Туған жердің асқақтатар мерейін!
Қасиетті қазақ халқының тарихымен тамырлас,көшпенділердің салт-санасы мен әдет-ғұрыпының сан-сырының шежіресін шертетін әсерлі ән өнерін қай қазақтың бойынан болса да кездестіруге болады. Дегенмен, әнді нақышына келтіріп, көрерменге жеткізу үшін де адам бойында айрықша талант болуы қажет. Сондай өзінің ерек даусымен халықтың жүрегінен орын тауып жүрген жас таланттың бірі– Жеңіс Ақния.
Ақнияның бойынан бұл өнер 6 жасынан байқала басталды. Ең алғашқы өнердегі ұстазы – Ерлан Орманұлы. Ол кісі жас таланттың бойындағы талапты байқап, бірнеше ән байқауына жетелеген. Республикалық, облыс-тық, аудандық байқаулардың жеңім-пазы атанып, көрермен қошеметіне бөленген Ақния бүгінде шетел сахналарында өнер көрсетіп жүр.
Жас талант бүгінде Астана қаласындағы А.Мұсаходжаева атындағы музыка мектебінде білім алуда. Жақында мектеп ұжымымен Париж және Лондон қалаларына барып, өнер көрсетіп қайтты. "Қазақ елі – классик" деп аталатын шараға 250-ден аса өнерпаз қатысты. Ерекше әзірлікпен барғандар шетелдіктердің ыстық қошеметіне бөленді.
Ақния тек өлең айтып қана қоймай би де билейді. Күләш Бәйсиітова атындағы опера және балет театрында 3 жылға тарта уақыт өнер көрсетті. Театрда жүріп Ресейде де талайды тамсандырған.
– Менің осындай жетістікке жетуім ең бірінші Алланың, екінші ата-анамның және С.Ахметұлы, Ғ.Ақбайзенұлы және Т.Белғожин сынды мейрімді де адал жандардың арқасы. Мен ол жандарға шексіз ризалығымды білдіремін. Ол кісілер маған рухани болсын, қаржылай болсын, үнемі қол ұштарын созып отырды. Алда талай биік белестерді бағындырып, Б.Төлегенова, Р.Рымбаева, Б.Самидинова сынды апаларым секілді халыққа адал еңбек еткім келеді , – дейді талантты қыз.
Күнжамал Кенжеахметова,
жас тілші.