6-жұп – Медет пен Еламан (ЖАҢАРТЫЛДЫ)
"Ел мерейі – Елорда" облыстық жазба айтысының алтыншы жұбымен таныс болыңыздар. Олар – Қостанай ауданының атынан қатысып отырған ақын Медет Байзақов пен арқалықтық айтыскер Еламан Тұрсын. Ұлт өнерімен сусындаған бұл ерек қабілет иелері де қалың оқырманға жырдан шашу шашып көрмек. Өнерпаздардың өлеңі мен өресіне өз бағаларыңызды берерсіздер деген үмітпен жазба айтыстың жаңа жұбына кезекті ұсынамыз.
Осы алдындағы өлең бәсекесінде Ернұр Әуезхан Балтасар Тұрысбекұлынан басым түсіп, келесі айналымда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Еламан:
Бұл айтыс өлең-жырдың базары еді,
Бабадан мирас болған ғажап еді.
«Қостанай таңы» айтыс жасамаса,
Шабытымның дертін кім жазар еді?
Бәріңізбен алайын амандасып,
Сәлем – сөздің анасы, ажары еді,
Теп-тегін он сауаптан құр қалам ба,
Ассалаумағалейкүм, Қазақ елі.
Астанам, алты Алашқа ардақтысың,
Жырымның мен де арнайын салмақтысын.
Ерке Есілдің бойына Астана сап,
Нұр-ағам бабалардың жалғапты ісін.
Саммит жасап, төріңе жиып едің,
Әлемнің небір қасқа мандаттысын.
ЭКСПО-ның көрмесін өткізгенде,
Көркіңе жарты әлем таң қапты шын.
Абыройың асты ғой, елбасымыз,
Жүйелі жүргізгесін жан-жақты ісін.
Бәйтерегің тереңге тамыр жайып,
Төбесінен арайлы таңды атырсын.
Төріңді аждаһадан аман қылсын,
Көгіңде самұрықтай самғап құсың.
Ассалаумағалейкүм, ер Бауыржан,
Жаныңнан жұбың болып мен табылғам.
Ақыным деп біздерді шығарғасын,
Ерекше өнер күтер ер дарыннан.
Тәуекел деп шаруаға кірісейік,
Тәуекелшіл жігітке бел бағынған.
Әнеу күні бітті ғой олимпиада,
Сын айтып жарылайын мен де ағымнан.
Қыс та, міне, бітуге таяп қалды,
Құтыламыз ақ боран, жел, дауылдан.
Байқасаң, біздер айтыс бастағанда,
Бәрі бітіп арылды ел дабырдан.
Олай болса, бар өнерді ортаға сал,
Ұят боп қап жүрмесін ел қауымнан.
Бәрі бітіп жатқанда біз екеуміз,
Бір тамаша бастайық, кел, Бауыржан.
Ақындар сөйлемесін неге семіз,
Бір тамаша бастайық, кел, екеуміз.
Ағам ғой деп төбеме көтеремін,
Інім ғой деп қолтықтан демесеңіз.
Бірақ та құрметімнен құр қаларсың,
Жыр алаңға ертерек келмесеңіз.
Екі күн сөз бар деп күтіп жүрдім,
Жөн болар ед біздерді елесеңіз.
Қосылып нең бар еді бұл додаға,
Айтыс деп егер уайым жемесеңіз.
Екінші боп сөз бастау бұл арада,
Ағалық болмысыңа емес егіз.
Екінші нөмірменен сөйлеуді әлде,
Үйдегі үйретті ме жеңешеміз?
Медет:
Ақыным, асықпасаң жеңесің ғой,
Ақырын тағдырға да көнесің ғой.
Ағаңның аласың кеп жағасынан,
Бағаңның құнын сөйтіп бересің ғой.
Сен үшін қарсыласың болсам-дағы,
Мен үшін балапансың, шөресің ғой.
Таңдайыңа бітсе егер саумал жырың,
Маңдайыңа жазғанды көресің ғой.
Дейсің бе құрметімнен құр қаларсың,
Болмай жатып кеудеңді кересің ғой.
Жеңешеңді сөз қылып не қыласың,
Патшағар, өзің бәле төресің ғой.
"Қорыққан алғаш жұмсар жұдырығын",
Өз жайыңа енді көңіл бөлесің ғой,
Медетті шатастырып, Бауыржан деп,
Сен өзі шапқан аттай желесің ғой.
Апыр-ау, жазба айтыста мынадайсың,
Батыр-ау, сахнада өлесің ғой.
Ақындар мән берсін, ал, жазарына,
Алтындай бар уақытын қаза қыла.
Суырып сап айтысар ақын едік,
Қалмайық елдің енді мазағына.
Жазып ап, жаттамай-ақ айтысатын,
Бұл өзі қызық екен таза мына.
"Қостанай таңы" жасап жазба айтысты,
Апталап ұсынып тұр назарыңа.
Астанам мерейтойы құтты болып,
Бақ пен ырыс сыйласын базарыңа.
Елімнің елордасы жасай берсін,
Жиырма жылда өң берген ажарыңа.
Көп жазып не қылайын, жазба айтысты,
Дөп жазып айта алмасақ таза күнә.
Ассалаумағалейкүм, интернетпен,
Газет оқып отырған Қазағыма.
Бұл күнде жаңалықты ашқандар көп,
Бір күнде ақын болып тасқандар көп.
Айтысты қысылғаннан бастап кеттік,
Жатқан соң жоғарыдан бастаңдар деп,
Сен жайлы еш бір дерек білмесем де,
Мен жайлы жазылатын дастандар көп.
Кезінде Түркістанға барғанды естіп,
Әзілдеп "Аққусың" деп жатқандар көп.
"Емшісің", "тәуіпсің" деп Байбатырдай,
Артымнан тасадан тас атқандар көп.
Намазға бет бұрып ем "Молда" дейді,
Бұл күнде тура жолды тапқандар көп.
Молда деп менсінбейді кей бейнамаз,
Дүние деп өз дінін сатқандар көп.
Саудагер де болып ем директор де,
Көре алмай бар бәлесін жапқандар көп.
Мен жайлы енді қандай жаңалық бар?
Негізі мені зерттеп баққандар көп.
Мен, інім, сөз сөйлеуден тарықпап ем,
Алды-артымды байыптап анықтап ем.
"Жеңешеміз екінші боп сөз сөйлеуді,
Үйреткен бе?" деп қамшы салып қап ең.
Мен қайта үйде алғаш боп сөйлеген соң,
Бірінші боп сөйлеуден жалыққан ем.
Сондықтан саған бердім кезегімді,
"Жас келсе іске" деген халықтан ем.
Ағасына құрметін жасар-ау деп,
Ініге ізеттілік танытқан ем.
Еламан:
Бекерге берілместен арам ойға,
Ағасы, мен жайында адал ойла.
Бауыржан деп шатассам есіміңнен,
Сен оны көңіліңе ала қойма.
Жаңылсақ пендеміз ғой, бұл Еламан,
Періште еместігін салады ойға.
Қорыққан бірінші қол жұмсайды деп,
Асығыс бір жансақтау барады ойға.
Айтыста ешкімнен де сескенбеуші ем,
Шәкірт ек Айбектейін ақ ағайға.
Медет бол, Бауыржан бол – айырма жоқ,
Бауыржан кім болсаңда табады айла.
Негізі қасапшыға бәрі бір ғой,
Ақ қой ма құрбандығы, қара қойма.
Бабадан айтыс деген қалды мұра,
Ақынның қансын халық бал жырына.
"Молдасың", "тәуіпсің" деп келеке ғып,
Айналаң әр ісіңді аңдыды ма?
Байбатыр ағамды да сөгіп алдың,
Артымнан айтып жүр деп әнді құла.
Байқаймын, көп адамға өкпелісің,
Жырыңа қарар болсам зарлы мына.
Өшіккенің соншалық, жалғыз өзің,
Жабылып кетіпсің ғой барлығына.
Өкпе артып бүгінгі мен бұрынғыға,
Қапалы боп отырған түрің мына.
Халықтан есен-саулық сұрамапсың,
Молдекем сәлемінен жығылды ма?
«Ағаңның аласың кеп жағасынан»,
Деп айтардай бұл інің ұрынды ма?
Артыңды баққандарға өкпең аздай,
Жек көріп барасың ғой жұбыңды да.
Маған олай бәлеңді жаппағайсың,
Мен ондай істемеп ем бүгін күнә.
Сондықтан мені бекер сөкпегейсің,
Молданы жағадан ап жын ұрды ма?
Медет:
Шаптың ғой аламанда жаудай күнім,
Белгілі болды кімді жаулайтының.
Айбектің мен де сендей шәкіртімін,
Ұстаздан асып әрі бармайтұғын.
Ағаңды қойға да әкеп теңеп кетсең,
Қойға шапқан бермейсің аңдай тыным.
"Бауыржан бол, Медет бол – бәрі бір" деп,
Бұл сенің айлаң ба еді алдайтұғын.
Мен болайын қарсылас, басқа болсын,
Белгілі осы әніңді арнайтының.
Сондықтан сендейлерге бәрі бір ғой,
Жазбалықтың арқасы заулайтының.
Дәл мендей нән жайынға тісің батпас,
Өзендегі шабақ қой аулайтының.
Әтештей әкіреңдеп не көрінді,
Сұңқардай кез келгенде самғайтұғын.
Сен туған Амантоғай жерінде өскен,
Көп жаса, Бүркіт ағам таудайтұғын.
Амангелді елінен түлеп ұшқан,
Мамай, Тоба, Балтасарлар қандай тұғын.
Сен құсап құрбандыққа шалмақ түгел,
Үлкеннің жағасынан алмайтұғын.
Ат тұяғын соңынан тай баспай ма,
Солардың ізін сенсің жалғайтұғын.
Мен Қазақпын мың тірілген жаны бар,
Мен Қазақпын күллі әлемге танымал.
Рухым биік рухани жаңғырған,
Нағыз Қазақ осы, міне, танып ал.
Мен қазақпын бейбіт күнді бастаған,
Астанамын игі істерді қостаған.
ЭКСПО-да таңдай қаққан талайлар,
Жайнай берші, жасай берші, Астанам.
Жақсылықтың жаршысы бол, Астана,
Тоқшылықтың топшысы бол, бас қала.
Жиырмаға енді ғана келсең де,
Үлгі-өнеге болып жүрсің басқаға.
Көркем қала, күн нұрына бөленген,
Ырыс пенен берекеге кенелген.
Осы өскелең сенің ғажап бейнеңнен,
Ұрпағымның болашағын көрем мен.
Бәйтерегің бой көтерген саялы,
Хан шатырың – Хандық дәуір баяғы.
Балапандай қанат қағып келесің,
Алақандай Астанамыз аялы.
Жақын бол ұстазыңдай елге сен де,
Ақын боп жайғасарсың төрге сен де.
Сөйлейсің қатты-қатты ел алдында,
Ағаңды бұрын-соңды көрмесең де.
Мұныңды елің сенің кешіре алмас,
Айтысып ел алдында терлесең де.
Айтысыңа Ұстазың разы болмас,
Жеңсең де бүгін мені, жеңбесең де.
Сыйластық деген болар ақындарда,
Жөн еді жөніменен ерлесең де.
Қасапшымын дедің бе бір сөзіңде,
Жан алам деп берсең де, бермесең де.
Алам десең ала ғой қу жанымды,
Құрбаныңды жария етіп ендеше елге.
Әйтеуір келетін бір өлім бар,
Түбі Аллаға қайтамыз мен де, сен де.
Еламан:
Бұл айтыс шара емес қой әр күн болар,
Сондықтан байқатқайсың қалпыңды оңар.
Өткеннің өнегесін ұмытпаған
Ұрпақтың болашағы жарқын болар.
Ақтаңгер Айбек ағай – ұстазымыз,
Айтыстарда жүретін жарқылдап әр.
Сен айтқандай жерлесім Бүркіт ағам,
Бұл күні жол көрсетер қартың болар.
Солардың ізіменен мен де келем,
Өлеңге қарық қылған халқымды олар.
Құдай өзі шаршамас шабыт берсе,
Біздерде де дәл сондай қарқын болар.
Үмітті ақтамайды деп ойлама,
Алтынның сынығы да алтын болар.
Халықтың ақын болса жақтағаны,
Аламанда салармыз аттан әлі.
Атыңды әлі даулап отырсың ба?
Жөн болар енді сабыр сақтағаны.
Кім келсе де осы әнді арнайсың деп,
Еламанды алдың ғой даттап әлі.
Бауыржан деп жазғаныңды өшірме деп,
Айтқаныңа Еламан тоқталады.
Солай деп маған қоңырау шалмап па едің,
Айырып алған дұрыс ақ-қараны.
Енді кеп айлаң ғой деп көлгірсейсің,
Жөн болар босқа жала жаппағаны.
Ақынның ардың ісі ар жолынан,
Ақынның сен болдың ғой аттағаны.
Молдаменен молдаша сөйлесейін,
Медет деп осы ма елдің мақтағаны?
Ақиқатты бұрмалап неғыласың,
Көрініп тұр ғой, аға, Хаққа бәрі.
Тісіңді маған, аға, қайрадың ба?
"Мен бір нән жайынмын" деп жайнадың ба?
"Қой дедің" деп іренжіп отыр едің,
Әтеш деп енді маған сайрадың ба?
Не десең де, ағасы, көтеремін,
Інілік жолдан жоқ қой тайғаным да.
Осымен біздің айтыс тәмам болсын,
Біздер өнер көрсеттік сай дарынға.
Сыйластық жайлы әнгіме айтып едің,
Ұнап еді осы бір байламың да.
Ініңнің құрметі деп қабылдағын,
Ағам өтсін келесі айналымға.
Медет:
Елімнің осы ма деп мақтағаны,
Жөн емес өзін інім ақтағаны.
Өлеңнің ұйқасымен жүре берме,
Өнердің емес пе едің ақтабаны.
Жақсы адамның ашуы келер-кетер,
Жазудай өшірілер тақтадағы.
Білектің күшіне егер баса берсең,
Жүректің түпкірінде дақ қалады.
Ол рас, саған қоңырау шалған едім,
Айырып алу үшін ақ-қараны.
Ұйқаспен "Бауыржан" деп жазған өзің,
Енді кеп өтірік деп ақталады.
"Молдаменен молдаша сөйлесем" деп,
Осы болды інімнің тапқан әні.
Аңдамай сөйлеген жан оқыс басар,
Жөн болар енді інімнің тоқтағаны.
Жан алқымға келгенде молдаңды іздеп,
Келерсің кәлимаңды жаттап әлі.
Ол кезде бірақ бәрі кеш болады,
Сөйлей-сөйлей бір күні жақ талады.
Иманның нұры барлар Алласына,
Имамның алдынан кеп аттанады.
Өнерде өлең дейтін жол көрдің кеп,
Өзіңді айта алмассың қор көрдім деп.
Айтысты бастап едің інім болып,
Оны да айттың алғаш қол бердім деп.
Берсең дағы жолыңды, ала алмаймын,
Ертең тағы айтарсың жол бердім деп.
Ақынысың Батпаққарадай аптал белдің,
Кейкі батыр бабамыз жатқан жердің.
Мерейің үстем болып жарқылдай бер,
Жолын ұстап ұстазың Ақтаңгердің.
Біз Қазақ, талай нәубет көрген елміз,
Жырласақ, жанбай жатып сөнген елміз.
Кешегі он алтының зұлматында
Алашты да екіге бөлген елміз.
Қазақты оятам деп ұйқыдағы,
Азапты өлімменен өлген елміз.
Егінсіз мал қырылып аштықта да
Кебінсіз талайларды көмген елміз.
Абайдың елін сынақ алаңы етіп,
Талай күн уран уын емген елміз.
Сексен алты қысында бой көтеріп,
Тоқсан бірдің тұсында жеңген елміз.
Алматының жинап ап бар тәттісін,
Алматының жинап ап бар тәттісін,
Астанаға ұсынып берген елміз.
Бір сұлтанға тапсырып Қазақ елін,
Нұрсұлтандай патшаға ерген елміз.
Бір күнде бәрі бірден келе қоймас,
Бұл күнде, шүкір тәубә, өнген елміз.
Астанадан бейбітшілік сарай салып,
Бас қалама әлем көңіл бөлген елміз.
Мың өліп, мың тірілген қайран Қазақ,
Мың жылдық азапқа да көнген елміз.
Қазақтықтың танытып әлемге атын,
Азаттықтың жолында ерлегенбіз!
Еламанның шатасатын реті бар. Басында Бауыржанмен айтысады деген. Мүмкін сол ойды өрбітіп кеткен шығар. Айтыс жақсы басталды. Медет балдыз мені қоспаса тамағынан ас жүрегінен жыр шықпайды. Медетке тасадан емес бетіне айтып əзіл деген "емші" " тəуіп" деп. Оныңда өзіндік тəсілі шығар аққуды айтсын дегендей ой тастап орға түсіргісі келген шығар. Сəттілік. Медет пікір жазып зікіріңді кетерейін дегенім ғой. Шап. Алға.
Медет мына бір сөзіңде сəл кемшілік бар сияқты: "артымнан тасадан тас атқандар көп" деген. Басқаша келтіргенде тамаша болар еді.
Тасадан тұрған адам алды артына қарамай тас лақтыра береді ғой.?
Жақсы айтыс болды. Әлі де ерегеспен біраз жерге баратын түрлері бар. Еламан бауырым сабырлық танытып, жол берпті. Беріп тұрған жолды Медет алмай өзіне сенімді жауап қайырған екен. Додаларда төселген Медеттің ойлары мен ұйқастары шымыр. Қазылар алқасы дұрыс шешім қабылдайды деген сенімдемін.
Менің ойымша Еламан басым болды. Əр шумағында ой да түйін де бар. Жарайсың Еламан