«Наз» мемлекеттік би театры – Қостанайда

Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы Қазақстанның барлық аумағында кең көлемде аталып өтпек. Осыған орай торқалы той легі Тобыл-Торғай бойында басталып кетті. Мәдени шара аясында «Наз» халық би театрының ұжымы Қостанай облысына келіп, көрерменмен қауышты.
Би өнері бастауын сонау ықылым заманнан алатын күллі адамзатты бас идірген бекзат өнер. Қазақ биі табиғатында ұлттық музыка, ұлттық ойын, әдет-ғұрып, қолданбалы өнер түрлерімен тығыз байланыста дамыған._D1A2783 (1)
Би өнерінің шежіресі халқымыздың тарихымен астасып жатыр. Адам табиғатпен егіз және оның тылсым құбылыстарын сезініп, дүниені түйсінуін әртүрлі қимыл қозғалыстары арқылы жеткізіп отырған. Осынау тамыры тереңде жатқан өнердің жалғастырушыларының бірегейі – «Наз» мемлекеттік би  театры. Аталмыш өнер ұжымының құрылғанына келер жылы 20 жыл толмақ. Елордамен бірге жасап, көркейіп келе жатқан ансамбльдің тарихы туралы Қостанай облысының тумасы, белгілі журналист, «Наз» би ансамблінің БАҚ менеджері Толқын Сұлтанова баяндап берді.
– 1999 жылы Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Т.Ә.Қышқашбаев мырза Елордамыз­дың жүрегі Астанаға,  ұлтымыздың  би өнерін  кәсіби деңгейде дәріптейтін би ұжымын құруды қолға алады. Алматы қаласынан өз ісінің ­шеберлері ерлі-зайыпты Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтарды арнайы шақырып, осы міндетті жүктеді. Сонымен 1999 жылдың 9 ақпанында Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан «Наз» халық би ансамблі құрылды. Әуелде ансамбль құрамында 4 биші болды.
Кейін 2007 жылдың 1 наурызында қала әкімінің шешімімен, Астана қаласы әкімдігінің «НАЗ» мемлекеттік би театры болып өз алдына шаңырақ көтерді, – дейді өнерлі жерлесіміз.IMG_7337
Ұлттық би адам жан дүниесін көрерменге халықтық хореография тілімен ұғындырады. Театрдың бас­ты мақсаты – өскелең ұрпаққа саф өнердің сыр-сымбатын, әсемдік пен мөлдір сезімін, қайсарлық пен қырағылығын, дала философиясын,  ұлттық ойындар мен дәстүрді, этнографиясы мен ұлттық киімдердің бай сән үлгісін көрсету.
– Бұл би ордасының қоржыны да сан алуан. Ол тек концерттік бағдарламалардан ғана емес, сонымен қатар, хореографиялық би спектакльдерінен тұрады. «Наз» бишілері қазақ халқынан бөлек, бірнеше ұлт пен ұлыс­тың ғажайып билерін меңгерген.
Бүгінгі күні біздің қыз-жігіттердің қоржынында мынадай билер бар. Ол 2005 ж. «Тұйғындар» би спектаклі. (Күлтегін заманынан бастап, көк байрағымыздың желбіреп тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихи заманды бейнелейтін қойылым); 2008 ж. «Ақ пен қара» хореографиялық композиция. (Балаларға арналған шығарма); 2009 ж. «Балеро» хореографиялық композиция. (Фламенко нақышында қойылған  махаббат оқиғасы); 2010 ж. «Нұрғиса»  би спектаклі. (Халық қаһарманы, композитор Н.Тілендиевтің музыкалық шығармаларының негізінде қойылған  ұлы тұлғаға арналған  портреттік қойылым); 2013 ж. «Мың бір түннің бір түні» би спектаклі. (Шаһризада ертегісінің желісі бойынша қойылған шығыс ертегісі).
Жетістіктеріміз де жоқ емес. Театр ұжымы өнер әлеміне сіңірген еңбегі үшін толағай табыстарға ие болды.
2001 ж. – II Республикалық ­Ш.Жиенқұлова атындағы қазақ би конкурсының лауреаты (Орал қаласы);
2001 ж. – IV Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері;
2002 ж. – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты;
2003 ж. – Театрдың негізін қалаушылар Еркебұлан, Қадиша Ағымбаевтар Новосибирск (Ресей) қаласында өткен  II халықаралық хореографтар конкурсының лауреаты;
2004 ж. – Қытайда театр «Алтын мүсін» иегері атанды;
Әр жылдары театр «Қосалқа», Халықаралық «Шабыт», «Worldfestival Parad Brunssum» (Голландия, Еуропа), «Warffum» (Нидерланды), «Алтын Қарагөз» (Түркия) сынды бірнеше халықаралық фестивальдермен, сонымен қатар, Ресей, Франция, Бельгия, Қытай, Біріккен Араб әмірлігі, Чехия, Болгария, Катар, Түркия, Норвегия, Израиль, Украина елдерінде болып, ұлттық өнеріміздің озық үлгісін көрсетті. «Наз» мемлекеттік би театры Катардағы Жазғы  олимпиада ойындары (2005), VII қысқы Азия ойындары (2011), «Астана 2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» (2012), «Уфа – бірлік пен достастық қаласы» (2012), «EXPO-2017» халықаралық көрмесі сынды  ауқымды іс-шараларға атсалысып келеді.
Ел сенімін арқалаған би ордасы Шара Жиенқұлова салып кеткен сара жолмен жүріп, өзінің дара жолын, өз қолтаңбасын қалдырған мақсаты айқын, арманы асқақ кәсіби өнер ұжымының алар асуы, шығар биігі әлі алда. Қажырлы еңбек пен би өнеріне деген махаббаттың арқасында ­театрымыз тарих беттерінен өз орнын алары анық, – деп ойымен бөлісті Толқын Сұлтанова.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓