Ақбайзен – ел жүрегінде

Редакциядан:  Таяуда Аманкелді ауданынан – М.Ходенов, Қостанай ауданынан – Р.Бикенова, Қостанай қаласынан – Ж.Ғайсин, Арқалық қаласынан – Ш. Байділдин және де бірқатар газетіміздің оқырмандары телефон шалып, хат жазды. Бәрінің де мазмұны біреу: осыдан аттай 9 жыл бұрын облыстық "Қостанай таңы" газетінде (17.08.05) ел перзенті Қуаныш Шәмшиевтің  (марқұм) "Елге еңбегі сіңген азамат", содан соң "Жазылған жайдың жаңғырығы" айдарымен (06.08.05) облыстағы медицина қызметкерлерінің, Арқалық қаласы ардагерлерінің,  Аманкелді ауданының тұрғындарының мақалаға үн қосқан топтама материалдарында, сондай-ақ Аманкелді аудандық " Аманкелді арайы"  газетіндегі Бөгетбай Әлмағанбетовтың " Азамат абыройы" (07.-14.10.05), Уәли Хайроллаұлының "Ақбайзен мен дәрігер егіз ұғым" (26.08.05),  М.Ходенұлының "Жақсының  аты мәңгі"  (28.10.05) мақалаларында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері  Ақбайзен Әлмағанбетовтің  есімін Аманкелді аудандық ауруханасына беру туралы мәселе қозғалғанын, бірақ 2005 жылы ономастика ережелерінде  көрсетілгендей марқұмның қайтыс болғанына 5 жыл толмауына байланысты бұл бастама уақытша тоқтатылғанын баяндай келіп, облыстық  газет бетінде көтерілген осы бір  қастерлі аманатты қайта жаңғыртуды сұрайды, дәрігерге лайықты құрмет көрсетудің уақыты жеткенін айтады.
Ендеше, ел-жұрттың айрықша ықыласы ауған Ақбайзен Әлмағанбетов кім, халыққа өткен қандай еңбегі бар,  қастерге лайық ұлағаты қандай деген сауалдарға жауап ретінде  сол жарияланымдарға қайтадан шолу жасап,  еске түсіруді  жөн көрдік. 
Ақбайзен (Ақпайжан) Әлмағанбетовтың кір жуып, кіндік кескен жері осы күнгі Аманкелді ауданы.
Жаратқан иеміз қағылез баланың  жүре-гіне сегіз жасқа келгенде елдің жанына шипа, дертіне дауа бола білетін дәрігерлік кәсіптің отын жағып, ынта-ықыласын ауғызған. Орта мектепті бітірген тастүлек  осы мақсатына жету үшін 1948 жылы Алматыдағы Қазақтың медицина  институтына оқуға түседі. Алатау баурайындағы астанада жастық жалыны лаулап жүрген кезінен-ақ ол тәжірибені туған топырағы Аманкелді аудандық ауруханасында өткізеді. Тәулігіне 10-12 сағаттан жұмыс істейді. Сонда  денсаулық сақтау аса күрделі сала, адам тағдырына тікелей  жауапты  екендігіне көзі әбден жеткен.
1954 жылы бұл институттың емдеу факультетін қызыл дипломмен бітіріп, Қостанай облысына жұмысқа жіберілді. Бірақ Орджоникидзе ауданына қызметке барған жерінен Аманкелді ауданының  бірінші хатшысы  жоғарыға шығып, ауданда білікті кадрлардың тым тапшы екендігін айтып, оның туған өңіріне  оралуға күш салады. Дәл осы уақытта Аманкелді ауданында Салихов деген фельдшер аудандық денсаулық сақтау  бөлімін де, аудандық аурухананы да жал-ғыз өзі басқарып, ауыр міндеттен әбден титықтаған кезеңі екен. 
Тамыз айында Ақбайзен Әлмағанбетовты Қостанай облыстық денсаулық сақтау бөлімі Аманкелді ауданына бас дәрігер етіп тағайындайды. Жас маман келгеннен кейін бәрі де күрт өзгеріп сала берді.  Ол жұмысқа кіріскен бойда ауылдағы қарадомалақтарды Алматыдағы медицина институтына оқуға жіберіп, одан қалды облыстан аудан-ға қазақ дәрігерлерін шақырып, аурухананы мамандармен толықтырды. Аудандағы денсаулық саласының жағдайы күрделі болатын. Әсіресе аурухананың тұрмысы ауыр еді.  Соғыстың алдындағы жылдарда салын-ған  6-7 бөлмелі ғана шағын емхана болатын. Сонау Жалдама өзенінен суды бөшкемен таситын. Аурухана іші, палаталар қамыс жағатын  пешпен жылитын. Ота жасайтын бөлменің жарығы керосин шамынан еді.  Ақбайзен білек сыбанып жіберіп, ауруханаға арнайы құбыр тартып, су жүргізді. Пештің орнына  жылу жүйесін орнатты. Керосиннің орнына самаладай болып электр жарығы келді. Жаңа медициналық жабдықтар алынды. Аурухана үйін жаңадан тұрғызып, құрылыс ағаштарын қысы-жазы 400 шақырымдағы Аманқарағайдан өгіз арбамен тасыды. Көзкөргендер әлі күнге дейін атан жілік, атпал азаматтың жанқиярлық табандылығын айтады. Осының бәрін де абзал азамат адам  жанына араша түсіп, емдеп жүріп  істеді. Қыстың қаһаған қарлы борандарында, шілденің қаңсыған аңызағында ит арқасы қияндағы ауылдарға ат-арбамен барып, науқастарды емдеп немесе ауруханаға  тасып жеткізетін еді. Кәсіпқой хирург адам өмірі қыл үстінде  тұрғанда қара басының қамын ұмытып, бар күш-жігерін, зейін-ықыласын, шеберлігін кәсіптік парызына сарп етті.
Ақбайзен ауылдық жерде  денсаулық қызметін түбірінен қайта құрған, қайта жаң-ғыртқан,  салаға жаңа бетбұрыс жасаған  тұңғыш  кәсіпқой  басшы болды. 
1960 жылдары Торғай өңірінде жаңа кезең басталды. Ауданда тың жатқан  500 мың гектар жерге түрен түсті.  Еңбек ұжымдары құрылып, 14 кеңшар шаңырақ көтерді. Ол шаруашылықтардың әрқайсысында медициналық пункттер, бірқатарында  тұтастай ауруханалар салынды. Ауданда 25 төсектік туберкулез ауруханасы, көз ауруларын емдейтін көп төсектік аурухана және арнаулы емхана құрылысы тұрғызылды. Екі, үш қабатты  сәулетті ғимараттар пайдалануға берілді. Кейін олардың қатарына өзгелерден оңашарақ қағаберісте жұқпалы дерт ауруханасы бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда аудан көлемінде ауруханалар қалашығы пайда болды.  Бәрі де әдемі қоршалып, тал-теректер отырғызылып, көгалдандырылды. Ауданда дәрігерлердің жаңа буыны өсіп шықты.  Ауданның өз маман дәрігерлері орта буын қызметкерлерінің саны күрт көбейді. Ақбайзеннің ұстаханасынан  түлеп ұшқан шәкірттері республикамыздың әр түкпірінде   абыройлы қызмет атқарып жүр.
Ауданда жүздеген адам  Ақбайзеннің шипалы қолынан құлан-таза айығып, шексіз алғыс айтып, қариялар ақ батасын берді. Өкпе ауруы жөнінен ашқан ауруханадан мыңдаған адам емделіп шықты. Жалындаған жиырма жасынан алпыстың асқарына дейін тапжылмастан  40 жыл бойы, үстінен ақ халатын тастамаған күйі  зейнеткерлікке зор абыроймен шықты. Өңірдегі бірнеше ұрпақ жүрегінде, ой-санасында  оның есімі сақталып, жарқын бейнесі өшпейтіні анық.
КСРО-ның денсаулық саласының үздік дәрігері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген  дәрігер Ақбейзен  Әлмағанбетовтың  халық үшін істеген орасан зор қызметінің бір парасы осындай.
Біздіңше, кісі есімін ұлықтауда жаңа заманға жаңаша көзқарас керек. Адамзат құндылықтарының ішінде адам өмірін қорғау және жақсарту қай дәуірде болса да алдыңғы қатарда тұрады. Ендеше, 40 жыл бойы адам тағдыры үшін арпалысып, оның өміріне бар саналы ғұмырын сарп еткен Ақбейзен  Әлмағанбетов сияқты ел перзетінің есімін Аманкелді аудандық ауруханасына беру  –  әбден уақыты жеткен және елдің шынайы ықылас-тілегі дер едік.
"Қостанай облыстық ономастика комиссиясынан Аманкелді аудандық ауруханасына Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген  дәрігер, марқұм Ақбейзен  Әлмағанбетовтың есімін беру туралы осы жарияланымды ұсыныс деп санап, қайтадан қарауды сұраймыз."
Бұл – Аманкелді ауданындағы барлық   қоғамдық  ұйымдары мен дәрігерлер ұжымдастығының,  сондай-ақ, Арқалық қаласы ардагерлер кеңесі  және   ардагер дәрігерлердің, сол   сияқты  Қостанай  қаласындағы  медицина ардагерлерінің  ортақ  ұйғарымы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓