Арды қайда қоямыз?

Әлеуметтік желі әлемді жау­лап алды. Еңбектеген баладан еңкейген қария­ға дейін желіде «арқандаулы», пенде атаулының түйсік-санасын, жүйке-жұлынын кеулеп кетті. (Бүгінде Қазақстанда 8,6 миллион адам әлеу­меттік желілерді күнделікті пайдаланады екен). Қазір «Whatsapp» желісінің желке жалы күдірейіп тұр. Топтан-топ құрылған. Хабар-­ошар, ойдан-қырдан, жиған-терген, жан жадыратар жақсылық та, мерейіңді өсірер мерейлі лебіз-тілектер де, суреттер де, бейне де жеткілікті.  Енді ағайын-жұрт, құда-жекжат, жолдас-жора, дос-жаран, несін айтасыз, қай түкпірде, қай жерде, қай уақытта деп жатпай-ақ, кез келген сәтте сөйлесіп, дидарласып, шер тарқатып, жан дауасын табатын болдық. Тіпті, бас ауырып, балтырың сыздаса, бұрынғыдай дәрігерге емес, ғаламторға, желіге ұмтылатынды шығардық.  Бұл өзі бір жаңа заманның адамға жасаған игілігі, рахаты  деп бір қоясың. Алайда…соцсеть
Алайда… Көңіліңізге келсе де айтайық,  әлеу­меттік  желідегі тірлігіміз – «Есіктен іргенек кетсе, иттен иба кетеді» болып тұр.  Әуелі  имене, инабатты сөйлеп келген қазағымыз қазір әлеу­меттік желі алаңында айылды  жиюды  ұмытты. Небір өсек-аяң, бәле-жала, қоқан-лоққы, күндеу­-мінеу секілді бұрын-соңды етек алмаған ессіздікке баруда. Тіпті, барып-көріп келген кісідей саясаттың да сойылын оңды-солды сілтейтіндер көбейді. Түпкі мәніне бармастан «ойбай, қара қытай қаптайтын болды», «ойбай, ресейдің қолтығына кіріп алдық», «анау ананың тоқалы, анау мынаудың  құдасы,  неге тайраңдамасын»  деген гу-гу, зу-зу.  Шыны  керек,  әдепсіз,  ибасыз,  имансыз қылықтар, жаның ауырады. Тіпті, ауыз менікі екен деп, ел көзінде жүрген атпал азаматтарды бәтқордалау­ды місе тұтпай, тіпті, бара-бара Елбасына  да тіл тигізген, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққанды да естідік.  Шығыста  «Тозар жұрттың тілі елбасына, азар жердің лайы көл басына тиер» деген сөз бар екен. Қазаннан қақпақ, есіктен іргенек кетті. Аяғы жаман төрді былғады, аузы жаман елді былғады. Көңіл құлазиды. Осындай келеңсіздіктерге қарап отырып, көргенді, көшелі, иманды, бір ауыз сөзге тоқтаған қазақтың баласымыз деп айтуға  өзіңнен өзің ұяласың. Әлеуметтік желі – көпшілік, қалың ел-жұрт. Қарының  ашатыны – білікті, ибалы, мәдениетті, әдепті деген азаматтарымыз ұятсыздықты үн-түнсіз  мақұлдап отыратыны. Тіпті, өзі оқып, өзі біліп қана қойса бір сәрі, туған-туыстарына,  дос-жаранына, бала-шағасына  сүйіншілей ұсынғанда бойында адам сүйер қасиеттің қалмағаны ма деп күйінесің. Небір сұмдықты естіп, небір құбыжықты, арбау-алдауды көріп отырып, «тәйт» деуге қайраны жоқ, дәрменсізбіз. Білеміз, ет үйреніп,  еш нәрсеге таңғалуды қойдық. Ең бір қастерлі де құндыларымыз құнсыз қалып барады. Қызыққұмар, жоқтан өзгеге әуесқойлық пендешілік  десек, сол пендешілік басым түсіп, қазақшылығымыз, көңілге тимейтін, арда емгендігіміз қайда қалады? Рас, жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген даланың дархан баласы едік, беттің арын белге түйіп, біреуді алдап, біреуді арбап күн кешіп, ақыры  қымбаттымыздан айырылып, қара басып жүрмесін…
Кейде осы әлеуметтік желі Алла тағаланың қазаққа жіберген сынағы ма дерсің.  Қу дүниенің қызық-рахатын көреміз деп жанымызды жанталаса қайда қоярымызды білмей жүргенде, ал арды, ұятты қайда қоямыз, сонда?.. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓