Мұздахановтар мерейі
Күні кеше "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Республикалық кезеңге жолдама алу үшін облыстың әр қиырынан келген ондаған үлгілі отбасы сайысқа түскен еді. Үздік үштікті және арнайы аталым иелерін облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев марапаттады. Әділ қазылар шешімімен бірінші орын Аманкелді ауданынан келген Мұздахановтар отбасына бұйырды. Отағасы – күйші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтбай Мұздаханов. Ол өз ізін басқан өнерлі балаларымен бірге төрешілерді тәнті етіп, байқаудың аймақтық кезеңін бағындырып отыр. Жеңімпаз отбасыға диплом мен 300 мың теңге ақшалай сыйлықтың сертификаты табысталды. Енді өнерлі әулет ұлттық байқауда облыс намысын қорғауға аттанады.