Жансарай
Аудандық кітапханаға барып өзіме таныс ақын-жазушылардың кітаптарын оқыған сайын бір үлкен мағынаны түсініп өмірді бір жаңа қырынан тани бастаймын. Осы уақытқа дейін қаншама кітаптың бетін парақтап отырып, ең соңғы оқыған кітабым жайлы сіздермен сыр бөліспекпін.
Әдеттегідей сабақ үстінде апайымыздан қандай кітап ерекше әсер қалдырды дегенімізде Ботагөз апай өзінің оқыған кітаптарының ішінде мен біле бермейтін Б.Қабиқызының "Тауқымет" кітабын айтып өткен болатын. Сабақтан келісімен осы кітапты оқығанша асық болып, аудандық кітапханаға жол тарттым. Іздеген кітабымды алғаныма қуанып, үйге келісімен осы кітапты парақтай отырып көп нәрсенің мәнін ұғына бастадым. Романда негізінен Маржан есімді қайсар ауыл қызының тағдыры бейнеленеді. Арман қуып, қалаға келіп білім алуды ойлаған Маржанның өмірі ауыр қасіретке ұшырап тағдырдың жазуымен мүгедек атанады. Өмірдің жастай қиындығына тап болған бұл бойжеткен қанша жерге қаралып, жанына дауа іздесе де сағы сынып мүгедектігіне төзуіне тура келеді. Қалай дегенмен қазақ қызына тән батылдықты, қайсарлықты, шыншылдықты бойыны сіңіріп өскен бойжеткен бәріне қарсы тұра білуді үйренеді. Тағдырдың қаншама соқпағын көрсе де, ұл мен қызын қатарынан қалдырмай жақсы азамат ретінде тәрбиелей түседі. Жазушылыққа бет бұрған Маржанның қоғамдағы болып жатқан барлық мәселеге көз жұма қарамай, жаны қиналғандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп өмірдегі өз орнын қалысптастыра біледі. Бұл да болса өр мінезді қыздың батылдығының көпке үлгі бола білуінен шығар. Романда тек қана Маржанның өмірі емес, қаншама қазақ қызының тағдыры айқын бейнеленеді. Оқырманын шынайылығымен баурап алған бұл шығарма, шынайы өмірден алын-ған.
Қазіргі таңда жастарымыз кітап оқып, өздерінің жан дүниесін байыта алса ғана, болашағымыз жарқын болар еді. Ғаламтор пайда болғалы бері, жастарымыз кітап оқуды қойып ғаламтор желісінде отырады. Бұрынғыдай емес жастарымыз кітап оқуды қойғаны ащы шындық екені рас. Әрқашан ғаламтордың ғаламатын көруге құлықты. Оқушылардың көбі оқу залына тек қана тапсырылған тапсырманы орындау үшін келеді. Адам баласының ойлау қабілеті артуы үшін де кітаптың алар орны ерекше. Сондықтан әдеби кітаптарды әрқашан оқып жүргеніміз абзал.
Жансая
МҰХАНБЕТҚАЛИЕВА,
жас тілші.