталады. Ұлы Отан соғысы кезінде Коммунистік партия қатарына өткен азамат бейбіт күнде бірнеше мәрте аудандық партия конферен- цияларына делегат болып қатынасқан.
1975 жылы Жандаулетов Өмірбек Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталған.
 Соғыста да, еңбекте де адал қызмет атқарған азамат еңбегіне қарай құрмет көрген. Бұған Өмірбек ағаның емшілік қызметі үшін халықтың алғысы мен батасын, ықылас ниеті мен сый-құрметін қосыңыз. Ұлы Жаратушы бір басына жетерлік бақ-дәулет ізет құрмет берген ағамыз айтыскер ақын, әнші жыршы болған.
1965 жылдың ақпан айында Крупская атындағы совхоздың ақыны Өмірбек Жандәулетов пен Иманов атындағы совхоздың ақыны Құтжан Қанжығалинның айтысы өтеді. Сол айтыстан Өмірбектің Құтжан ағасына арнаған алғашқы өлең шумақтарын ұсынғанды жөн көрдім.
Ассалаумағалейкум, Құтжан аға,
Сіз кеме қалқып жүрген дарияда.
Тұлпарсың мыңнан озып алған жүлде,
Бусанбай келетұғын жеке дара.
 
Аққуға аспандағы қостың әнді,
Келтіріп нақышына сондай сәнді.
Үзілтіп кейде баяу, кейде нәзік,
Тыңдаған әлеуметтің мейірі қанды.
 
Тарлансың тағаланып тасқа шапқан,
Шаңыңды қуған жүйрік көрмей қалды.
Азғантай Тойтөбеде байқаспаққа,
Қолына ақын інің домбыра алды.
 
Жорғамын аяғымды шалмайтұғын,
Тартысқан тайталаста талмайтұғын.
Көсіліп көп алдына түскенімде,
Көрген жан менен көзін алмайтұғын.
 
Ақ көбік омырауды жусадағы,
Қарысып ауыздықпен самғайтұғын.
Жеріңді бір апталық бір күнде алып,
Кідіріп жолда тоқтап қалмайтұғын.
 
Қыс болса қасқыр алған ақиықпын,
Ақпанның аязына тоңбайтұғын.
Қиядан көзім шалса, қыр асырмай,
Зуылдап қос қанатты қомдайтұғын.
 
…Қыс болса қасқыр алған ақиықпын деп айтқанындай Өмекең шын талант, ақ иық, тарлан ақын болатын. Замандас ағасы, әрі туысы Қанжығалин Құтжан ақын да төрт аяғы тең жорға азамат еді-ау. Әнін де, сөзін де өзі шығарады. Оны домбырамен сүймелдеп, өзі орындайтын. Әнші, ақын, термеші, күйші, жыршы Құтжандармен сөз қағыстырған Өмірбектер шын жорға екені дауысыз болатын. Жоғарыдағы алты ауыз сөзден ақын Құтжанның да ақын Өмірбектің де қандай деңгейдегі  ақын екендігін сөз қадірін білген адам түсінер.
 Ұлы Отан соғысындағы, еңбектегі ерлі-гімен, ақындығымен, емшілігімен халық құрметіне бөленген ардақты азамат өзі туып өскен Алакөлде 1980 жылы 28 сәуірде  дүниеден озды. Артында жолын қуып, ұрпағын жалғаған Қадиша апай, Зейнеш, Байдос, Өлмес, Зинаркүл, Бақыт, Қарақат атты балалары қалды.
Қаламқасы қайтыс болды. Туғанына 100 жыл толатын асыл азаматқа Ұлы Жаратушыдан иман, отбасына амандық, береке – бірлік тілеймін!
Шөптібай БАЙДІЛДИН.
 

You may also like...

1 Response

  1. Габит айтты:

    Шөптібай аға, мақалаңызды оқып риза болып отырмыз! Біздің сізге тілейтініміз, балашағаңыз аман болып, қаламыңыз ұштала берсін! Ізгі ниетпен Байдос, Бақыт Жандаулетовтер!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓