«Серпін-2050» – білім және болашаққа сенім
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!», «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың легіне кіреді. Стратегияға сәйкес дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті болмақ. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!» әлеуметтік жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба – «Серпін-2050» деп аталады.
2014 жылы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша 2050 талапкер оқуға түссе, 2015 жылы әлеуметтік жобаға бөлінген арнайы грант 3-есеге өсіп, 6200-ге жетті. Олардың 5000 орыны 19 жоғары оқу орындарындағы 61 мамандық бойынша бөлініп, 1200 орыны 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына (колледж) 47 мамандық бойынша берілді.
2016-2017 жылдары, бағдарламаға 22 жоғары оқу орыны, 32 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары қатысты. Бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына да екі жылға жуық уақыт болып қалды. Ел жастары осындай қолдаудың арқасында өзі қалаған оқу орнына түсіп, болашағын айқын бағдарлайтындай мүмкіндік алды. Сонымен қатар, кәсіби білікті маман тапшылығын жойып, жұмыссыз жастарды қызметке орналастыруға да бұл бағдарламаның берері мол. Жыл сайын Қостанайға оңтүстік өңірлерден жүзден астам жеткіншек келеді. Олар мемлекет көрсетіп жатқан қолдаудың арқасында тегін білім алып, жастық шағының қызықты кездерін Қостанай қаласында өткізуде.
Тобыл өңіріне табан тірегендердің бірі қала жайын біліп келсе, енді бірі ойламаған жерден осы жаққа қоныс аударғанын айтады. Оқу үшін орын ауыстырғандар жергілікті жұртшылықтың менталитеті мен ауа-райының айырмашылығын бірден байқапты. Оңтүстіктік жастар астықты аймақтың салқындығын адамдарының жылы шырайлығы мен сыпайылығының басып тұрғанын айтады. Сондай-ақ, жастар қаланың тыныштығы мен тазалығына тәнті. Ең бастысы, оқуға бар жағдай жасалынып қойған, кітапхана да, жатақхана да институттың дәл жанында. «Серпін» бағдарламасына дән ризамыз» – деген пікірлер көптеп естіледі. Қостанай әрқашан «Серпіндіктердің» өмірінде ерекше орын алған қала болып қала бермек.
Қостанай-жастық шағымның қаласы
Мен Қостанай қаласына былтыр оқуға түстім. Алғашқыда қиын болды. Ешкімді танымайтынмын, ата-анамды және достарымды сағынатынмын. Ал қазір бәрі ойдағыдай. Оқуым жақсы, бұл жақтан өзіме адал достар таптым, бәріміз бір үйдің баласындаймыз. Жатаханамыздағы жағдайымыз жаман емес, шәкіртақы да уақытынан кешікпей түседі. Қостанай – керемет қала, мен бұл қалада оқып жатқаныма өкінбеймін.
Несіпбек Мадияр
Қостанай- әкем қалап, өтініш жаздырған бірден-бір қала. Өзінің тазалығымен әрі жанға жайлы тыныштығымен жағатын туған қалам – Жетісайды есіме салады десем де болады. "Серпін" бағдарламасының арқасында осы жаққа келгеніме қуаныштымын. Болашақта жақсы маман болып, мемлекет игілігіне қызмет ету менің басты арманым.
Қарлығаш Сұлтан
«Серпін-2050» бағдарламасымен білім алып жатқаныма биыл үшінші жыл. Бұл бағдарламаның біз сияқты жастарға берері мол деп ойлаймын. Бағдарламаның басты мақсаты кадр алмастыру болғандықтан, Қостанай қаласында қалып, тәжірибе жинап, елімнің гүлденуі үшін жұмыс жасасам деймін.
Оңалбаева Карима
«Серпін-2050» бағдарламасы еліміз жүзеге асырып жатқан жақсы бағдарламалардың бірі. Басында бұл бағдарлама жайлы білмеген соң, әр жерден қарай бастадым. Шынымен де бұл бағдарлама еліміздің терістігі мен түстігінің арасындағы теңдіктің сақталуына көп көмегін тигізеді екен. Мен оқуға қабылданған жылдары көшедегілердің өзге тілде сөйлесіп бара жатқандарын жиі естіп, шошынатынмын. Қазір ана тілімізде сөйлесетіндерді жиі көремін. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Болашақта осы аймақта ана тілімізді көркейтер жастар көбейеріне сенімдімін.
Пернебек Айдана
Қазіргі таңда «Серпін-2050» бағдарламасы жастарға үлкен сенім мен серпіліс беріп жатыр. Бұл бағдарлама негізінде солтүстік пен оңтүстік өлкелерінде тіл жағынан болсын, рухани жағынан болсын байланыс орнатылуда. Осы аймақта ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене араласып жүрген серпіндіктер мәдениет саласында біраз жобаларды жүзеге асыруды ойластырып жүр. «Серпін» жастары өзімізге артылған міндетті көтеріп, аянбай еңбек етеміз.
Бақытханқызы Назгүл
Қостанайға оқуға түскендегі қуанышты сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын… Сырттай естігенім болмаса, Қостанай өмірі келіп көрген жерім емес. Бірде-бір туысым немесе танысым жоқ. Поездан түскенде құдды өзге елге келгендей әсерде болдым. Қостанай таза әрі тиыш қала екен. Маған осынысымен ұнады. Ең бастысы, маған осы жақтан тегін оқу мүмкіндігі беріліп отыр. Қостанай-менің жастық шағымның қаласына айналды!
Әбілдаева Аяулым
Қостанайдың мен үшін орны бөлек. Студенттік кезеңнің алғашқы ыстық-суығына төзіп, білім алып келе жатқан қалам. Бұл қалаға келу арқылы мен халқының мейірбандылығын көрдім, жаңа достар тауып, осы әдебиетке деген қызығушылығымды тағы да арттыра алдым. Мен Ыбырай, Мағжан, Бейімбеттер өмірге келген мекенде оқып жүргеніме қуаныштымын.
Серікбай Ақниет
Қостанай алғашында маған суық қала боп көрінген еді, ал қазір үйренісіп кеттім. Адамдарының да жылы шырайлы, кішіпейіл екеніне көзім жетті. Ата –анамды, бауырларымды жиі сағынсам да бұл жақта оқып жатқаныма ешқашан мұңайған емеспін. Себебі, осы жақтан өзіме көп дос таптым. Бұл өлкеден талай ғалымдар түлеп ұшқан. Мен болашақта білікті маман болатыныма сенімдімін.
Маматқадыр Гүлнара
С. Жақсылық, «Қостанай таңының» жас тілшісі