Жастар айтады…
Әлібек Мұхамеджанов, "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Жас Отан" жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының Төрағасы :
– Елбасының қатысуымен Жастар жылының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Елбасының үкіметке берген тапсырмалары көңіл көншітерлік. Өз басыма қатты ұнады. Себебі, Президентіміз үкіметке жастарды қолдауға, жастарды дамытуға қатысты үкіметке бірқатар нақты тапсырма берді. Биыл Қостанай облысында да жастарды қолдау мақсатында жүздеген жоба іске асырылмақ. Соның ішінде білім, ғылым, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты міндеттер бар. Осы тапсырмаларды біз де облыстық деңгейде іске асыруға атсалысамыз. Елбасымыз Астана, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына бір мыңнан кем емес пәтер салуды тапсырды. "Жалға берілетін тұрғын үй секторы" сияқты бірқатар жобалардың жүзеге асырыла бастайтыны – жалпы жастар үшін өте қуанышты жаңалық. Жалға берілетін тұрғын үй секторын дамыту – әлемдік тәжірибе. Елбасы кеңестік кезеңде халықтың пәтерге байланып қалатындығы туралы, пәтер мемлекеттікі болғасын ешқайда кете алмайтындығы туралы және басқа жерде ешкім азаматқа баспана бермейтіні жайлы айтып кеткен болатын. Жастарды баспанамен қамту мәселесін, ең алдымен, миллион халқы бар үш қаладан бастауды тапсырған Елбасы болашақта басқа өңірлерде де қолға алынуы керектігін атап өтті. Жоба республикалық маңызы бар қалалардан өз басын алып, Қостанай және қалған аймақтарға таралады деп үміттенеміз.
Айнұр Ахменова, «ГрИн» Қостанай облысының Азаматтық альянсы қоғамдық қоры төрағасының орынбасары, "Жасыл Ел" облыстық штабының төрағасы:
–Мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдауға және іске асыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шараға «100 жаңа есім» жобасын жеңімпаздары мен «Болашақ» бағдарламасының түлектері қатысты. «Жастар жылында» бізге бір жыл бойы жастарға орасан зор мүмкіндік берілмек. Мемлекет басшысы бізге жан-жақты дамуға мүмкіндік берді. Біздің облыста да «Жастар сарайының» салынатыны мені қуантады. Елімізді көгалдандыру мен оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз етіп жүрген "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының да орны бөлек. "Жасыл ел" жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге де үлкен үлес қосып келеді.
Қуаныш Есімханов, ҚМПУ жастар және студенттер ұйымымен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:
–Бүгінгі форумнан алған әсерім ерекше. Жалпы, жастар саясатын дамыту, жастардың жарқын болашағымыз, кемел келешегіміздің кепілі екендігі Елбасының әр жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын жолдауынан тыс қалған емес. Осы орайда, жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен аға буынға да сөз беріліп, кошемет көрсетілді. Жалпы, ауданда «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламалары өскелең буынның жемісті еңбегі жолында өз нәтижесін беруде. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шаралардың барлығына өз басым белсенді атсалысамын.