“ЖАСТАР тәжірибесінің” де ЖАСТАРҒА берері мол
Бұл бағдарламаны жоғарғы және арнаулы орта білімді жастарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық деп айтуға болады.
Көп жағдайда оқу орнын бітірген жас маман жұмыс таппай қиналып, тіпті кейбіреулері дипломын сандықтың түбіне тастап, басқа салаларды таңдауға мәжбүр болып жатады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында қолға алынған аталмыш бағдарламаның арқасында бүгінде қаншама жас маман жұмыспен қамтылып, өзі таңдаған мамандығының иесі атанып жүр. Бұл әрине, жұмыс тәжірибесі жоқ жас түлектің 6 ай мерзім ішінде мамандығы бойынша кәсіби тәжірибе алуына, өзінің мүмкіндігін көрсетуіне, мемлекеттен қаржылық қолдау алуына ықпал етеді. Яғни, жұмыс таппай жүрген жастарға материалдық жағдаймен қоса, моральдық тұрғыда да көмек беру деген сөз. Осы бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі Гүлназ Жүсіпова.
Қостанай ауданының Надеждин ауылының тумасы Гүлназ сол ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң облыс орталығындағы экономикалық колледжге оқуға түсіп, өткен жылы бухгалтер-экономист мамандығын алып шыққан еді. Тәжірибесі жоқ жас маман-ға бірден жұмысқа орналасып кету де оңайға соққан жоқ. Біраз мекеменің есігін тоздырған жас маман қаламыздағы жұмыспен қамту орталығына жүгінеді, ойламаған жерден жұмысқа орналасқанына жас маман да дән риза.
– Бүгінде мекемелердің дені оқуын енді ғана бітіріп, қолына дипломын алған жастардан гөрі, тісқаққан тәжірибелі мамандарды алуға тырысады. Сондықтан, болашаққа бастайтын жастар тәжірибесінің мен сияқты жастарға берері мол. Себебі, мен осы жобаның арқасында үстіміздегі жылдың ақпан айында Қостанай қалалық Жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастым. Бүгінде тәжірибе жинақтап, өз кәсібімнің қыр-сырына да қанығып жатырмын. Әріптестермен жұмыс жасауды, көпшілік ортада өзімді қалай ұстауға дейін үйренудемін, олар да тәжірибесімен бөлісіп, білгендерін үйретіп, кеңес беруден жалыққан емес. Бұл мен үшін таптырмас қолдау, – дейді бағдарлама қатысушысы Гүлназ Жүсіпова.
Жалпы, биылғы жылы Қостанай қаласы бойынша 75 адамды жастар тәжірибесіне орналастыру көзделген. Ал, жыл басынан бері Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы, Қостанай қаласы әкімдігінің аппараты, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сияқты мемлекеттік мекемелерге жастар тәжірибесімен 60 адам жұмыс-қа орналасып үлгеріпті.
Суретте: жас маман Гүлназ Жүсіпова.