Жас мамандар қатары көбейді

Маржан ЕсімханқызыМаржан Ғабдымәлік
Маржан Есімханқызы Қарағанды қаласындағы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне 2009 жылы түсіп, 2016 жылы тәмамдап, ішкі ағзалар ауруын емдейтін дәрігер атанды. Медициналық оқуға түсуіне ағасы Нұрбол себепші болыпты. Өйткені ол да білікті дәрігер.
-Туған жеріме қызмет етіп, өз елімінің алғысын алсам, өзімді бақытты санаймын. Елге келгендегі себеп осы. Келгеніме көп бола қоймаса да, ауыртпалығы мол жұмысыма үйренісіп қалдым. Білмеген жерлерімді біраз жылдан бері қызмет істеп жүрген білікті мамандардан сұрап аламын. Қабылдауыма күніне 10-15 адам келеді. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, аурудың басты белгілерін анықтап, қажетті дәрі-дәрімектер жазып беремін. Осы мамандықты таңдағаныма өзім өкінбеймін. Елім үшін елеулі еңбек етіп, Торғайдың перзенті деген атқа лайықты болсам, сол да жетеді, – дейді Маржан Ғабдымәлік.
 
Айзат СерікқызыАйзат Жүнісова
Айзат Серікқызы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетін  биыл аяқтады. Студенттік өмірінің қызықты сәттерін басқа қалада өткізген Айзат сол елдің азаматымен көңілі жарасып, тұрмыс құрады. Жат жерден жатырқамаса да, неге екені белгісіз, бір тылсым күш Торғай жаққа тарта береді екен. Кейін қабырғасымен кеңесіп, жолдасымен екеуі бір шешімге келіп, жолдама арқылы елге келді. Қазір Айзат Жүнісова жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі. Негізгі мамандығы – жалпы тәжірибелі дәрігер. Бас дәрігердің мұрындық болуымен аудандық емхананың атынан үш бөлмелі үй  және үй жиһаздарын алатын 300 мың теңге қаржылай көмекке қол жеткізіпті. Айзаттың ендігі арманы – елдің көңілінен шығып, жоғарғы тәжірибелі дәрігер атану.
 
Гүлзат ҒабитқызыГүлзат Алина
Биыл аудандық емхана жас дәрігерлермен толығып жатыр. Сол мамандардың бірі – зертхана меңгерушісі Гүлзат Ғабитқызы. Ол алғашқы еңбек  жолын туған жерден бастауды ұйғараған. Астана қаласындағы Евразиялық ұлттық университетін биотехнолог мамандығы бойынша  бітіріп, “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша елге келді. Жақсы жұмыс істеп, алған білімінің нәтижесін көрсетуде. Сөз арасында халық денсаулығының сақшысына айналған əріптестерінің еңбектеріне табыс, отбастарына амандық тілеп, аға-апаларының ізін жалғайтын өзіндей білікті жас мамандардың қатары көбейіп, денсаулық саласын дамыту жолында бірлесе еңбек етсек деген ұсынысын жеткізді.
 
Иә, бірнеше жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша және арнайы жолдама арқылы ауылға келген жастарға жағдай  жасалынып  жатыр. Ауылды көркейтеміз деп келген осындай жас мамандардың қатары  жыл сайын толығып отырса игі.
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓