«Домбыра-думан» шақырады!
Алдағы шілденің 1 күні, жексенбіде елімізде тұңғыш рет ұлттық Домбыра күні тойланбақ. Осы орайда Қостанай қаласында, Тобылдың жағасында «Домбыра-думан» деген атпен үлкен той-думаны өтеді.
Бұл мерекеге қазақтың қасиетті домбырасының қадір-қасиетін, кие-құдіретін танып-білуге, қадірлеп-қастерлеуге арналаған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Музейлерден көне домбыралар алынып, шағын көрме ұйымдастырылады. Қостанайлық домбыра жасаушы шеберлер осы алаңда домбыраны жасау шеберлігін көрсететін болады. Домбыра күні мерекесіне қаладағы домбыра ұстап жүрген ақсақалдар, үлкен кісілер, облыстың небір өнерпаздары, әнші-күйшілер, түрлі аспаптың құлағында ойнайтын виртуоздар өнер көрсетпек.
Қазақтың ұлттық ойындары көрсетіліп, ат баптап, тазы жүгірткен жігіттер шақырылады.
Думанда облыстағы танымал ақындар домбыра туралы жыр оқып, мүшайра өткізбек.
Күй жарысы, би жарысы, ең көркемдісі суырып-салма ақындар айтысы әсерлі кешті думанға бөлемек. Бұған Қостанай қаласы және жақын маңдағы аудан-қалалардан домбырашылар шақырылады.
Бұл мерекенің бір артықшылығы – «Домбыра-думанға» келген кез келген көрермен белсене қатысуға болады. Ол үшін домбыраңызды ала келіп, күй немесе ән жарысына түсесіз. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ, өнерпаз атаулының бәріне жол ашық. Сондай-ақ, өз ұсынысыңызбен тартымды жобаңызды жұрт алдына паш етуге мүмкіндік туады. Сайып келгенде, бұл халықтың қатысуымен өтетін ұлттық-халықтық мереке.
Бұл облыстық масштабтағы ірі домбыра мерекесін баспасөздің қара шаңырағы «Қостанай таңы» газетінің осы аттас жобасын қайта жаңғыртып, ҚР Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясының қолдауымен Қостанай облыстық Мәдениет басқармасы жүзеге асыруды қолға алып отыр.
Бұл исі қазаққа тән, жанымызға дауа рухани дүниемізді бір серпілтетін, жаңғыртатын, серпін беретін ортақ той, ағайын.
Келіңіздер, көріңіздер, атсалысып, той көрігін бірге қыздырайық!