Жас буын – жаңа белес

«Жекпе-жек» – қазақтың ұлттық әскери-жауынгерлік өнері. Бес қаруын бойында ұстаған батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрі. Жекпе-жек – қарсылас қос батырдың бес қарумен күш-қуатын, әдіс-айласын, шеберлігін сынайтын әділ бәсеке. Осындай спорт түріне ынта қойған әуесқой жастар да өңірімізде баршылық. Солардың бірі – Самырат Қанатұлы.
«Мен Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Ұлттық жекпе-жек спортымен 3 жыл айналысып келемін. Бұл спорт түріне деген қызығушылығымды оқып жүргенде шыңдай түстім. Сондай-ақ, адам бойына дарыған әл-қуат пен шыдамдылықты бағындыратын бірден-бір бәсеке болғандықтан, осы спорт түріне келдім»,-дейді Самырат Қанатұлы.
Жекпе-жек спортымен айналысу тепе-теңдік ұстау қабілетін шыңдауға, өзіңіздің және қарсыласыңыздың салмағын бөлуге, сондай-ақ сыни жағдайларда сергек, сауатты ойлауға мүмкіндік береді. Жалпы, жекпе-жектің көптеген түрі бар. Соның ішінде грэпплинг – әлемнің 120-дан астам елінде дамып келе жатқан ең танымал күрес түрлерінің бірі. Жыл өткен сайын үйірмеге қатысқысы келетін жас буындардың саны арта түсуде. Ұлттық жекпе-жектің де болашағы зор.
«Алғаш рет жекпе-жек спорт түріне 2020 жылдың 20-шы тамызында келген едім. Сол кезден бастап, талай сайысқа қатысып, жүлделі орындарға да ие болдым. Мен бірнеше рет облыс чемпионы, Қазақстан чемпионы және Азия чемпионы атақтарын иелендім. Сонымен қатар, жекпе-жектен спорт шебері, грэпплингтен спорт шеберінен үміткер, әунифайт әмбебап жекпе-жегінен спорт шебері және АРБ түрінен  спорт шеберінен үміткер нормаларын орындадым»,- дейді Самырат.
Ол алдағы уақытта бірнеше жарысқа қатысуды жоспарлап отыр. Қазір күнделікті дайындық жүргізіп жатыр. "Болашақта жекпе-жек спортынан жас буындарға үйірме ашу да ойда бар»,- дейді ол.
 
Дильназ Изделюева
3-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓