“Жастар – Отанға!”
Жақында Алматы облысының Қапшағай қаласында "Нұр Отан" партиясының ұйымдастыруымен "Жастар – Отанға!" атты жастар сая-си лагері өтті. Оған Сарыкөл ауданынан "Жас Отан" ЖҚ-ның атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың ең жас депутаты, Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің тәлімгері Талғат Жауғаштин қатысып қайтты.
– "Жастар – Отанға!" лагері 2009 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл бұған 300-ден астам адам қатысты. Лагерьдің негізгі мақсаты – жастар арасында жаңа қазақстандық патриоттарды табу. Алғашқы күні "Жас Отан" ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықовтың қатысуымен өткен "Жастар-Отанға! -2014” лагерінің ашылуын тамашаладық. Содан соң "Қазақстан-2050" Стратегиясын , Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпақпен ықпалдасығын талқыладық. Сондай-ақ, бір апта ішінде тренингтерге, әр түрлі тың жобаларды іске асыру барысын үйрететін сессиялық оқуларға қатыстық. Ең бастысы, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен жүздесіп, жастар қанатының жаңа жобаларын, партиялық жобалардың қорытындысын, жалпы, жастар саясатын дамыту жүйесін бірге ортаға салдық, – дейді сарыкөлдік белсенді жастардың бірі Талғат.
Мінеки, Талғаттай жігерлі жастар – еліміздің ертеңі. Олай болса, кемел еліміздің келешекте-ріне тек қана нұрлы болашақ тілейміз!
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.