ЕЛОРДАДАН САЗДЫ СӘЛЕМ! (Фоторепортаж)
Елорданың 20 жылдығына орай облыста Астана күндері өтіп жатыр. Осы мәдени шараның аясында Қостанай тұрғындары елордалық өнерпаздардың "Астанадан ақ тілек" атты концертін тамашалады.
Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өткен концертке Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев және облыс басшысы А.Мұхамбетов арнайы қатысты. Тобыл аймағына сазды сәлемін жолдай келген елордалық ұжымның өнерін тамашалауға халық көп жиналды. Рухани ләззат алуға келген тұрғындар табиғи дауыстағы әсем әуенге ықыласпен зейін қойды. Сахнаның безендірілуі де ерекше көз тартады.
Екі сағатқа жуық жалғасқан концерт екі бөлікке жіктелген. Сахна шымылдығын "Қорқыт" дәстүрлі музыка тобы ашты. Олар қазақ халқының бірнеше күйін ұлттық аспаптар тілінде сөйлетті. "Шалқыма" халық биі ансамблінің өнері де көрермендердің көңілінен шықты. Қос ұжымның да елге танымал, өз істерінің нағыз шеберлері екенін айта кету керек.
Ал концерттің екінші бөлігінің тізгінін эстрадалық би ансамбльдері, классикалық, эстрадалық және халықтық вокал солистері алды. Олардың да әрқайсысы түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Дарындары бірінен-бірі асатын өнерпаздар қостанайлықтардың қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Қостанайдағы Астананың мәдениет күндері 21 маусымға дейін жалғасады. Өнерсүйер қауым үшін "Наз" мемлекеттік би театры, сондай-ақ "Астана" эстрадалық-симфониялық оркестрі ұмытылмас кеш сыйламақ.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев