Табиғатпен үндескен ӘСЕМ
Бірде жолымыз Науырзым ауданына түсті. Осы жолда Әсем есімді қызбен таныстым. Ол Науырзым қорығында еңбек етеді. Әскери шені майор. Мінезі де ер азамат-қа тән. Қатал тәртіпті ұнататын сияқты. Бірақ нәзік жан иесіне сай қылығы да байқалады бойынан.
Әсемнің әңгімесінен-ақ жұмысын ерекше жақсы көретіні сезіледі. Өз саласының майталманы десе де болатындай. Табиғаттың тілін меңгеріп алғандай. Қорықтағы әр тасты, әр шұқырды жатқа біледі.
– Науырзым қорығы еліміздегі құнды орындардың бірі. Қазір бұл жерге деген қамқорлық та күшейе түскен. Осы жұмысқа келгеніме бірнеше жыл болды. Әрі өзім де осы ауылдың қызы болғандықтан қорық мен үшін тым ыстық. Қысы, жазы күзетті күшейтіп, табиғатты төтенше апаттардан сақтауға тырысып бағамыз. Жұмысқа бар ынтамен қараймын. Әрі ерекше, қызығы көп сала десем де болады. Табиғаттың құбылыстарын зерттеп, сырттан келген қонақтарға аудан байлығын таныстыру мен үшін бір ғанибет, – дейді Әсем Ізбасарова.
Әсем бір шаруаны қолға алса тындырмай қоймайды. Жауапкершілік пен тиянақтылықты ұнатады. Қорық аумағын зерттеп, көпшілікке таныстырып жүреді. Қорықта жаздың аптап ыстық кездерінде тыным жоқ. Қызметкерлер өрт шығып кетпесін деп қарауылды күшейтеді. Оқыс жағдайдың болмауын қалайды. Қорықтан Әсемнің зерттегені мен көңіліне түйгені көп. Өз ісін бес саусағындай меңгеріп алған майор қыз туған өлкесінің өркендегенін қалайды. Өмірде әр жанның өз жолы бар. Тағдыр Әсемнің қайсарлығын сынады ма, бүгінде жалғыз басты ана. Бірақ жасып, жігерін жер қылған емес. Ұл тәрбиелеп отырған бақытты жан. Ортасында беделді болса бойындағы жақсы қасиеттернің арқасы. Бұл мінез оған ардагер атасынан дарыса керек.
Науырзым ауданы.