Ауылда жастар НЕГЕ тұрақтамайды?
Бүгінде ауылда еңбек етемін деп құлшынған жастар жағы аз емес. Бірақ, көп ұзамай заттарын жинап, қалаға тартып отыратындар да жеткілікті. Қала тірлігі жастарды несімен баурайды? Ауылдағы жастардың жағдайы қалай? Неліктен ауылда жастар тұрақатамайды деген сауалдарды жастардың өздеріне қойған едік.
Әсел Еркінқызы, дәрігер:
– Дәл қазіргі уақытта ауыл жастарының жағдайы нашар деп айтудан аулақпын. Өзіміз де аудан орталығына келген жас мамандармыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша келген едік. Бірақ келешекте қалаға кетуді ойлаймыз. Меніңше, бұл заңдылық. Ауылдан бастап, кейін қалаға кету кез келген бүгінгі жастың ойы. Шындығын айтқанда дәл қазіргі уақытта жастарды ауылға тартатын бір-ақ нәрсе. Ол мемлекеттік бағдарлама. Бар жағдай жасалып жатыр десек те ауылмен қалалық жерді салыстыруға болмайды. Қалада өзге орта. Аудан көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе ғой, жағдай мүлде басқаша болар ма еді.
Мұрат Уайыс, жас маман:
– Ауыл жастарының ең негiзгi мәселесi жұмыс орнының жоқтығына келiп тiреледi. Жастар қалаға лажсыздан, ертеңгi нанын тауып жеу үшiн барады. Елiмiзде жұмыссыздардың денi – ауыл жас-тары. Ауылда жұмыс орындарын ашқан жөн десе де тұрғылықты халықтан сұраныс болмаса істің алға басары неғайбыл.
Ауылдың гүлденуi әрбiр жастың өзіне байла-нысты. Егер жастар шынымен де болашағын ауылмен байланыстыратын болса оған ештеңе кедергі келтірмейді. Қай істің болмасын көзін тауып кететіні белгілі.
Нәзигүл Әшкенова, жас маман:
– Жастар ауылда азайып барады. Себебі, жұмыс жоқ. Ауылды жерлерде тұрақты жұмыс орны – аурухана мен мектеп қана. Ауыл жастарының көзiмен қарағанда, ауылда баратын нысан жоқ. Сондықтан олар қалаға кетiп қалады. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жетерлік. "Ауылдың гүлденуi – Қазақстанның гүлденуi", "Дипломмен – ауылға", "Жасыл Ел" сынды бағдарламалар етене таныс. Ауылда мәдени, спорт, медицина, бiлiм беру салаларын дамытуға үлес қосатын, бос уақытты мағыналы өткiзетiн нысандардың қатарын көбейту керек. Ауыл жастарының шешiлмеген мәселелерi де жоқ емес. Ауылда жастардың серуендейтiн, кешкi уақыттарда демалатын орындары жоқтың қасы. Мәдениет үйi бар, дегенмен, онда көбiнесе би кештерiмен шектеледi. Ал аудан орталығынан шалғай ауылдарда жастарға арналған орталар жоқ деуге болады. Сондықтан да жастар ауылда тұрақтамайды, тезiрек көпшiлiктiң ортасына, қалаға қарай кетуге асығады. Тағы бір мәселе көгілдір отынның жоқтығы. Пеш жағып күн көру құдайдың соры. Ауылдарға газ тартылса жас отбасылар көп барар еді деп ойлаймын.
Жанерке Марат, студент:
– Өз басым ауылда туып, өстім. Ауыл жаныма жақын. Десе де келешекте қалада тұрғым келеді. Қала деген не? Қала дегенiмiз жанға жайлы жер. Қазір жастарға ауылға барыңдар деп жатыр. Мен керісінше жастар қалада тұрақтаңдар дер едім. Оқуымды бітірген соң амал жоқ еңбек жолын ауылдан бастаймын. Себебі, мемлекеттік бағдарлама осыған итереді. Баспана алып, тиісті бес жылды өтеп болған соң, міндетті түрде қалаға ораламын. "Қазақ жастары қалаға ағылуы керек және үкiмет оларға қамқорлық жасауы керек!" дегенді бір газеттен оқығаным бар еді. Сол оймен толығымен қосыламын. Қазақ жастарын қинайтыны баспана мәселесі. Әйтпесе қалада өмір сүргенге не жетсін.