Қайта айналып соғар ем БУРАБАЙҒА

Бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Себебі, бір апта бойы лагерьде боламыз. Көкшедегі жастардың кездесуіне "Қазақстандық шығармашыл әйелдер одағы" ҚБ мұрындық болып отыр. Аталмыш ұйым биыл алғаш рет республикамыздың әр аймағындағы шығармашыл жастардың басын қосуды жөн көрген екен. Яғни, әр облыстан 2l-30 жас аралығындағы азаматтарды шақырып отыр. Қостанай облысынан үш адам бардық. Олар, Лисаков қаласындағы жергілікті телеарнаның тілшісі Диана Лизунова, Рудныйдағы мәдениет үйінің өнерпазы Рақымжан Ералы және мен.
Түнделетіп межелі жерге де жеттік. Вокзалдың алдында таксишілер толып тұр. Соған қарағанда мұндағы халықтың кәсібі көлік жүргізіп, туристерге қызмет көрсету деп топшыладық. Шындығында да солай екен. Біз мінген таксидің жүргізушісі Бурабайдың тұрмысы туралы азды-көпті баяндаған еді. Бұл жер туризм ошағы болғандықтан өндіріс орындары жоқ. Бірақ, қадам басқан сайын қонақ үй, лагерь, демалыс базаларын кездестіресіз.
Жасы кіші демеңіз ақылы асса

Жезқазғандық Ернұр Сейдахметовты көрсеңіз тіптен риза боласыз. Себебі, ол "Қазақмыс" корпорациясында инженер болып жұмыс істеп жүрген жас ақын. Балаларға арнап өлең жазады. Ернұрдың "Қашан үлкен боламын?", "Тентек доп" атты кітабы жарыққа шықққан. Бізде балаларға арнап жазатын ақын-жазушылар санаулы ғой. Санаулының ішінде саф алтындай жарқырасам деген Ернұрдың талабына бәрекелді дейсің.
Арқаның інжу-маржаны

Экскурсия барысында Бурабайдың тұмса табиғатын тамашалап, тамсандық. Керім десе керім-ау, шіркін. Табиғаттың шеберлігіне таң қалмасқа лажың жоқ. Айнала жап -жасыл. Төңіректе қаптаған балқарағай мен биші қайың. Таулары көкпен таласа, анадайдан менмұңдалайды. Қиыршық тастарды құдды бір кранмен қойып, әр бұрышын қашап дәл қиюластырған ба деп қаласыз. Себебі, артық тұрған оғаш дүниені аңғару қиын. Мұндағы тау мен тас, өзен-көлі көне тарихтан сыр шертеді. Жанына жақын барып, құлақ түрсең сайрай жөнеледі. Ол жердің әр қуысы жұмбақ. Қарап тұрып бас мүлгисің. Оқжетпестің басында тізе бүгіп жатқан пілдің бейнесін көресіз. Ал Жұмбақтасты бір қырынан қарасаң бұрымды қыз, екінші қырынан қарасаң егде тартқан кемпірдің сұлбасын байқайсыз. Жеке батыр жотасында шалқайып жатқан батырдың бет әлпетін аңғаруға болады. Осынау таңғажайып табиғатты Біржан сал, Ақан сері, Шоқан Уәлиханов,Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды бабаларымыз тамашалаған.
Қымбат ДОСЖАНОВА