Медет пен Батырлан жекпе-жегі

Астананың 20 жылдығы арқау болған облыстық жазба айтыстың екінші айналымы да бел ортаға таяды. Үзеңгілестердің үздіктері сараланатын күн жуықтап келеді. Көмбенің ауылы алыс емес… Жеңістен үмітті келесі жұп та өнер аламанына өлең-жырларын үкілеп қосып көрмек. Олар – арқалықтық Батырлан Сағынтаев пен Қостанай ауданы атынан қатысып отырған Медет Байзақов. Айтыстың алғашқы кезеңінде мүдірмеген қос ақынның қайсысы қара үзер екен? Ықыласпен зер салайық, оқырман!Батырлан-Медет
 
Батырлан:
Күнә мен аман қылып күстанаңнан,
Сақтасын Қадыр Алла қысталаңнан.
Қадірін біле алмасаң бұл өмірдің,
Қамшының сабындай-ақ қысқа жалған.
Алла – бір, құран – шындық, пайғамбар – хақ,
Бабадан, міне, осындай нұсқа қалған.
Мұхаммед үмбетіне сәлем бердім,
Адаспай айтысатын тұста жолдан.
Ассалаумағалейкум, мұсылмандар,
Айырмай Хақ Тағала күш-шамаңнан,
Отыз күн рамазанда ниеттеніп,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
 
Он саусақ ойнамай-ақ перне үстінде,
Ойымды ақ қағазға мен кескіндеп,
Бал жиған арадай боп омартада,
Барымды оқырманға бермеспін бе?!
Тойында жиырма жылдық Астананың,
Жырымыз айналғандай сел-көшкінге.
Тәуелсіз елдің ғажап Астанасы,
Табылмас демесек те теңдес мүлде.
Жарылқап Жаратқаным жұртымызды,
Кеселді кезең кетті келмес күнге.
Арқасы емес пе бұл азаттықтың,
Өртеңге өркен жайып өнді өскін де.
Ендігі тілегіміз сол емес пе,
Келгенде мейман болып кем бес күнге –
Егемен елімізден бірлік кетпей,
Еркімді бермесе екен енді ешкімге.
 
Ынтымақ – ырыс болса, ақылда – бақ,
Ақылсыз жаза қоймас ақын да дат.
Ассалаумағалейкум, Медет ақын,
Біздерге ойлы оқырман отыр қарап.
Кез келіп кезеңінде жазба айтыстың,
Көркем ой жазғаныңды ел жатыр қалап.
Жазба айтыс жалт-жұлт етер сахна емес,
Тұратын айналаңнан нөпір қамап.
Ендеше, есті өлеңді біз жазалық,
Шеберден – зер, шешеннен – нақыл қалад.
Айтыстық бұған дейін бір айналым,
Жазбайын бірақ оның хақында хат.
Қызық деп олжа алғанды оза шауып,
Жолдасын жолда тастар ғапыл нәмарт.
Тартыссаң табыс үшін – кемшілігің,
Саналар жаныңдағы жақын да жат.
Айтыссаң намыс үшін, қапы қалма,
Жазуға жақсы өлеңді ақын жомарт.
Байқайын өз нарқыңды сөз парқыңнан,
Ал көсіл, ақын болсаң ақылға мәрт.
 
Медет:
Ассалаумағалейкум, мұсылмандар,
Оразада нәпсісі ысылғандар.
Қадірін ұғынып бар нығметтердің,
Ғибратты сөз тыңдап тұшынғандар.
Құбылаға бет бұрып, тілек тілеп,
Пейілін бір Аллаға ұсынғандар.
Бүгінгі Батырланмен айтысымда,
Уа, Алла, алдыменен ісімді оңғар.
 
Ақынның бір әлем ғой – бір өлеңі,
Айтыспен шыңдалады тіл өнері.
Астанаға арналған бұл айтыста,
Кестелеп көркем сөзбен гүл егеді.
Жалғанды жалт қаратып жаңа Астанам,
Өзгеріп шыға келді реңі, өңі.
Қазағымның мәңгілік жерұйығы,
Азат елдің мызғымас тірегі еді.
Қазақстан тудырып сан арыстан,
Азуын айға олар білеп еді.
Тар жол тайғақ кешуден аман өтіп,
Тәуелсіздік алған соң түлеп еді.
Ел қондырған Есілдің жағасында,
Сан ғасырлық Алаштың тілегі еді.
Мәңгілік ел қақпасын салып берген,
Астана Отанымның жүрегі еді.
 
Уағалейкүмассалам, ал Батырлан,
Өнеріңді ортаға сал, Батырлан.
Бабаларым жасынан билік айтып,
Уытты отты жырмен ханға атылған.
Жаспын деп жалтақтамай арындай бер,
Жиырмамда мен де жырмен таңды атырғам.
Сендей жаста сыналдым талай жерде,
Қорықпа, ештеңе жоқ онда тұрған.
Айтыста ақын, мешітте имам болып,
Азан айтып "Алла" деп таңда тұрғам.
Аузында жыр, қолында тәспісі бар,
Ғибратты сөз қалсын молда ақыннан.
Ағаң сені сүйрейді тартыла алсаң,
Шылбырыңды тастармын қолда тұрған.
Ал бірақ шабан аттай шаба алмасаң,
Ендеше, бөгет болып жолда тұрма.
 
Батырлан:
Шеберден қолға алмаса бөз қалмайды,
Шешеннен толғанбаса сөз қалмайды.
Теңіздей терең ойдың түп негізі,
Теңселіп тегін сөзге қозғалмайды.
Гауһардай ғибратты тізсең жырды,
Сахара сағымындай көзді арбайды.
«Шабандай шаба алмасаң бөгет болма»  –
Дегенге намыс қалай қозданбайды?!
Кім шабан, кім жүйрігі көпке әшкере,
Озалдан алмайды ма озған бәйгі.
Жаспын деп жалтақтайтын жан емес ем,
Ер жігіт еңсе түсіп ез болмайды.
Қорғанып қорқақтайтын бала емес ем,
Жігерім жерге енгендей тоз болмайды.
"Іздеген сұрағанға" деген кезім,
Байқайын өзіңізден аз хал-жайды.
Шарпысып шамаңыздың келгенінше,
Әй, Мәке, сенде енді жаз жағдайды.
Әйтпесе, маңызды ой, мәнерлі сөз
мәжілісі әр күн сайын кез болмайды.
 
Басына биік шыңның бұлт орнаған,
Қасынан жақсылардың жұрт аумаған.
Жақсының біреуі өзің деп жүруші ек,
Алдында алқа топтың жыр толғаған.
Тұрған соң көпке түсіп, кезек алып,
Сіз бенен бізге дұрыс бұлтармаған.
«Сүйрейді ағаң сені, тартыла алсаң» –
Десеңіз, сөзіңіз бе бұл қолдаған?
Жетекке жүре берер жеңілмін бе,
Тазы да сүйреп қоссаң түлкі алмаған.
«Тастармын шылбырыңды қолда тұрған» –
Дегенің көрсетпей ме тым сорлы адам.
Өзімде екі тізгін, бір шылбырым,
Сүрінсем сүйеуші елім тұр қолдаған.
Егемен Қазақстан – ұлы ОТАНЫМ,
Елімде еркімді еш жұрт алмаған.
 
Кемелдік кернеп тұрса кемеріңде,
Кем келмей табылады керегің де.
«Айтыста – ақын, мешітте – имаммын» деп,
Айтылып айқындалды дерегің де.
"Алла" деп азан айтсаң айтыста да,
Өнеге болу керек өлеңіңде.
Кең ойлы кеңес күттім «молда ақыннан
Сөз қалсын ғибратты» дегеніңде.
«Аузымда – жыр, қолымда – тәспім бар» деп,
Асқардың тұрғандайсың бел, өрінде.
Өлеңің өз-өзіңді мақтау болса,
Белгісіз енді сізге сенерім де!
Өзіңді мадақтаудан аспай жатсаң,
Өзгеге ғибрат қып берерің не?
 
Медет:
Алла деп сөз бастауды ұнатыңдар,
Сөзіңді періштелер, сірә, тыңдар.
Адамға ұл атанып жүргеніңмен,
Бәріңнің де Аллаға «құл» атың бар.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,-
деп айтқан ұлы Абайда мың ақыл бар.
Қалдырған ғибратты ғазал жырлар,
Шәкәрімдер – «құдайшыл» ұлы ақындар.
«Бір Аллаға сыйынбай» сөз бастамас,
Ыбырай мың жылда бір туатындар.
Мәшһүр Жүсіп – қазаққа мәшһүр ақын,
Дін жайлы айтса, тілінде тұнатын бал.
Ағаңның созған қолын кері қақсаң,
Ендеше, шылбырыңа шұбатыл, бар…
 
Болдым-толдым дегенің – бөскендігің,
Батырлан, осы ма еді өскендігің?
"Молда ақын" деп несіне мысқылдайсың,
Қайта жанып жатқанда өшкен күнім?
Ұстанған сақта салтты, ғұн да ғұрыпты,
Ұрпағымыз кешегі көшпендінің.
Тәуелсіздік тұсында айрылмаспыз,
Өркениеттің өріне ілескенде ілім.
Әлеммен бейбітшілік келісім боп,
Танытты көңілінің дос, кеңдігін.
Зайырлы мемлекет болғанменен, 
Исламның көргем жоқ еш кемдігін.
Әл-Фараби, Яссауи, Баласағұн –
Бұлар барда қалмаған көштен дінім.
Батырлан, бұл өмірдің өкініші –
Артымызда қалмауы еш белгінің.
Жер-бесікке барғанша ілім ізде,
Ақиқат, ғадауатты шешкен білім.
Діндегі бес парыздың, тым құрыса,
Қайсысын ұстап жүрсің бестен бірін?
 
Батырлан:
Әй, Мәке, болмаса да жырың нөпір,
Қалатын жан емессің түбінде құр.
Сұрасаң бес парыздың жайын бізден,
Ізгілік жолы болмас ініңде тұл.
Парыздың иман қылу басы болса,
Арылмас дұғасынан бүгінде тіл.
Иншалла, әлімсақтан мұсылманмын,
Кәлима айтқан оған тілім кепіл.
Жалғыз деп Жаратқанға құлдық ұрған,
Дінімнің шын айғағы ділімде тұр.
 
Зекетті бір парыз деп ел беретін,
Айтайын түсіндіріп елге ретін.
Айлығы шайлығынан аспағанның,
Байлығы басқалардан кем келетін.
Нисапқа жететіндей мал-мүлкім жоқ,
Ынсаптан адам пейілі жөнделетін.
Бір ғана жұбанышым бойымдағы –
Білімім байлықпенен тең көретін.
Оқыған бар ілімім елге арналды,
Осының білмейсің бе сен де ретін.
Зердемнен шыққан ілім жетсе көпке,
Зекетім сол емес пе мен беретін!
 
Иманмен болса егер сауап терген,
Жаратқан орын берер жәннәт-төрден.
Қажы боп Қағба айналған құлшылықты,
Бірі деп бес парыздың санат берген.
Біздерде бар ма шама оны орындап,
Тәлбия оқып жүріп тауап көрген.
Біз түгіл сіз де қажы барған жоқсыз,
Имамсыз айтып азан, қамат көрген.
Бірақ та қапы қалған болмас тағы,
Бақида фәни үшін жауап берген.
Хадисін ескерерсің пайғамбардың,
Қалмайды жасырынып сауатты ерден.
Қалмастан жұманы оқып жұмла жанмен,
Болсаңыз көңіліңді қарап бөлген.
Құдайдың құдіреті мол – жұмаға да
Қажылық өтегендей сауап берген.
 
Құранның оқу үшін ашса жүзін,
Адалдық қылған дұрыс басқан ізін.
Сынағы болған шығар бізге деген,
Сұрады исламның бес парызын.
Шамамның келгенінше жаздым жауап,
Қалдырмай сұрағын құр, босқа арызын.
Өзегі қуыс пенде бұл адамзат,
Бар екен құдайға да қос қарызым.
Және де шүкір дедім Жаратқанға,
Жүргем жоқ орындамай еш парызын…
 
Өмірде жүріп түзу жол, бағытпен,
Танылдың жыр-жолында жорғалықпен.
Арналған Астанаға бұл айтыста,
Өлеңді тақырыпқа арнадық кем.
Жарайды, ол кемшілік емес шығар,
Жырменен діннің жайын толғадық кең.
Дегенмен ел айтысқа шығарғасын,
Демігіп отырмайық тар қалыппен.
Ер қайтпас тарықса да айтқан сөзден,
Әуелде айтыс шартын аңғарып па ең?
Басынан имаммын деп бастап едің,
Біздерге қарадың ба бар қауіппен.
Өзіңе орайлыға, қолайлыға
Бұрғанға таңданамын таң қалып мен.
Ақындық танытатын тұста тұрып,
Айла ғып жеңбекпісіз молдалықпен?
 
Медет:
Көп еді айтатыным тыңдасаңыз,
Көзіңіз ақиқатқа жұмбасаңыз.
Өлеңнен зекет беріп жүрмін дейсің,
Шынымен елдің мұңын жырласаңыз.
Зекет берер дымым жоқ деп отырсың,
Құдайға алақан жай, құрғасаңыз.
Жөн болмас парыз болған қажылықты,
Жұмамен өтедім деп бұлдасаңыз.
Тіліңді кәлимаға келтіріпсің,
Бәрекелді, бауырым, мың жасаңыз.
Оразаңды қалдырсаң қаза қылып,
Жаратқанға боларсың жылда қарыз.
Қайдан қабыл болады тілегіңіз,
Ниет қып таң намазға тұрмасаңыз?
Екі дүние бақытын көру қиын,
Исламға мойынды бұрмасаңыз.
Даңдайсып ақыл айтып кетті деме,
Мұсылманға жөн сілтеу – бұл да парыз.
 
Екеуміз ерегеске барыспайық,
Қияға қол ұстасып қарыштайық.
Ернұр мен Марғұланның айтысындай,
Шабысып, беттен алып жарыспайық.
Кетпесін сыйластықтың сиқы қашып,
Шайтанның уәсуасынан алыстайық.
Финалға өтіп жатсақ Алла қалап,
Қаламын отты жырдың тағы ұштайық.
Кезегін көп сөйлемей жазба айтыстың,
Бағила, Нұрғанатқа табыстайық.
 
Батырлан:
Жақсылық жолығар деп абат таңнан,
Інің ем ізгілікке талаптанған.
Өлеңмен зекет бердім демеп едім,
Өренмін ілім іздеп қанаттанған.
Жұма мен қажылықтың жазсам жайын,
Сөз еді сауатпенен сарапталған.
Жұмамен өтедім деп бұлдау емес,
Хабарды бергенім бұл бар ақпардан.
Иншалла, сәждеге де бас қоярмыз,
Жан едім жақсылардан сабақты алған.
Жер беті жайнамаз боп жаралғанмен,
Бір күні қапылыста қалад жалған.
Жаратқан мейірімді, кешірімді,
Әркім де үміттенер жәннат, хордан.
Әй, Мәке, өзіңіз де білмейсіз бе,
Бір жансыз имам деген санатты алған.
Үмітсіз ұжымақтан шайтан ғана,
Үзуге болмайды үміт Жаратқаннан.
 
Кез болса қадіріңді мен кеміткен,
Аса алмай жатқаным-ау пенделіктен.
Көп қайрат көкірекке тоқтай алмай,
Кетуші ем кейде өрекпіп өр болып мен.
Ішінде аз ғұмырдың абайламай,
Артық сөз айтқанымда мен желікпен,
Танытып кең пейілді кешірерсіз,
Деместен «сыйластығы кем неліктен?»…
Тілекпен тамам етсем сөздің соңын,
Игі іс қой мен де күткен, сен де күткен.
Жетпесін жаманшылық жанымызға,
Кетпесін бақ-береке елге біткен!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓